17.04.2022
  222


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШАЛҚЫ, ТАСЫ, КӨҢІЛІМ

Шалқы, тасы, көңілім, ағылып бір,
Сағым шалып, шау тартпа сабылып құр.
Ашынбасаң болмайды
Маған деген
Дүниенің есігі жабылып тұр.
Шалқы, көңіл!
Қалайын шабылып бір,
Тұрмақпын ба тау-тасқа шағылып құр.
Ашылмасаң болмайды
Маған деген
Көңіл біткен құтырып, қағынып тұр.
 Болмас, сірә, күшіңді байқатпасаң,
Қайда атасың толқынды Айға атпасаң.
Қасиетпен өтесің нұр аттасаң,
Қасіретпен өтесің қайғы аттасаң.
Шұғылаңды жан-жаққа шашып өктем,
Шалқы, көңіл, биік бел, асу еткен.
Тауды аударған алапат тасқын-селдей
Арман бар ма көңілде тасып өткен.





Пікір жазу