СОҒЫС ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР АТЫНАН
І
Тартылғанда ол кездің күйі күшпен,
Сүйініштен тұрдың ба, күйініштен.
Туғанымыз бірақ та анық нәрсе
Алауына соғыстың күйіп іштен.
Туған жердің барлығын қоныс көрген,
Арманымыз алайда тоғысты елмен.
Соғыс көрген жауынгер болмасақ та
Мұң-қайғымыз бар біздің соғыс берген.
Жалғап тұрып бүгінгі күнді ертеңге,
Айналамыз біз әлі гүлді өртеңге.
Іште жатып алайда кем көрмедік
Әлеметін соғыстың кімдерден де.
Шара бар ма,
Қасірет тұрса алдыңда,
Талай сұмдық кешерсің гүл шағыңда.
Басталыпты сұм соғыс
Мына біздер –
Анамыздың жатқанда құрсағында.
Не сұмдықтар болмады!
Қай тұтқаға болды, айтшы, тірек пенде,
Жамандықтың қашанда үні өктем бе?!
Күндер өтті ызғарлы түнектен де,
Жылу кетті, ойпырма-ай, жүректен де.
Ей, қасірет!
Көсегең көгере ме
Адамзатты осынша жүдеткенде.
Әкемізді құрбан боп кетер деп пе ек
Бау-бағына өзінің гүл еккенде.
Жүрегіміз шошынды қоса біздің
Анамыздың жүрегі дір еткенде.
Іште жатып біздер де бұғындық-ау,
Төбемізден темір құс гүр еткенде.
Көк нөсерге кеудесін жүрген ашып,
Жігіт болып өссек те гүлге аунасып.
Қанымыз да сан мәрте көтерілді
Анамыздың қанымен бірге тасып.
Қаралы үйге бергенше астық бөліп,
Жүрді төзіп бәріне жастық көніп.
Мың бұралып жаттық-ау құрсақта біз
Қаққан кезде есікті аштық келіп.
Тұл тірліктің арбасын айдағанда,
Өз өмірін анамыз ойлаған ба.
Тілі қоса байланды
Шара бар ма,
Жоқтық келіп қолдарын байлағанда.
Ойды бөліп қайтемін, сөзді бөліп,
Соғыс бұлты бәрін де кезді келіп.
Сорлап біз де, ойпырмай, жатпадық па,
Сорасы аққан сормаңдай көзді көріп.
Бұл емес деп болашақ бала күткен,
Бұл емес деп көк нөсер дала күткен, –
Аруана Өмір боп тұрды сонда
Омырауынан сүт сауған Ана біткен.
Ұрпақ дейтін ұранды бағы барда,
Олар, сірә, тәңірге табынар ма.
Жүрген жоқ па алдында құрақ ұшып,
Жаны жайсаң жақсы да, жабылар да.
Сойқаныңның қайта өзін талқандайды
Бура мінез булығып шабынарда.
Өрттен аман шықса егер
Арда жүрек
Анамызға қайсарлық дарыған да.
Қалшылдадық біздер де
Қырғын жылдың
Суықтары өн бойын қарығанда.
Содан, міне, жылаудан көз қақталды,
Сан қырқаға даусымыз боздап барды,-
Соғыс деген аждаһа жылым болып,
Тұңғиығына жұтқанда боздақтарды.
Қырық жамау көңілін құрап келген,
Жаралы ел бізді сонда бұлақ көрген, –
Бұлақ көрген, жайқалған құрақ көрген, –
Майданда өлгендерге жоқтау айтып,
Дүниеге біздерді жылап келген.
Иә, біздерді маздаған шырақ көрген,
Және Өмір деп ұғынған шуақта өрген.
Майданда өлген көк өрім боздақтардың
Бодауы ғып ел-жұртқа бір-ақ берген.
Дүниенің ендігі бар тірегі
Осылар деп түсінді –
Қырғын жылы
Дүниеге біздерді жылап келген.
Аунап түсіп оқыста құранды ерден,
Сан мың арман сол жолы құлады өрден.
Бір-бір алау өмір боп біздер бірақ
Шыға келдік түрегеп құба төрден.
Іші, сірә, жылысын жатқа кімнің,
Жетегінде кетпесе қатпа мұңның.
Біз едік қой –
Ең соңғы сәулесі де
Көкжиекке алаулап батқан Күннің.
Тауқыметін тартсақ та мың азаптың,
Көз жазбадық өзінен шын ғажаптың.
“Құтты қонақ келгенде қойы егізден
Табатыны” мәлім ғой бұл қазақтың.
Сол сияқты, оу, жұртым, сол сияқты,
Жаққанда Ана біздердей мол шырақты.
Заманалық жеңіске бастайтұғын
Кеудемізден керемет жол шұбапты.
Жол шұбапты –
Өн бойы тастай мығым,
Заманалық жеңіске бастайтұғын.
Түн-түнектің шекпенін бір-ақ серпіп,
Бір-ақ серпіп кейінге тастайтұғын.
Елдің солай тыйылған зарлы жасы,
Көтеріліп қайтадан қарлы басы.
Сондықтан да мына біз!
Мына бізбіз –
Жеңіс құстың алғашқы қарлығашы.
Біз туғанда
Көк жойқын тасқын ала
Бір-біріне жүгірді дос қуана.
Өйткені біз Қаратау ұлы күшпен
Маңдайына соғылдық жаудың барып
Қалған кезде жақындап Москваға!
Бура бұлтын жетелеп зеңгір көктің,
Ту көтерген өзі боп ер жүректің.
Жауға атылдық –
Бар жерде тығын болып
Өңешіне оқ құсқан зеңбіректің.
Төбесіне қара бұлт төнгенде елдің,
Бұл қорлыққа қай-қайсы көнген бе ердің?!
Ата ерліктің сомдалған нар тұлғасы –
Брест Қамалынан
Түрегелдік рухы боп өлгендердің.
Соғыс, соғыс!
Көз жазбай тірегінен,
Өлім сеуіп тұрғанда түр-өңінен.
Ленинградта тұрдық біз жас Өмір боп
Қуат алып ғаламның жүрегінен.
Тастардай боп төңкеріп көк даламды,
Тілеп еді, әнекей, оқ-боранды.
Ақырында не болды?!
Жырынды жау
Сталинград түбінде отқа оранды.
Орындалмай сұм жаудың армандары,
Өрт құшқанда құсалы ормандары.
Қасіреттің тартылды белбеуі боп
Өз жерінде қырылып қалғандары.
Төбесіне қара бұлт төнгенде елдің,
Бұл қорлыққа қай-қайсы көнген бе ердің?!
Қолдарында ту болып желбіредік
Майдангерлердің –
Сұм жауын жеңгендердің.
Өр дауысың болсақ та дала тұнған,
Қуат алып өссек те қанатыңнан, –
Уа, халайық!
Біздерге бір қарап өт
Бірге өзімен жеңісті ала туған!
ІІ
Өмір күліп жүреді –
Қанатында нұр жарықтың.
Өлім жортып жүреді –
Қабатында сұм шарықтың.
Көк орманын құрыш қол күзетуде
Көсегесі көгерген бұл халықтың.
Не көрмеді нар халқым тұл шағында,
Талай қалды тұралап құм, шағылда.
Батыр халқым алайда мұң шағын ба?!
Жер бетінде сендей ер жоқ та шығар
Қарсы жүзген қасқайып мұнша ағынға.
Қырық жылға созылған қырғын болсын
Халық-өмір бәрібір ортаймайды
Өмір жүріп жатқанда құрсағында.
Адам өлер,
Өлмейді Өмір бірақ,
Маздап жанған құзарда ол – бір шырақ.
Құйын соққан кей шырақ сөнгенменен,
Сөне қоймас алайда Өмір-шырақ!
Адам өлер,
Өлмейді Өмір бірақ,
Таудан, құздан құлаған ол – бір бұлақ.
Бұлақтардың көздері бітелгенмен,
Сарқылмайды алайда Өмір-бұлақ!
Не көрмеді нар халқым гүл шағында,
Талай жүзді кемесі мұң-сағымда.
Бұзып – жарып өтуден таймайды әлі
Қарақшы елдер қол жиып тұрса алдында.
Қырық жылға созылған қырғында да
Халық-өмір бәрібір құрымайды
Өмір жүріп жатқанда құрсағында,
Өмір жүріп жатқанда құрсағында!