18.04.2022
  220


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРА ДАГ – ҚАРАТАУЫМ МЕНІҢ

Асқарында ақша бұлт мамырлаған,
Көк ала бұлт көгінен жаңбырлаған, –
Бар десеңші қаншама Қаратаулар
Жұмыр жердің төсінде дамылдаған?!
Сәлем бермей Қаратау атамызға.
Бостан-босқа осылай жатамыз ба?!
Қырымда да Қаратау бар екен-ау,
Келе жатқан айналып аты аңызға.
Көк ала бұлт түспеген жетегінен,
Шың-құздарын қашанда жеке мінген, –
Қара Дагды ұғарсың Қаратау деп
Жағасынан теңіздің көтерілген.
 Аңғар да көп бұл тауда шатқалданған,
Әрбір тасы оқ болып жатқа арналған.
Көкірегінде шежіре жатыр қанша
Жақпар-жақпар тастар боп қатпарланған?!
Сағынышын сары алтын мұра көрген,
Омырауынан жосылып бұлағы өрген, –
Қаратаулық туысым шығар, бәлкім,
Қара Даг боп алдымнан шыға келген?!





Пікір жазу