18.04.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚИРАҒАН ЕСКЕРТКІШТІҢ АЗАСЫ


Арқа сүйер артымда халқым барда,
Көңіл, шіркін, қайғы ойлап салқындар ма?!
Сексенге кеп серейіп көз жұмсам да,
Айрылмаған жан едім нарқымнан да.
Күндерімнің нұрынан қуаттанып,
Елге жетсем шұғыла, шуақты алып, –
Азаттықты аңсаған
Ұран салып,
Атқа қонған бар қазақ құлақтанып.
Қан да төктік сол жолда, жан да бердік...
Орнады елге Бейбіт күн тұрақтанып.
Көз жіберсем сол жылдар жалғасына,
Жүгіріппіз ұмтылып алға асыға.
 Шойын жол боп тартылып,
Төс те боппыз
Бесжылдықтың соғылған Балғасына.
Одан бері Батыстан өрт тұтанып,
Аңыраған оқ ұшты көкті жарып.
Ажал боп та, қаһарлы аяз боп та
Бүкіл елді, жүректі өтті қарып.
Сонда жаудың шүйіліп төбесінен,
Қақырата сөктік-ай көбесінен.
Самолеті оққа ұшып қырғауылдай,
Суға батты сұм жаулар кемесімен.
Қай жауға да сүңгіні салдық толғап,
Қара бұлт боп аспанын алдық торлап.
Жер жастанып қынадай қырылсақ та
Болашақты,
Ұрпақты қалдық қорғап.
Сол соғыста өтпеді күнім текке,
Мақтана алам жеткенше тілім көпке.
Жеңіс болып оралдым мен де еліме,
Ол жаудың да ұшырып күлін көкке.
Аман-есен оралып тұрағыма,
Еңбек сауған айналдым бұлағына.
Жарық болып енсем деп
Және айналдым
Шамы сөнген үйлердің шырағына.
Маңдай термен ырысым мың көктеді,
Терім құрғап, маңдайым бір кеппеді.
Құрметтедім елімді,
Ел де мені
Азаматым,
Ерім деп құрметтеді.
 Жорта сүйреп өтсем де басымды өрге,
Көрсетпедім тірімде жасымды елге.
Көз жұмғанда жұрт болып
Сүйегімді
Қойды әкеліп арулап жасыл белге.
Өзін ерен көрсетіп сынақта да,
Серттен таймай жүрген деп жырақта да, –
Мәрмәр тастан қашалған мүсінімді
Және орнатқан ел болып бір аптада.
Туған елдің бейнемнен мін тақпаған,
Кезі бар ма кеудеме гүл тақпаған.
Төрт-бес бала соқты-ай кеп лом темірмен
Көзі аларып, мойыны бұлғақтаған.
Үлгермедім еліме есеп беріп,
Кете бардым шарт сынып, кесектеліп.
Есек артық бұлардан деп ойладым
Біреулерді жүрсек те есек көріп.
Кім жол берді осынша есіруге,
Жер бетінен айналды өшіруге.
Қарағанда бұларға
Болады екен
Иттердің де иттігін кешіруге.
Пері де өлген заманда, сайтан да өлген,
Өніп-өскен зұлмат па қайқаң белден?!
Аруақты қорлаған, мазақ еткен
Бұндай сұмдар, ойпыр-ай, қайдан келген?!
Жұлдыз жанбас десек те сөнген көзде,
Не пәлекет көремін өлкемде өзге.
Даң-дұңы көп беймаза ғасырдан ба,
Тыныш та жата алмадық өлген кезде?!





Пікір жазу