17.04.2022
  318


Автор: Рафаэль Ниязбек

МУЗЕЙДЕ

Қай-қайда да құлашын сермеп көрген,
Көкірегін қуаныш кернеп келген.
Жолаушы боп
Музейге жетіп бардық
Сан алуан бояумен өрнектелген.
Ғаламатты көрмеп ек көптен бері,
Осында екен қазақтың көк пен жері.
Бәрі тұр ғой, ойпырмай, бұл музейде
Халқым асқан қия асу,
Өткелдері.
 Кешегісі,
Бүгіні,
Өткендері.
Көз алдыңда бәрі де жайнап тұр-ау,
Қысы,
Жазы,
Күзі мен көктемдері.
Мына тұрған гауһар тас текшеленген –
Замандардан заманға көшкен өлең.
Бұрынғының қыздарын еске салар,
Мына орамал жиегі кестеленген.
Жер бетіне мөлдіреп көл тұнғалы,
Өтті-ау ерлер өмірден не тұлғалы.
Серілікке жөнердей бастап ала
Серілердің мына бір ер-тұрманы.
Енді, сірә, тумас та қамшы алар күн,
Туса егерде атойлап қарсы ағармын.
Қара семсер, алайда, мына тұрған
Қолдарынан келді өтіп қанша адамның.
Майдан көрген кезінде, ұрыс көрген,
Жебе мынау –
Табылған құныс белден.
Батыр мінген тұлпардың
Мына жұрнақ
Құйысқаны секілді күмістелген.
Күтіп жүріп кеудеге өрт толғанын,
Жүректерден тұрғызған кек-қорғанын.
Дулыға да айтып тұр
Қазағымда
Жаугершілік заманның көп болғанын.
 Өз бетінен замана өшірмеген,
Қателік көп,
Нар халқым кешірмеген.
Мына сурет –
Білсеңіз кезді айтып тұр
Үстерінен көк сауыт шешілмеген.
Жамбасымен еденді шынтақтаған,
Тас диірмен мынау тұр –
Үн қатпаған.
Ағараңдап алыстан көз тартады
Бұжыр жүзін ақ тозаң – құмға аптаған.
Заманында бұл шіркін бидай түгіл
Тасыңды да майдалап ұнтақтаған.
Заманында тағдырдың сыйын көрген
Диірмен бұл –
Табылған сүйір дөңнен.
Қазақ халқы тегінде бидай сынды
Аман шыққан осындай диірменнен.





Пікір жазу