ЖЫЛҚЫШЫ
Жылқышы дегеніне көндірмек тек,
Алдынан жүгіреді жел дірдектеп.
Тақымға басып алып шауып жүрді
Боранын құла түздің кеңірдектеп.
Даланың ақпандатқан бұрқасында,
Тау-тастың түнеген ол қырқасында.
Соқпақты қасқа жолға айналдырған
Атының ізі жатыр қыр тасында.
Сағынып қарсы алады өріс күнде,
Ол үшін жеміс күнде, жеңіс күнде.
Қашаған түлкі – бақыт құтылмайды
Жылқышы жүрген кезде жер үстінде.
Ал қазір боза – демін бұрқыратып,
Суатқа жылқыларын тұр құлатып.
Көсілсе тас құйқасы шымырлайды
Қырқаның сай-сүйегін сырқыратып.
Сұстанса –
кекіл-жалын үлбіретіп,
Тұрғаны қай асау да дір-дір етіп.
Жерден де бұлт көшкендей болады ылғи
Жылқысын қырға айдаса дүркіретіп.
Жүрсе де өзін солай демеп қалып,
Жылқысы жатыр, әне, етекте анық.
Кететін жылқышы бұл
Асау тұрмақ
Дауыл мен боранды да жетекке алып.