ШЫНДЫҚ
Біреулер кеп,
Буғанда жыр көмейді,
– Ашылма, – деп кеудемді түймелейді. –
Шырылдаған Шындықты бетке айтам деп,
Құрып кетіп күні ертең жүрме, – дейді.
Қан тулатқан білмеймін шабыттан ба,
Қу тіршілік кигізген қамыттан ба?
Кейде айтқым келеді бәрін... бәрін,
Сескенбей де қорықпай тамұқтан да.
Жаратылған жан болып тақыл еттен,
Көп жақсылық көрсем де халық, көптен.
Ата Шындық іздеген тау жүрегім,
Біле білсең, мені де ақын еткен.
Әлденеден жабысқан беріш нелер,
Күйзелгенде мұңымды бөлісті өнер.
Адамдардан тазалық мен іздедім,
Бұрын-соңды елестеп періштелер.
Шындық қымбат қашаннан алтыннан да,
Айтпауға оны алайда хақым бар ма?
Қаншама жыл көлгірсіп ғұмыр кештік,
Ұят демей туған ел, халқымнан да!
Дүкендерде сатылмай арақ көптен,
Күшейген де жоқ шығар талап тектен.
Арамызда зұлымдар жоқ деймісің,
Шаштан сүйреп Шындықты сабап кеткен.
Айласы көп бір өзін қатпар көріп,
Жайғасқандай сенімді атқа берік, –
Келді, ендеше, қанша жан қоғамды алдап
Жалған сөйлеп,
Өтірік акпар беріп?
Арман – мұңды кезінде елге де ашпай,
Тұрып қалдық тағандап, өрге баспай.
Жер бетіне Шындықты сепкен жақсы,
Ойға-қырға сүйрелеп желге шашпай.