18.04.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛІМЕ

Өрт түсірмей елімнің өзегіне,
Арна болып тартылдым өзеніне.
Көктем болып жүгірдім қарсы алдынан,
Көкжал болып қарамай көжегіне.
Араласып ардагер ел ісіне,
Төгіп өттім нөсер боп егісіне.
Желбіреген туы боп тұрмасам да,
Желі болып тартылдым жемісіне.
Жамандықты шығармай көз ұшына,
Қара жердің тықсам да қонышына, –
 Қодарына Қозы боп мен қарадым,
Қанжар сұқпай Қодар боп Қозысына.
Маған бауыр, дос іні,
Дос аға да,
Олар барда көңілім босаған ба?!
Төбесіне көтерген Төлегенін
Бекежан боп тоспадым Қособада.
Жұлдыз шашып қараңғы түндеріне,
Жарқын жүзбен қарадым күнде еліме.
Жүрмесем де пірі боп,
Бірақ, бірақ
Қанден болып үрмедім пілдеріне.
...Түлкі үмітке алданбай бұлаңдаған,
Қыран жаным көгінде шығандаған.
Елге деген кіршіксіз көңілім ғой
Ақша бұлты
Әне, бір қылаңдаған.





Пікір жазу