17.04.2022
  205


Автор: Рафаэль Ниязбек

САНТЬЯГОДАҒЫ ЕСКЕРТКІШ

Осы маңға жұртпен бірге көптеген,
Кешке жақын серуендеп көп келем.
Ұлы ақынның ескерткіші тұр алда
Кеудесінен қорғасын оқ өтпеген.
Мен қараймын...
Ол да маған қарайды,
Жанарына сыйғызғандай бар айды.
Бал жүзінен бір жылулық
әлемнің
Жүрегіне нұрын құйып тарайды.
Сірә, асқаны зұлымдықтың шегінен,
Қасіреттің борай соғып желімен.
Көз алды оның айығар ма тұманнан
Қара қошқыл бұлт арылмай көгінен.
Ол барда мен дүниемен жарасам,
Әттең түсті жүрегіме жара сан.
Сол ескерткіш талқан болып кетіпті,
Жер астынан қопарылыс боп орасан.
 Е, аруақ, қыран құстың қанаты-ай,
Кеудесі оның жазық еді даладай.
Бір мүгедек тасын құшып жылап тұр
Жалғызынан айырылған анадай.
Жаспен шайып кер даланың кең төсін,
Өксіп келем... жия алмапты жел де есін.
Бір есуас теуіп өтті әлгінде
Қасиетті ескерткіштің кеудесін.
* * *
Тас кесегің көп пе әлде қияға атқан,
Кейде, кейде тұрасың қиянаттан.
Неге адамды ұшпаққа көтермейсің
Көкірегіне қасірет ұялатқан.
Тағдырыңды талқандап кесіп өткен,
Ақымақ көп өзіңді бесік еткен.
Үйіп-төге бересің,
Соларға сен –
Онсыз да ерен байлықтан есі кеткен.
Заңғар ала шыңдарға бағыт алмай,
Өте шығар бұлтпысың тағы тамбай.
Неге, неге бұрылып қарамайсың
Жүргендерге осынау бағы жанбай.
Қойдың ба әлде жақсыны қаңбақ етіп,
Жанбауы үшін жұлдызы алға кетіп.
Алпыс екі айлалы қу түлкілер
Сені де, Өмір, жүр ме әлде алдап өтіп.
Тілейтінім: бар әлем күлсін тұрып,
Қазық қылып қақсаң да мың шыңды ұрып.
 Сонда өмірден күдерін үзгендерді де
Тірілте аласың қайтадан құлшындырып.
* * *
Ұнатпадың жырымды сылаңдаған,
Сәуле жоқ деп ішінде қылаңдаған.
Дүбір бар-тын бірақ та өршеленген,
Өмір бар-тын бірақ та ұрандаған.
Қағып-соғып күлікті бұраңдаған,
Шабыт бар-тын шарықтап шығандаған.
Жалындаған жырымда
Сезесің бе
Сұлулығы әлемнің сылаңдаған.
Тасқын жырым –
Қайнардай бұлақтаған,
Жасын болып жүректе тұрақтаған.
Көремісің, ей, достым, жұртта есеп жоқ
Күнгейінде жырымның шуақтаған.
Олпы-солпы жолдарын жиып-теріп,
Жүрсің әлі жырымды күйік көріп.
Күннің нұры түспей ме биікке алғаш
Сегіз өрме шуағын биікте өріп.
Құла-жырым еліріп, елеңдесін,
Дүбірлетіп қырқаның белең, төсін.
Жаңа шыққан күнмін мен.
Демек, достым!
Нұр шуағым түспесе –
Төмендесің...





Пікір жазу