18.04.2022
  139


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҰҚАҒАЛИДЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ


І
Есіңде ме өзіңмен тілдескенім,
Тілдескенім,
Құйын боп жыр кешкенім?


Сен болмасаң өмірге жыр боп енген
Мен бүйтіп жүрмес те едім.
Дер кезінде от шашқан жетті өлеңің,
Қайта түлеп, жаңғырып кетті әлемім.
Қой бағар ма ем әйтпесе жайлау барып,
Ерттеп мініп атамның көк дөненін?
Отар қой мен атам да былай қалып,
Жүре берді көз алдым шырайланып.
Жақсы жырдың буына мас болдым ба,
Басым әлі, япыр-ай, тұр айналып.
Дүниенің сұмдығын айыптаған,
Айыптаған және де байыптаған, –
Жақсы екен-ау, о, Мұқа!
Соның өзі –
Жақсы жырдың буынан айықпаған.
ІІ
Жас тауларды шұбыртып қасына ерткен,
Аға едің-ау жаралған жасын, өрттен.
Іле өзенін өңгеріп кете барған
Өлең-жырда Жайық ең тасып өткен.
Жалт бергем жоқ көргенде тайып беріп,
Бірде үйіме шақырдым... айып көріп.
Сен үйіме кіргенде
Көп қуандым
Жайғасқандай төріме Жайық келіп.
Реті келіп сол күні бір малдың да,
Артып тұрған шағы еді жыр-балдың да.
Ат басындай жүрегім бар жаныммен
Неше алуан жүзім боп тұрды алдыңда.


Құштың мені кетерде құшаққа алып,
Сен аға,
Мен ініңе ұқсап қалып...
Шыңға айналып кенеттен тұра қалдың
Біздің үйден сен былай ұзап барып.
Кірпік ілмей боз таңын сан аттырған,
Мен де інің ем жырыңды жарақ қылған.
Алатауға қарасам,
Сені көрем
Тереземнің тұсынан қарап тұрған.
ІІІ
Айналаңа көз тастап, көңіл бөліп,
Жүріп пе едің өзіңді темір көріп...
Кім айтады өлді деп сені, Мұқа,
Жүрген кезде өлеңің өмір беріп?!
Келіп тұр ма тағы да сайрандағың,
Өлең-жырың көк жасыл жайған бағың.
Кім айтады өлді деп сені, Мұқа,
Өлмесе егер жыр деген пайғамбарың?!





Пікір жазу