18.04.2022
  100


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРА БОЛЫП ТУСАМ ДА...

Қайғы шеккен, мұң шеккен тұл өңірде
Өмір болып соғып тұр жүрегім де.
Қара болып тусам да мен анамнан,
Қара бет боп қалмадым бұл өмірде.
Баладаймын көңілі далаға ауған,
Рухын іздеп шарқ ұрған дара таудан.
Қара болып тусам да мен анамнан
Арым таза ақ қардай жаңа жауған.
Ұмтылғанда ұрандап жауға ашына,
Талай түсті сақина сау басыма.
 Қара деме мені енді,
Шашымды көр
Шөгіп қалған ақ бұлттай тау басына.
Тағдырға ерте бұл менің қызынғаным,
Ерітпек боп сірескен мұзын, қарын.
Қара деме мені енді,
Өзгелердей
Буырқанған менің де қызыл қаным.
Қасіретті бергесін үйіп-төгіп,
Көрінеді өмірің ұйық болып.
Қаралықтан күйсем де кей жерлерде,
Елге бірақ жүрмедім күйік болып.
Өз елімді сормаңдай халық көріп,
Бергем кейде бір дәнді жарып, бөліп.
Қара болып тусам да
Кетсем деп ем,
Қараларға Ақ Өмір алып беріп.





Пікір жазу