17.04.2022
  102


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЕТІСУ

Түлкі ішігі –
Ақша қар шыңда жатқан
Жетісуды көрмейсің мұңға батқан.
Атай салған жоқ шығар Жетісу деп
Жеті өзені болғасын тулап аққан.
Қазақ жақсы білген ғой дала сырын,
Бағалаған даласын, жанашырын.
Жетісу деп атамай қайтеді енді
Осы өңірден тапқасын бар асылын.
Қайнар көзі осында жылылықтың,
Бірге жүріп жүрегін, сырын ұқтың.
Жеті деген қазақтың ұғымында
Өлшемі екен қасиет, ұлылықтың.
Қасиетті нәрсенің күні жетіп,
Сырлы аяқтай жоғалса сыры кетіп, –
Мен туғанда қарт анам
Жағар ма еді
Жеті бірдей шырағдан ырым етіп.
Жеті түрлі өлшем бар құлақта да,
Жеті түрлі сәуле бар шырақта да.
Бәрі бекер болса егер
Болады, айтшы,
Неге ендеше жеті күн бір аптада.
Алатаудың жайлаған белеңді өрін,
Жетісудан елімнің көрем төрін.
Жоқ шығар-ау жайдан-жай айта салған
“Жұмыр жерді жеті қат” – дегенді Елім.





Пікір жазу