17.04.2022
296
МАҚТАУ ҚАҒАЗ
Құмартпадың ән-сауық, күйге қалай,
Сабақ оқып бармап ең биге талай.
Кілең бестік тізілген Мақтау алып,
Құстай ұшып жүгірдің үйге қарай.
Арша жүзің алқызыл арайланып,
Жүгіргенде артыңа қарай қалып, –
Көріндің-ау көзіме
Жас киіктің
Шапқылаған лағындай жар айналып.
Сол екпінмен үйге де бір-ақ кірдің,
Бір-ақ кірдің, сумкаңды лақтырдың.
Әке сынды жалғызы атқа мінген
Қуаныштан мен-дағы жылап тұрдым.
Әлі есімде қуанып жылағаным,
Жылағаным –
Емес қой құлағаным.
Менен өткен бақытты әке бар ма
Өтсе егерде сарқылмай бұлақ – әнім.
...Мақтау Қағаз – сол сәтте бақ көрінген
Үйдің барып ілінді қақ төрінен.
Содан бері сол төрде ілулі тұр
Сардар құсап түспеген ат белінен.