ҚЫР БҮРКІТІ
Түні бойы қаңтарған “таңасырып”
Бастаған-ды тірлігін дала асығып.
Мезгіл еді –
Сапарын жалғастырған
Ұясынан жорға күн жаңа шығып.
Жорға күннің шашырап шуағы өрген,
Бақыт, қызық тапты ма құба белден.
Үш-төрт жігіт “Волгадан” түсе қалды
Құба жонға қайқайып шыға келген.
Ұрпақтары болғасын білікті елдің,
Қарайтұғын жонынан күліп төрдің.
Әлденеге бастарын кім біліпті
Айдарынан жел ескен жігіттердің.
Мұздақ жауып сол түні жол аптаған,
Дала төсін көкала жолақтаған.
...Қос қанаты бүркіттің қатып қапты
Шоқылардың біріне қонақтаған.
Шоқтай жанған көзінен желік көріп,
Сергіді ме сезімге ерік беріп.
Тұра қалды бір жігіт
Сол бүркітке
Таптап, жаншып өтердей төніп келіп:
“Жолда қалар өмірдің бір көшінде,
Сендей қырттың бәрі де күркесінде.
Қолдан құйған қоладай тұра қапсың
Ескерткішке айналып қыр төсінде.
Дейді-ау сені бүркіт боп жаратылды,
Қайда,
Қайда жоғалттың жан отыңды?!
Қыр төсінде отырсың сорың қайнап,
Мұздақ шалған жаза алмай қанатыңды”.
Неге сонша өсті екен кекті болып,
Жігіт солай бүркітті тепті келіп.
Өшікті ме кім білсін
Тұрғасын да
Тепкісіне тексіздің текті көніп.
Сойқандықпен жүргендей жал, құмды асып,
Тепті келіп –
Тұрмады мауқын басып.
Қанатының мұздары ұшып жатты
Күн көзіне күмістей жалқын шашып.
Қайрат-күшін жиды ма таудан барып,
Бүркіт кенет тастардай жонды аударып, –
Саңқ еткенде көзінен от шашырап
Бір сұмдықты сұм жігіт қалды аңғарып.
Әлгіндегі айбары былай қалып,
Машинаға зып берген құлай барып, –
Май құйрықтан жігітті бір-ақ ілді
Ұша беріп төбесін бір айналып.
Жаратқасын не шара бүлікті етіп,
Қас қағымда бүркіт те бүріпті өтіп.
Әйтпегенде бір сойқан болар ма еді...
Жаны қалды машина жүріп кетіп.
Қыран-ерлік көгерген сан ғасырмен
Самға жырмен көгіңе,
Самға сырмен.
Кек қайтару табанда
Тектілердің
Қасиеті екен-ау қанға сіңген.