АҚАН СЕРІНІҢ ЕЛ АҒАСЫНА ШАҒЫНУЫ
Ағысы өлген өзен бе ем толастаған,
Толастаған және де жар аспаған?
Сен болмасаң бұл күні
Кім бар мені
Жерден, көктен... бәрінен аластаған.
Орныға алмай өмірдің қақ төрінен,
Семсер ме едім мен әлде қақ бөлінген?
Өжет тілді ақын ем,
Жан болдым ба
Достарының барлығы жат көрінген?
Бірің пенде болғанда,
Бірің “құдай”,
Жүре алам ба жер басып бұрынғыдай?
Шырылдамай тұра алам мен қалайша,
Шаштан алып сүйресе жырымды ұдай?
Қасірет, мұң –
Жинаған мүлкім бе еді,
Мүлкім бе еді,
Көңіл де кілкілдеді.
Өзің сынды азамат көп болса егер
Менің былай болуым мүмкін бе еді?
Жанарында от шашқан нұры қалып,
Біреулердің жүр, әне, қыбы қанып.
Шырылдаған шындық ем,
Зұлмат жандар
Лақтырды ғой, ағасы, жұлып алып.
Ұнап қарық қылмадым, ұнамай да,
Көз көрмеске кетемін – Құла қайда?!
Мыңды қайтіп жеңемін,
Тапты ма опа
Мыңмен жалғыз алысқан ұлы Абай да?!