18.04.2022
120
ВОЛОШИН ЗИРАТЫНЫҢ БАСЫНДА
Ірісің бе,
Жоқ әлде көптің сен де бірісің бе?!
Түрлі-түрлі құпия жатқан жоқ па,
Жұрт күтпеген осынау түрлі ісіңде.
Бірақ кейде
Өлген соң да елене қоймайды онша
Жақсылық көрмегендер тірісінде.
Қойдың ба естен
Сен болсаң танбасыма,
Таудың өзін салыпсың жамбасыңа.
Елің сені жерлепті
Тірілердің
Көбісі шыға алмаған тау басына.
Ақ желең жел сол тұстан есіпті ерен,
Дәурен болып көгіңнен көшіпті өлең.
Тау басында қабірің тұрған болса,
Қабіріңнің басына өсіпті емен.
Қайта жағып жұлдызды көктен өшкен,
Самал болып жүзінен көктем ескен, –
Қабіріңнің басына өскен емен
Шығар, бәлкім, жаныңның азаттығы
Тесіп шығып мүрдеңді көктеп өскен?!
Күн шуағын ол-дағы жиыпты өтіп,
Болды, әйтеуір, жүрмесе күйіп кетіп.
...Биікке өзің жерлену арқылы да
Тұрсың, міне, ел рухын биіктетіп.