17.04.2022
  132


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ЖАЛҒЫЗЫ

Абыз жүрек бата алып көне қарттан,
Болмасаң да сен сардар жебе тартқан.
Кіндігімнен өрген сен бір перзентсің
Бір арманды қуалап келе жатқан.
Сенің әлі жайқалмай көк орманың,
Соқпағымен келесің қол арбаның.
Жеткізеді демегін оңайлықпен
Доп қуудан басталған сол арманың.
Сол арманға сен әзір жетпесең де,
Көктемің тұр бүр жарып көк көшеңде.
Көктей сола көрмеші, айналайын,
Сол көктеммен бірге өзің көктесең де.
Сен де мендей жалғыз ең бір анадан,
Өтіп жатыр есейтіп жыл арадан.
Ылғи еске түсесің
Жалғыз шырақ
Жанып тұрса егерде мұнарадан.
Алға тартқан өмірдің арбасында,
Сенсің менің арманым,
Жалғасым да.
Сені ойламай тұсынан өте алмадым
Жалғыз терек тұрса егер жар басында.
 Шыр айналған ұстаның шарығындай,
Жүзбесең де толқынды жарып ұдай.
Жалғыздықтан сен де, ұлым, зар шекпессің
Болса егерде жалғыздың жары Құдай.





Пікір жазу