meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  18.04.2022
  240


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛТЫН ҚАҚПА

Көрмек болып жандарға жақын барған,
Тас мүсінсің тіл қатпай салқын қалған.
“Алтын қақпа” дегенде,
Мына сенің
Түйір тасың және жоқ алтындалған.
Айналайын алайда есіміңнен,
Алтын алқаң қайда әлгі төсіңе ілген?
Әр нәрсеге өзіңді ұқсатады
Әрі-бері өткендер есігіңнен.
 Кейде шырқап, кей сәтте бұлаң қағып,
Қонса қонар құзыңа қыран барып.
“Алтын қақпа” аталып тұрған сенен
Мен де оралдым өзімше сыр аңғарып.
Ырыс кетпей көк аспан – түндігінен,
Қалай тұлға болады күнде үгілген.
Теңіз суы аспаған тізесінен,
Кімсің, жаным, жұлынған кіндігінен?
Жанар оты жарқылдап шоқтай жанған,
Ақ шағала – арманы көкті айналған, –
Сірә, алып боларсың
Теңіз суын
Кешіп барып әудем жер тоқтай қалған?!





Пікір жазу