17.04.2022
  182


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТЫҢДА МЕНІ, ДҮНИЕ!

Тыңда мені, Дүние!
Ей, адамдар, тыңдаңдар!
Жалғыз ауыз сөзімді,
Ерттеп мініп төзімді.
Содан кейін сөндірсең де бәрібір
Жарық Күнім –
Көзімді.
Шұғыла шашқан жарқын мынау заманда,
Көгімнен күн
Күліп неге тұрмайды, айтшы, әманда.
Африка құлдарындай
Қашанғы енді жата берем езіліп
Қара шойын табанда.
Тыңда мені, Дүние!
Мұң кетпеді даладан,
Ана неге айырылады баладан.
Дүние неге бүлінеді осынша
Ей, адамзат!
Қан шеңгелдеп тудыңдар ма анадан.
Тыңда мені, Дүние!
Жарты әлемің тастаған жоқ зұлмат суық қаруын,
Бейбіт елдің жайғастырам дей ме сұңқар
жүрек аруын.


Мың адамды өлтіруге жетеді
Тұла бойға жайдырсаң
Жалғыз ғана жыланның
Тіліндегі бар уын.
Бейтарап өзің қалдың ба?
Сен әуелі адамды
Бір-біріне ала көз ғып алдың да,
Жауықтырып жібердің.
Естілерді –
Сауықтырып жібердің.
Сосын өзің қара түндей түнердің.
От-жалынын тұншықтырып өшірдің
Шамырқанған жігердің.
Сөйте – сөйте
Шыға келді бес тиын боп құны ердің.
Және оларды зұлымдыққа үйреттің:
Тас ұстатып қолына
Бір-бірінің қабырғаларын күйреттің.
Сапар тілеп жолына
Найза ұстатып
Көк бүйректерін түйреттің.
Мылтық беріп тағы да
Атуды да үйреттің.
Үйретпеген ештемең де қалмапты,
Адамдар да үйренуден танбапты.
Біреулердің білгені –
Біреулердің басын жұтып, жалмапты.
Содан, міне, талай елдің
Жанар кезде көп шырағы жанбапты.
Солай өзің үйретіп ап адамды,
Қалапсың жаңа қадамды.


Бір бөлек қойдың жебеп озықты,
Бір бөлек қойдың елеп наданды.
Озыққа үйреттің:
Ерлікті,
Өрлікті,
Елдікті.
Наданға үйреттің:
Сатқындықты,
Қатындықты,
Ездікті.
Арғымақтың алқымына қадалар
Жең ішіне тыққан кәззап кездікті.
Содан олар өзгеше бір күйге енді,
Бір-бірінен қорғануды үйренді.
Ертелі – кеш ағыл-тегіл шапқылап,
Бір-бірін
Оқпен,
Отпен,
Сөзбен,
Көзбен
Жатады ылғи атқылап.
Көк төсінде оқ ұшып,
Дүние, солай келесің-ау соғысып.
Аяғын көктен келтіріп,
Адам атқан оқтар жатыр күніне
Қаншама мың адамдарды өлтіріп.
Тыңда мені, Дүние!
Сүмбіл сұлу денесің,
Не болса да есеріңнен көресің.
Енді, міне, адамды
Өлтірмеуге ешкімді
Үйрете алмай келесің!..


* * *
Заманалар, мін бар ма келбетіңде,
Қайта келгін қалпыңа тербетіл де.
Неге атады шығыстан таң қызарып,
Ұятты істер көп пе еді жер бетінде.
Кетпесін деп мөлшерден түн ұзарып,
Жететіндей көгіне жұлдыз арып.
Ұятты істер көп әлі...
Ұялғандай,
Ұясына батады күн қызарып.
Бір терең сыр көңілге ұқтырғандай,
Кей көрініс жаралған ұтқыр қандай.
Дүниені жайлаған сұмдықтардан
Дала шашы – қара орман тік тұрғандай.





Пікір жазу