17.04.2022
  136


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨКТЕМ БҰЛТЫ

Айтбай Назарбековке
Баурайында көк шалғын –
Нұр тасытқан,
Абыз жүрек ағасың шыңға шыққан.
Көктем бұлты сен едің көгімдегі
Мойынқұмның шөліне,
Құмға асыққан.
 Тек жақсылық жазылып маңдайыңа,
Көз жіберіп даланың шалғайына.
Қарамадың үлкені... қандайына.
Тіршіліктің бәріне шөліркеген
Тамып өттің тамшы боп таңдайына.
Сондай шақта алдыңнан самал есіп,
Шыға келді бір күнде бағаң өсіп.
Оңтүстіктен басталған нұрлы көктем
Мойынқұмға барғандай саған көшіп.
Жалын кешкен қос көзің шоқтай жанып,
Шатырладың кей-кейде отқа айналып.
Нөсерлетіп артынша төгіп өттің
Мойынқұмның шөліне тоқтай қалып.
Талас дейтін төменгі иықты елден,
Болар, сірә, ырзығың жиып келген.
Содан, міне, өзіңсің көктем бұлты
Нөсерлетіп көгіңнен құйып берген.





Пікір жазу