18.04.2022
  103


Автор: Рафаэль Ниязбек

БОЗТОРҒАЙ ЖЫРЫМ – ШЫНДЫҒЫМ


Жағу да қиын пендеге
Жаралған небір жырынды.
Ашынбайын мен неге
Жұлмалап жатса жырымды.
Жендеттің шеңгел қолында
Шыңғырып жырым жатқанда, –
Өлмейін неге жолында
Шайқасып сұммен ақ таңда.
Жендеттер барда өлеңім
Оққа ұшпай, сірә, қалған ба?
 Жарқырай қоймас өнерім
Темір тор құрған жалғанда.
Сәби-жыр солай ержеткен
Тағдырдың көріп сұмдығын.
Өңірін әнмен тербеткен
Бозторғай жырым – шындығым.
Көрдім ғой талай сұмдықты,
Жайымды со бір кім білер.
Атуға құмар шындықты
Дүмбілез туған дүмділер.
Бір жерден, сірә, шығармын,
Тік мінез жанмын өзім де.
Иілмен,
Сынсам сынармын
Дөңбекшіп дүние көзімде.





Пікір жазу