18.04.2022
  110


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРА СОЙЫЛ

Дүниеге келіп пе ең қара ақпанда,
Тағдыр солай сені әлде жаратқан ба?
Әй, Оразбай, не түсті
Ұлы Абайды
Тобықтыны жиып кеп сабатқанда?
Жалғыз дана сол еді,
Таптың ба опа
Арпылдаған көп итке талатқанда?
Қорлық көріп өсіп ең қай дарыннан,
Жан болдың да жел ескен айдарынан, –
Көп жанықтың алайда
Абайдайын
Айырмақ боп қазақты айбарынан.
Жаулық ойлап Абайға аттанғанда,
Қарғыс қана алып ең ақ таңнан да?
 Сойыл сілтеп ақынға,
Сақ-сақ күліп,
Кейін, бәлкім, боларсың мақтанған да?
Қай кезде де,
Жарқ етіп өтер демде,
Жақсылардың түбіне жетер пенде.
Тарих саған жаза артып қойған еді,
Абайға алғаш сен сойыл көтергенде.
Өзіңе енді жақын тұт, жақын тұтпа,
Белгілі еді қашаннан нарқың жұртқа.
Қалдың, міне, тарихта қара сойыл боп
Жауыз оймен сілтенген ақындыққа.
Ал қазір ше?..
Көрінсін кім бөтен боп,
Қыстауыңды алған-ды жұрт мекендеп.
Кейде бірақ ойланам
Арамызда
Оразбайлар әлі де жүр ме екен деп.





Пікір жазу