18.04.2022
  103


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТӨЗ ДЕЙСІҢ-АУ

Төз дейсің-ау,
Қайтемін төзбегенде,
Не бар дейсің төзімнен өзге менде.
Құлашымды тым еркін жаза алмадым
Жүзіп жүрген балықтай жез легенде.
Төз дейсің-ау,
Қайтемін төзбегенде.
Жүрсем мынау тірлікті шырын көріп,
Тозақ екен, жүр бақыт қырын қонып.
Сол сұмдықты айтпақ ем,
Сөйлетпеді
Көмейіме біреулер тығын болып.
“Кетсең-дағы айналып шың шынарға,
Үн шығарма, – дейді олар, – үн шығарма.”
Тулап бердім мен сосын...
Тулайды ғой
Балық екеш балық та тұншығарда.
Кандалаға талатып, бүргесіне,
Тықты апарып мені олар түрмесіне.
Анголаның өксігі тұрды естіліп,
Түрме-өмірдің соғылып іргесіне.
Мұндай шақта тартатын бірден өрге,
Бұғалыққа булығып жыр көнер ме?!
 Сонда да олар қаншама салды азапқа,
Түрмелерден жөнелтіп түрмелерге.
Жұлдыздармен жұлдыз боп көп теңесіп,
Тұрды арманым сонда да көктеп өсіп.
Ол – мен едім!
О, халқым, саған қарай
Түрмелерден тұрса егер көктем есіп.





Пікір жазу