Туындылар ✍️
ҰЛАН АСУ
Үш бөлімді халықтық драма (соңғы түзетілген нұсқасы)
Қатысушылар:
А б ы л а й – /алғашқыда белгісіз батыр, сұлтан, кейін Орта жүздің ханы/
Б ұ х а р – жырау.
Б ө г ем б а й – батыр, қолбасы. Ж а н а т а й – батыр.
Ж ә н і б е к – батыр. Ә б і л м ә м б е т – хан.
З а й д а х а н – оның ханымы.
А й т о л қ ы н – Әбілмәмбеттің қызы, ханша. Б о т а ш – батыр.
Б а р а қ – сұлтан.
А р ш а – жесір әйел.
Т о м а ш а – оның баласы, кейін хан нөкері. Ә м і р с а н а – жоңғардың нояны.
Д а б а ч и – жоңғардың нояны.
С ү ж д е – Галдан-Шереннің қызы, ханша. Қ а р а с а қ а л – қашқын, арандатушы.
С а и д – ғ ұ л а м а – Бұхар әмірінің елшісі. Г у н М о – қытай әскерінің қолбасшысы. Р о ж к о в – орыс патшалығының елшісі. Г р и г о р и й – оның атқосшысы.
Б а б а қ х а н ы м – Абылайдың әйелі. Д а х т а - Абылайдың ханымы.
Т о п ы ш – Абылайдың ханымы.
Жауынгерлер, жасауылдар, қытай елшісі, ханымдар, халық.
ПРОЛОГ
Қап-қара бұлтты Қаратау. Босқын жұрт есі кете қашып жатыр. Артында қуғындаған жау – бір топ жоңғарлар. Найзаларын жарқылдатып, жұртты ұрып-соғып айдап жүр. Еңіреген, зарлаған, ойбайлаған, шулаған қатын-қалаш, бала-шаға.
«Елім-ай» зары естіледі /жазылма пластинкадан/. Тау жақпарында ақсақал қария – қашқан жұртқа айқайлап, безілдеп тұр. Қолында аса таяғы, алпамса қарт Әнет бабаң тұр.
Ә н е т. Ей, ұлым, қайрыл бері.
Ей, азамат, тоқта! Тосқауыл бол жауыңа!
Қ а ш қ а н д а р д ы ң б і р і. Артында анам да қалып қойды! Қария, жан сауға! /кетеді/.
Е к і н ш і б і р і. Жүріске ере алмай, әкем қалды артымда, қайырылуға дәрмен жоқ, қария жоңғарлар тірідей жұтады...
Б і р ә й е л. Ойбай келіп қалды!.. ойбай, ойбай! / бәрі де қаша жөнеледі, теңселіп кетті қария.
Кейуана көз, кер заман, Ел – ебелек, ер – тозақ. Бықпырт тиіп бүйірден, Аза кебін киінген,
Опырық жаудан шошынған, Орылып шөптей шашылған Топалаң қойдай топырыш, Неткен жұртсың жосыған? Жай оғындай оқ атар,
Жауын жайпап құлатар, Қан шықпас тастай түйілген, Қан кіреуке киінген,
Қас дұшпанға қасарып, Қарсы соғар найзасын, – Жаудың басар айласын, Қас батырлар қайдасың? Хандар қашты қиырға, Билер түсті шиырға, Қорғаны жоқ қайран ел, Ұлан-асыр ұлысым.
Қашқаның ба қиянға?.. Қайрылсайшы ұяңа... Тоқта, ей, тоқта!..
Қилы кезең қиямет!
Ей, қиянға қашқан азамат, Жұртқа мені қалдырмай, Мына аппақ басымды,
Өз қолыңмен қия кет!
/Ешкім қайрылмайды. Қаратауда дауыл тұрып, музыка күңірене түседі. Қар себелейді. Қарияның тұла бойын қар басады. Қолын көкке сермеген қария мұз құрсанып қатып қалады./
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Прологта көрінген таудың екінші қалтарысы. Жоңғарлардың айғайы үрке қашқан босқын жұрттың ию-қию дауыстары естіледі. Бұл араға алыстан алқына келген, үстінде жыртық шекпен, шашы жалбыр Сабалақ келеді, қолында айбалта, көзі шатынап тұр.
С а б а л а қ. Жеттім-ау, әрең, мынау ойран-топыр сорлы өлкеме! Неткен берекесіз жұрт едің? Қасқыр талаған қойдай быт-шыт болып жосып барасың, әне- әне, қорқақ қояндай босып барады... зытып барады. Қайран жұртым-ай, елдік қалпың тозып, ебелек болдың ба, жау таптар, арқа тұтар асқарың жоқ – жер-жексен болған жетім жұртпысың? Кешегі Тәуке ханның тұсында арыстан жаудың тісі батпайтын бас қамалдай берік ел едің ғой! Бөстектің құрағындай қырық ру құрама қазақ! Арыстандай ақырған алапат ханның тырнағынан сендерді құтқарған кім еді? Аруағыңнан айналайын баяғы Жәнібек пен Керей сұлтан еді ғой. Өз басыңа орда тігіп қазақ деген ел атандырған солар емес пе? Солардың тұяғынан садаға кеткір Әбілмәмбетелдіңберіктігінойламай, малтасын езген алжыған хан! Бұл қазақта ел қорғайтын хан бар ма? Батыр емес – бәрі қатын сияқты қорқақ! Бар болса, қайда болар, мынау жұртымызды бөрідей бүрген тасқын жауға тосқауыл болар өр қайда? Жоқ, мен ез емеспін, кеудемдегі ата намыс жауға қарсы жалындап тұр! Сұрапылда ұшқан қас қыран – шүйілгенін жайратпай қайырылмас. Ез емес, өңшең
ер де туған шығар бұл қазақ. Қайдасыңдар, қосыл маған!
/Сасқалақтап Жәнібек 3-4 дүрбітпен найзаласып келеді. Жәнібек қорғалақтап бейтаныс жігітке қарайды. Соны сезген Сабалақ жалма-жан қолындағы айбалтасын ақыра сілтеп дүрбіттердің екеуін жайратады да, екеуін әрі ығыстырады. Жәнібек жалбыр шекпенді бұл ер жігітке таңдана және қызғанышпен менсінбей де қарап қалады/.
С а б а л а қ. Армысың ағай, дұшпаныңнан бір өшіңді алдың, сақта сені мүмкін батыр шығарсың?
Жәнібек /шылымын шегіп, тәкаппар пішінде, аяғын алшаң басып/. Әй, жалбыр шаш бала сен кім едің? Мұнда сені кім шақырды? Бұл төрт сүмелекті өзім-ақ жампоздаушы ем, сен қаңғыбас қайдан кездестің, осы?
С а б а л а қ. Әлпетіңе қарағанда жақсы аға, айбынды батырға ұқсайсың. Бірақ айбатың бар да, қайратың аз ба деп қалдым...
Ж ә н і б е к. Не оттап тұрсың өзің, әй жалбағай неме? /дандайсып/, білесің бе, мен кіммін. Мен алты алашқа атағым шыққан – Шақшақ Жәнібек батырмын. Ата некес дүрбіттің қабырғасын талай қайыстырып едім, енді қапыда басымызға қара бұлттай қалың пәле қаптай қалып, есімізді шығарған жоқ па? Быт-шыт болып бытыраған жұртымды Хиуадан қайырып, қалың қолын жасақ құрмақ едім, сөйтіп жүргенімде әлгі бір төрт жоңғар тасадан тап бергені.
С а б а л а қ. Бәсе, Жәнібек батыр сен екенсің ғой. Батыр аңғал деген осы екен де. Ел қамын ойлаған ер сен болсаң – ата некес жауға қарсы күні бұрын неге қамал құрмадың?
Ж ә н і б е к. Ей, сүмелек, тіліңді тарта сөйле! Үш жүздің баласында менің бетіме қарсы қарар пенде жоқ, енді тіл безесең басыңды қағып тастармын /
ойланып/. Әй, жігітім сен, Жәнібекті төрт қалмақтан қорғап қалдым деп біреулерге мақтанып жүрме! Тісіңнен бұны шығарсаң тісіңді қағып тастаймын. / Жүгіре басып Айтолқын келеді. Жауынгерше ықшам бешпент, шалбар киінген, қолында садақ/.
А й т о л қ ы н. /Жәнібекке/. Батыр, әрең таптым ғой сені іздеп...
Ж ә н і б е к. Асыл ханшам, сен іздесең жердің астына түсіп кетсем де табылам ғой. Қандай назың бар айтар, қалқам.
А й т о л қ ы н. /Сабалаққа таңдана қарап./ Мына бөгде жан кім?
Шашы сабалақ болса да көзі шатынап тұр екен өзінің.
Ж ә н і б е к. Кім болушы еді? Босқын билердің бірінің жалшысы да. Әй, жалбағай, осы мен сені қайдан көрдім? Алатауда түйе қуып жүрген жоқ па едің сен?
А й т о л қ ы н. Бейтаныс аға, айтыңызшы кім боласыз?
С а б а л а қ. Мен бе? Мен –
Мен бәйтеректен сытылған қисық бұтақпын, Мен үйірінен безе қашқан саяқпын.
Бөктергіні бүре алмай жүрген бүркітпін. Қайран жұртым үшін –
Аясы құт ұям, еңсені бейберекет еткен Өңшең тантық төрелер
Батырсынып үй айналған тентектер, Мен солардың – қылша басын қияр ем! Мына сен де жүрсің бас сауғалап,
Мен өзімді найзаменен танытам. Біліп қой – менің атым Сабалақ! Босқындардан ер жинап,
Ата жауға – Найзағайша атылам!
/көзі шатынап жұлқына кетеді/.
А й т о л қ ы н. Батыр аға, қалай өктем сөйлейді мынау? Қияпаты тектіден шыққан марқасқа болмасын, көзінде – от, сөзінде адуын бар екен...
Ж ә н і б е к. Әй, ханшам-ай, қайдағы бір қаңғырған қарасираққа іңкәр болып қалдың ба? Аузымен орақ орған бір есалаң да. Ал, абзал ханшам, серуендеп мені іздеп келгеніңе мәртебем өсіп қалды? Айтар назың не?
А й т о л қ ы н. Батыр аға, бұл наз айтар шақ па? Мынау алапат, астан-кестен кезеңде естен танбаған кім бар? Өзімнің ханша екенімді де ұмытып кеттім. Қалпым мынау, жылқы ұрлайтын жортуылға ұқсаймын.
Ж ә н і б е к. Айтолқын қалқам, мен туын көтерген. Алдияр ханның алтын жұлдызысың. Сен менің маңдайымда жарқырап тұрсың деп іңкәр едім саған.. А й т о л қ ы н. /сұрланып/. Батыр, сергелдеңде саппас қана сайрандар. Басқаға көз тігем деп жүргенде Қаратаудағы қос әйеліңді қалмақ іліп кетіп жүрмесін. Мен әкемнің әмірін әкелдім. Сонау Орда- төбеде ру-рудың билері мен батырлары бас қосып, жаудан қалай кек алудың кебін кеңесіп жатыр. Сен
де соған қазір, жөнел, батыр!
Ж ә н і б е к. Әсілі қатын бұйрығын құлағына қыстырмаушы едім, хан әмірі деген соң амал не? – Барайын.
/Асыға басып Боташ келеді, жауынгерлік пішінде киінген/.
А й т о л қ ы н. Боташ! Қайда болдың? Сені іздеп ем.
Боташ. Жәнібек аға, армысыз? Мен сізді іздеп келдім. Батыр Бөкең дүрбіттерден қашып әр төбеге бытыраған жігіттерден қалың жасақ құрып жатыр. Сізге тез келсін, бір жақ қолды жауға қарсы бастасын демекші /Айтолқынға/ Ханша, саумысыз, сіз де Жәкеңнің қасында екенсіз ғой.
Ж ә н і б е к. Не дейді? Бөгембай батыр өз бетінше жасақ құрып, жауға жеке аттанбақ па? Хан-төрелер тұрғанда қарашаға тізгін тиер ме? Несіне күбінеді Бөгембай? Қанжығаға жабысқан күзендей азғана қанжығалысын арқа тұта ма? Күллі арғын-қыпшақ мен ақырсам – уысымда. Сонда да мен хан-төрені жақақтаймын. Бұл қырық рудан құралған қырық пышақ қазақ, азулы бір хан билемесе бірін-бірі қасқырдай талайды. /Алшаңдай басып жүреді./ Айбарлы хан бар ма, бұл заманда? /Айтолқынға қарайды/. Әбілмәмбет ханның өмірі екіндіге таянды. Кім билейді енді бұл бейберекет сорлы жұртты? Ханның жалғыз қызы сенсің ханшам, ерге біткен өрлігің бар, әлде хан боларсың бұл шаңырағы шайқалған сорлы қазаққа?
А й т о л қ ы н. Жоқ, батыр аға, арманым, хандық емес, сіздей мына Боташтай ел қорғайтын ер-азамат болсаң – мүддем сол...
Боташ. Бірақ кейде ханшалығың ұстап, шайпаулықты да сездіресің-ау. Ал, батыр аға, шешіміңіз қалай болды?
Ж ә н і б е к. Бөгембай тобына мен бөлініп бара алмаймын. Мен сонау хан-төрелер, билер бас қосқан, Ордабасыға жетемін қазір. Онда дүрбітке қарсы шабуылды бастайтын қолбасы сайланады. Менің өз пікірім бар...
Б о т а ш. Жолыңыз болсын, онда мен өзім жинаған жігіттерімді Бөкеңе бастап барайын...
А й т о л қ ы н. Боташ, мен де сенімен бірге кеттім / Боташ, Айтолқын кетеді/.
Ж ә н і б е к. Қарай гөр, мына сайқалдың кесірін... Қаңғып келген қарашы Боташқа бүйрегі бұрылыпты. Арғын-қыпшақтың талай сұлуларын бөктерген едім. Хан қызы періште ме маған. Тек керегі сол – ханға жекжат болу, бүкіл қазақты уысымда ұстасам деп жанталасу...
А й т о л қ ы н. Қорқып қорған іздесем – жорыққа шықпас едім. Жау жүрек жігіт болса жанталаста серікпін. Қосшы болайын Боташ!
Б о т а ш. /қызға таңдана қарап/. Ордаңда үлде мен бүлдеге оранып отырмай, бұл сергелдеңге неге түстің ару қыз? Жауынгерлеріме барайын. /Бұларды тасада тыңдап тұрған Барақ көрінеді./
Б а р а қ. Ханшам, кешір, кеңеспек едім. Бөгенбай жорығында төре әулетінен екеуіміз ғана, саған серік болсам деп едім.
Б о т а ш. /кекетіп/. Дұрыс меңзеп тұр Барақ төре. Ақсүйектің затысыңдар ғой, қабырғалас жүргендерің мақұл. Ал, ханша, екі төре оңаша сырласыңдар, мен кеттім. /кетеді/.
А й т о л қ ы н. Жорыққа шықпай жатып жалғызсырап қалдың ба? Төре, төре? Жауға батыл шабар төре бар ма? Ауыл үйді айналған делбе тайынша секілді бәрі де...
Б а р а қ. Жоқ, мен ондай жадыбас төре емеспін, наймандардан құрған жортуылдарым бар, мен соларды бастап жауға ойран саламын... тек хан қызы қасымда жүрсе – мәртебем...
А й т о л қ ы н. «Бақ-бақ еткен текені – қар басқанда көрерміз, батырсынған төрені – жау басқанда көрерміз!” – Боташ! Боташ! /жүгіре басып кетеді/.
Б а р а қ. Мына сайтан не деп кетті? Қарашыға қарын созады, төреге төбесін көтереді. Не төресі, не батырға санатқа қоспай-ақ қойды-ау мені... Әлде Әбілхайырға ауыссам ба екен? Алты бақан алауыз
- бұл Орта жүзде береке бар ма? Орта жүзді қамшы беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой, – деп тегін айтылмаған. Ойлан, Барақ!
/Кетеді. Сахна айналады/.
КӨРІНІС
Жауға шабуыл жасауға аттанар жауынгерлер найзаларын, садақтарын жарқылдатып топталып келіп жатыр. Бұларды Боташ оң жаққа, сол жаққа! – деп бөліп сап құрап жүр.
/Бөгенбай, Жәнібек артынан Бұхар жырау келеді./
Б о т а ш. Жігіттер, тынышталыңдар! Қолбасы батырлар келді, міне.
Б ө г е н б а й. Батагөй аталарың – Бұхар жырау келді, иіліп сәлем беріңдер. /Баршасы иіліп Бұхарға сәлем береді/.
/Бұхар жырау толғанып/. Б ұ х а р:
Қаратауда қақырап, Құлама болған, жұртым-ау, Алқакөлде бытырап Сұлама болған, жұртым-ау, Мысың құрып қалмақтан, Ақ табанын қандатқан, Шұбырынды, жұртым-ау... Анасынан айрылып,
Бала қалды шеңгелде, Аруандай майырылып, Ана қалды шеңберде. Жұртым төккен зар үшін, Қорғап елдің намысын, Жауға шабар кез келді.
Жалаңаш еніп майданға Жанды салар кез келді. Бұлтқа басын торлатқан,
Тау көрінбес демеңдер. Жағасына қан қатқан Жау жеңілмес демеңдер, Ер Бөгенбай бастасын, Өр Жәнібек бастасын.
Ата некес дүрбітке Шүйіліңдер, өрендер.
Д а у ы с т а р. Әзірміз, ата жырау! Батыр бөке, баста бізді!
/Бұхар, жауынгерлер кетеді. Айтолқын қалады./ Бөгенбай. Асылзатымханша! Осықандыжорыққа
бармай-ақ қой. Хан әкең жалғыз жұлдызымды қан қырғынға апара көрме деп зар қағып отыр!
А й т о л қ ы н. Батыр аға, мені бір түсікке санайсыз ба? Барақ құрлы сайыса алмаймын ба? Жоқ, мен бұл жорықтан қалмаймын!
Б ө г е н б а й. Ханның қайсар қызысың ғой, қалқам! Болмас. Барсаң мына Жәнібек батырдың қасында боласың!
А й т о л қ ы н. Жоқ, батыр, мен өз қасыңда немесе Боташпен бірге болайын.
/Жәнібек оралады/.
Ж ә н і б е к. Дұрыс ханшам! Сол Боташтың етегінен ұста, айрылма. Ал жорыққа әйел өңгеріп барған батырды естіген емен. «Байтал шауып бәйге алмас» деген нақылға кәміл сенемін.
Б ө г е н б а й. Әй, қыңыр сөйлемесең аузың қисая ма? Ертең хан олай-бұлай болса тақтың мирасқоры осы ханша емес пе?
Ж ә н і б е к. Ресей жұртында ақылды қатын патша бар деседі. Ал қазақта қатын хан болды дегенді естісем құлағым керең болсын.
/Айтолқын сұртаңдап ашулана кетеді, Сабалақты ертіп Томаша келеді, Сабалақ батырларға сәлем береді./
Т о м а ш а. Бөке, сізге мәлімдеп ем ғой, құба жонда кездескен мына жалқы жігіт майданға бірге барамын деп жұлқынып тұр.
Б ө г е н б а й. /түр-тұлғасына қарап/. Барса – барсын! Көзінде от бар екен, өзінің! Боташ, сенің тобыңда болсын бұл бөгде жігіт.
Б о т а ш. Бұл жалбағайды масыл қып қайтемін
- мен. Жолбарысша жортқанда, бұл жабыдай жалбаңдап жайрап жүрер бір жерде.
С а б а л а қ. Кімнің жолбарыс, кімнің мысық екенін майдан танытар. Сендей лепірмеге ерейін деп жүргем жоқ мен де. /Жәнібекке/ Батыр, танымай қалдың ба? Кездесіп едік қой. Мен Сабалақпын.
Б ө г е н б а й. Сені танып тұр ғой, қос мұны тобыңа! Ж ә н і б е к. /сасқалақтап/. Ар жағын айтпай-ақ қой білем, есімде. Жарайды, менің қасымда болсын. Томаша, дүрбіттер мына қалпында мынаны қайыршы екен деп қалар, бар қару-жарақ бер, жауынгерше
киіндір. /Томаша мен Сабалақ кетеді/.
Б о т а ш. Батыр, барша жасақ дайын. Баста қолды!
/Шеру күйі тартылады. Жауынгерлер лек-лек өтіп жатады. Бұхар келеді/.
Б ө г е н б а й. Өрендерім, ата қазақ жұрт үшін, ата некес дұшпанға қарсы лап беріңдер! /екі жауынгер дағрамен, кернеймен шеру тартады/.
Б ұ х а р. Ұландарым! Обыр жауды ойрандап қайтыңдар! Буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып, жау төбесіне жай түсіріңдер, ерлерім!
/Шымылдық./
БІРІНШІ БӨЛІМ
Үшінші сурет
Жоңғарлар басып алған қазақ жері. Жоңғар жасауылдары қазақтың боздақтарын көгендеп, қыздарының шашын кесіп айдап әкетіп жатыр. Бір жасауыл айбат шегіп қарсылық білдірген шалдың сақалын отайды. Бұлар айналма сахнадан өтіп жатады. /Күңдікте, құлдықта жүрген бейбақтардың зары радио жазбасынан естілсін/.
Мынау заман, қай заман қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Ай, елім-ай, елім-ай!
Дүбірінен дүрбіттің дірілдейміз, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. Ай, елім-ай, елім-ай!
Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ай, елім-ай, елім-ай!
Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, Ай, елім-ай, елім-ай!
Мынау заман, қай заман, қилы заман, Басымызға қайғыны үйді заман,
Ай, елім-ай, елім-ай!
Қорлығында қалмақтың өлеміз бе? Өлеміз бе құлдықта қайғы-ызадан, Ай, елім-ай, елім-ай!
/Зарлаған жұрттың қасына сырттан Дабачи, Әмірсана, Сүжде, Дахта келеді./
Д а б а ч и /жасауылдарға/. Әрі айдаңдар, мыналарды зарлатпай. Ұлы Қонтайшы Галден- Шереннің құлы мен күңі болу да бұл жаман қазақтар үшін үлкен бақыт.
/Жасауылдар қыздарды, боздақтарды жұлқылап айдай бастайды./
С ү ж д е. Аштықтан қалжырап біткен мүскіндерді несіне желкелейсіңдер? Бүйте берсеңдер Хоңтайшыға жетпей-ақ жолда қырылар.
Ә м і р с а н а. Әй, жасауылдар.
Д а б а ч и. «Жауын аяған жаралы болар» деген ғой, Сүжде? Әкең Галдан-Шерен егескен жауы қолға түссе тірідей қанын ұрттайды. Сен мейірімді екенсің. Д а х т а. Мына сорлылардың қандай жазығы бар,
ноян? Қаһарыңды қазақтың төрелеріне көрсет!
Ә м і р с а н а. Жазығы біреуі де сұлу емес екен, Дабачи мырзаға ұнамай тұр... Әбілмәмбет ханның Айтолқын деген сұлу қызы бар деседі. Сол қолға түссе, Дабачи оның шашынан сипар еді.
Д а х т а. Ноян, қазақтың сол ханшасына ғашықпысың?
Д а б а ч и /ашуланып/. Әмірсана, қағытуды қоймадың ба? Маған басқа жұрттың қызы қажет емес, өзімнің Ұлы Хонтайшымның айдай ару қызы қасымда тұрғанда..
Ә м і р с а н а /кекетіп/. Ал Сүжде құшағыңды жая бер!..
Д а б а ч и. Несі бар, Галдан-Шереннен кейінгі бас ноян өзіммін. Күллі жоңғар патшалығын және бүкіл қазақ хандығын ұлы Қонтайшыдан кейін билейтін мына менмін. /Ыржия күледі, нашасын тартады./
Ә м і р с а н а. Мастанба ноян, қазақ әлі мүлде жеңілген жоқ. Байқа, Сүждені ойлап жүргенде, ойраныңды қазақ шығармасын!
Сүжде /тіксініп/. Нояндар неге мені саудалап тұрсыңдар, мен – Ұлы Хонтайшы Галден-Шереннің қызымын! Әкемнің ығында жүрген сендейлер қажет емес маған. Шығыс шаһзадалардың бірін таңдап аламын өзіме!
Ә м і р с а н а Қытайдың Бөгде ханына тиерсің мүмкін?..
Д а б а ч и. Әмірсана, доғар сөзді. Ұлы Хонтайшының атынан бұйырамын. Сен қол бастап Аякөз маңына барасың. Сол жаққа қазақтардың қалың әскері бара жатыр. Бар да соларды ойранда! Талас пен Іле бойына өзім қожамын!
Ә м і р с а н а. Өзің бар! Сен қолбасы болсаң, мен Галдан-Шереннің немере інісімін. Хонтайшының мирасқоры мына Сүжде екеуміз.
Д а б а ч и. /ашуланып/. Аңғырт ноян, сен түсік, Хонтайшының тағына ие болмақсың ба? Қандай айбатың бар сенің? Сүжде, қара, қайсымыз қайраттымыз. /Найзасын алып Әмірсанаға кезейді./ Ә м і р с а н а. /найзасын кезеп/. Келсең кел, есірік ноян! Қайрай бердің ғой қанымды қайнатып. /Екеуі
найзаласады/.
С ү ж д е. Нояндар, мырзалар, не болды сендерге? Ұлы Хонтайшының атымен айтамын, егесті тоқтатыңдар! Әмірсана, жүр, Аякөз маңына мен де бірге кетемін. Дабачи мырза даңғаза болмай, қазақтардан тартып алған жерге ие бол!
Д а б а ч и. Жоқ, олай болмайды, Әмірсана осында қалсын, ханшам, менімен бірге сен жүр! Жұлдызым бол жорықта. Мен айдап әкелген мына қара тобыр қазақтар сенің күңің мен құлың болсын, тоналған дүние де сенікі.
С ү ж д е /Әмірсанаға/. Жүр, ноян, жеңісімізді тойлайық. /Әмірсана бөгеледі. Дабачи, Сүжде кетеді. Дахта қалады. Масайраған қалмақтардың дауыстары/.
Ә м і р с а н а Жеңіске мына сойқан ие болмақшы ма? Қараңғыда қазақтың бейқам ауылдарын ойрандаған сұмырай. Түркістанды басып алған мен. Бірақ жұртын қырмадың ба? Бұл қара бұқаның мойнын қайтіп бұрасам екен. Ханымыз Галден-Шерен ауру, жақын туысы менмін. Сүжде мына төбетке бұрылмас. Жоңғар патшалығын билейтін енді мен емес пе? Мен... мен...
Д а х т а. Ноян, тым мейірімді екенсің қазаққа. Хонтайшы болсаң қазақ ханының қызын аларсың. Әкем жорықта жүргенде қапыда қаза тапты. Жетім қалған маған – сен, өзің пана боламын дегенің қайда? Ұмыттың ба, ноян?
Ә м і р с а н а Бүліншілік кезең ғой. Қаз-үйрекке шүйілтер сұңқарыңды да ұмытып кетесің. Келші, киігім құшағыма!
Д а х т а. Әмірсана! Қорғаным! Сенен бір тілегім сол – мына жетім-жесір қазақтарды ұрып-соға бермесін деп бұйыршы, аяшы! /Әмірсана мақұл деп басын изейді/. Екеуі құшақтасып сүйіседі. Айналма сахнадан сырнай тартып, би биелеген, ән шырқаған дүрбіттер көрінеді. Бұлар жеңістерін тойлап жатыр. Сол сәтте жүгіре басып бір жауынгер келеді/.
Ж а у ы н г е р. Жау келді! Қазақтар! Аттан! Аттан!
/Әмірсана Дахтадан сүйісе айрылып, найзасын жалаңдатып кете барады. Бұлқан-талқан болып бұрқанып Дабачи шығады/.
Д а б а ч и. Доғар тойды! Сүжде, тоқтат мына әулекілерді! Көкжалдарым аттан! Аттан! Қиқылжың қазақтың қанын селдей ағызармын! Аттан!
/Шымылдық./
БІРІНШІ БӨЛІМ
Төртінші сурет
Биік төбе, ар жағы жазық дала, ойпат. Әріректен майдан дауысы, шұрқыраған аттар, шайқас дүбірлері естіледі. Шеру күйі өршелене ексімдеп тұр. Айналма сахнадан дүрбіттерді найзаласа ығыстырған қазақ жауынгерлері, ақыра айғайлап Бөгенбай шығады.
Б ө г е н б а й. Өрендерім! Соқ! Түйре! Боташ! Тез атой бер! Сонау белестегі бері қарай лап берген дүрбітке! / Жүгіре, алқына басқан Боташ келеді/.
Б о т а ш. Қаптап келеді сұмырайлар! Ентелеуін қарашы! Дәндеген ғой бейбіт қазақты шауып. Көрсетейін көкесін! Бөке, жанымды түйдім шүберекке /Айтолқын келіп қалады/.
А й т о л қ ы н. Боташ, жаныңды түйетін шүберегің мен болайын. Міне садағыңда жебең оқтаулы. / қорықпаймын/.
Б ө г е н б а й. Ханша, бөгеме Боташты, жөнел! / Боташ кетеді/.
Ханшам, жігіт екенсің. Жеті дүрбітті садағыңмен жайраттың. Мен жаудың бас қолын сонау тау түбіндегі тосқауылдан тосамын, жүр бірге шолушым боласың.
А й т о л қ ы н. Айтқаның болсын, батыр аға, құп! /жан-жағына алақтап үрейлі Барақ келеді. Айтолқынды көріп қипақтап қалады/.
Б ө г е н б а й. Ал, төрем, бүркіт қуған түлкідей қайдан қаштың алақтап.
Б а р а қ. /алқына сөйлеп/. Батыр, жүрегім нашар. Қарауымдағы азғана найманмен қоршауға түсіп
қалдым... Жан сауғалап әрең құтылдым.
А й т о л қ ы н. Әй, сымпыс төрем-ай. Төренің сүйегін сен-ақ қорлап біттің-ау. Жалған айтып жан сақтамай жайрамайсың ба? Мен тасада садақ тартып жатып байқап қалдым ғой. Бір төбеден бір топ дүрбіт көрініп еді, жігіттеріңді жауға тастап, қояндай зытып бердің. Әйел көрсең қораздай қоқиясың, жау көрінсе жапалақтай жалп етесің! Сұлтаным!
/Барақ үнсіз теріс айналып кетеді/.
Б ө г е н б а й. /Дүрбісімен майдан алабын шолып/. Айтолқын, қарашы! Әне, анау шегінген Жәнібек жасағы емес пе? Әлгінде ғана Жәнібек бастаған жауынгерлер қалың дүрбітті дүркірете қуып кеткен еді ғой. Сірә, тұтқиылдан басқа бір топ дүрбіт атой берген ғой!
А й т о л қ ы н. Бөке, қараңыз Жәнібек жігіттері бері қарай қашып келеді. Жәнібек өзі қайда?
Б ө г е н б а й. Өр Жәнібек шегінбес еді, тасада тосқауылдап лап берді бір топ жігіт. Әне, бір сарбаз айғайлап соларды бастап, атой берді жауға. Алақай, я аруақ!
/Атой берген жігіттердің айбынды айғайлары ес- тіледі. Солардың арасынан Абылай! Абылай! деген ұран ексімдеп естіледі. Бұл Сабалақтың ұраны/.
Б ө г е н б а й. Абылайлап атой берген кім болды екен бұл? Кім болса да ата қазақтан айбынды туған ер болар! Ханша, қара, барша батырлар жан-жақтан шабуылға шықты. Бізге тап-тап берген қалың дүрбіт сала-саладан есі кетіп қаша бастады. Жүр, ханшам, тосқауылдағы түпкі қолды қозғап біз де дүрбіттің дүрбелеңін шығарайық! Ендігәрі, бәлем, дүрбіт атамекен жерімізге қара табанын баспайтын болсын! Уа, аруақ! Ата-бабам қолдай гөр!
А й т о л қ ы н. Қолдай гөр арқар ұранды аруақ! Абылайлап, айғай салған ер, әне дүрбітті найзасымен түйрелеп қуып барады. Қара-қара, батыр Боташ
та жауға бір бүйірден қадалды. Ойбай, Боташ атынан құлап түсті. Сақтай гөр тәңірім! Батыр, тез жөнелейік! /Бөгенбай, Айтолқын асыға жөнеледі. Төбеден төменде үрейлі тасаға ығысып кетеді. Сахна айналғанда сырттан Абылай! Абылай! – деп айғайлап атой берген Сабалақтың сұсты бейнесі елес береді/.
/Шымылдық./
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Жоңғарлардан босатылған Аңырақай тауының баурайы. Өзен. Әріректе шалқар дала. Шайқастан кейінгі көріністер, қырылған дүрбіттер елесі. Мұнда қайтарылған қонысқа тігілген шатырлар, қостар, масайраған халық. Ығысқан дүрбіттерді қуып кеткен жауынгерлерді, батырларды күтіп отыр. Шадыман күй, музыка.
Қ а р т а ң ә й е л. Садағаң кетейін, қайран ата қонысым-ай. Құтылдың ба албасты жаудан. Суыңнан бір жұтайыншы, жарықтығым. /Қыздар шелекпен өзеннен су әкеледі, кесемен су жұтады/.
Е к і н ш і ә й е л. Ақтабаным тарс айрылып емшегім тастай қатып еді иіп кетті ғой, қайдасың емізетін, боздағым? Сен ойнаған топырағымның гүлін иіскейінші. /гүл иіскейді/.
К е л і н ш е к. Бұл жорықтан енемнің баласы сау келсе, шіркін, құшағыма орап қысар едім. Қайда өзі?
Қ а р и я. Есіл жұртым-ай, еңсеңді көтерер кез келді ме? Уа, аруақ!
Е к і н ш і ш а л. Ей, шуламай қарашы, жортуылдар көрінбей ме?
Д а у ы с. Хан келеді, қасында ханымы бар! / Әбілмәмбет, Зайдахан келеді, барлығы иіліп сәлем береді. Бір бала ханның кішкене тағын әкеліп қояды, хан таққа қайқиып отырады. Ханымы қасында./
Ә б і л м ә м б е т. Есенсіңдер ме, ел-жұртым. Арқар ұранды аруаққа сүйеніп, атамекен қонысты жаудан қайтарып алдым, разысыңдар ма, түге? /Жұрт
шуласып жауап береді, асыға Айтолқын келеді/.
А й т о л қ ы н. Әке, апа, сүйінші! Жұртым, сүйінші, жауды жеңген ерлер келеді.
З а й д а х а н. Айналайын, ақ тотым, келші аққуым, жалғызым /құшақтап сүйеді/.
Ә б і л м ә м б е т. /сығырая/. Мынау кім? Жасауыл ма? Айтолқыннан екен ғой. Сау келдің бе, бас- сирағың аман ба, еш жеріңе жара түскен жоқ па, ақ бөкенім!
А й т о л қ ы н. Саумын әке, жауыңды жеңіп қайтқан ерлердің алдынан неге шықпадың?
Ә б і л м ә м б е т. Солай ойлап ем, көптен бері намазым қаза болып жүр еді, өзенді көрген соң дәрет алып, намаз оқып және бір ауылдан саумал ішіп едім, ішім бұзылып...
З а й д а х а н. Жарайды, ар жағын көйітпе. Бөгенбай батыр қайда, Айтолқын?
А й т о л қ ы н. Бәрі де қазір келеді. Мен хабар беруге әдейі озып келдім.
/Томаша келеді/.
Т о м а ш а. Батырлар келді, алдияр хан ием! /шеру тартылады, Бөгенбай, Жәнібек, Боташ, Сабалақ, жауынгерлер келеді/.
Б ө г е н б а й. Алдияр тақсыр хан ием, халық қаһары қамал бұзар деген рас екен. Аждаһадай көрінген ата- некес дүрбітті бықпырт тиген қойдай тым-тырақай етіп оралдық, тақсыр, сізге мың сәлем!
Д а у ы с т а р. Қайран, Бәкең, құт-қорғанымыз!
- Арыстандай айбатыңнан айналдық.
- Мың жасасын жау жүрек өрендер!
Ә б і л м ә м б е т. Батырым, көп жаса! Әрқашан айбатыңнан асқар еңкейсін. Жәнібек, Боташ ерлерім, мейірлерің үстем болсын. Өзім де атам Шыңғыстың аруағына сиынып солай болар деп едім. Енді атадан қалған ақ ордам шайқалмас.
Б ө г е н б а й. Хан тақсыр, алғысты жолбарыстай
жұлқынып, жауды қуған мына өрендерге айтыңыз!
Ә б і л м ә м б е т. Ел үшін найзаларын кезеген ерлерге мың алғыс! Зайдахан шөлдеп кеттім, қымыз алдыршы!
/Бұхар мен Барақ келеді/. Б ұ х а р.
Еңсесі түскен елімнің, Есесін қайырған, ерлерім! Атанекес жауымның – Місесін құртқан ерлерім! Ата қазақ жұртыңның Алғысын айтам сендерге! Армысыңдар, ерлерім!
Ж а у ы н г е р л е р /шуылдап/. Армыз, бармыз, ата жырауға ақ сәлем!
Әбілмәмбет. Ханым, саған саумал алдыр дедім ғой.
З а й д а х а н. Жарықтық, саған не болды, әуелі ішіңді тисайшы!
А й т о л қ ы н. Батыр, Бәке, тұтқиылдан жауға атой берген әлгі белгісіз ер жігіт қайда?
Ж ә н і б е к. Ондай ер аз емес, ол менің нөкерім ғой. Б ө г е н б а й. Айтқандайын шын ер сол боздақ. Дүрбіттер қайта дүрліккенде тосыннан қайта атой беріп, жау бетін қайырған сол қайсар, қайда өзі? /
Сабалақ айбаттанып хан алдына барады/.
С а б а л а қ. «Алдияр тақсыр, хан-аға! Тауыңнан шатынап, ұшқан бір шақпақ таспын. Жеті атадан бері қарай билеп өскен жұртыңа бүлгін салған жауға жалын шашып атылған өреніңмін, хан ата, атадан мирас тағыңа қорған болуға дайым әзірмін! Алдияр тақсыр, алдияр ханым.
Б о т а ш. Мынау қалай, қалай ірі сөйлейді. Ж ә н і б е к. Осы кесірге қалай кездестім?
Б ө г е н б а й. Өркенің өскір боздағым, ризамын
ерлігіңе! Сендей ұл туған анаңнан айналайын!
С а б а л а қ. Ел алғысы – қол бастаған батыр аға сізге арналсын.
/Басын иеді/.
А й т о л қ ы н. Тұтқиылда ту көтерген ер жігіт, мен ханшамын, сәлем алыңыз.
С а б а л а қ. Сәлем саған да, қарындасым ханша!
Б о т а ш /қасындағыларға/. Ханшаны қарындасым дейді. От атады жанары, мынауың не бір сайтан, не бір сойқан шығар.
Б а р а қ. Сөзінде ерлік бар. Пішіні төре тұқымына ұқсайды.
А й т о л қ ы н. Жә, өзеуремей, саған ұқсамаса болды.
З а й д а х а н. Батыр жігіт, өркенің өссін, ханның қасына кел, кімсің? Қай рудың ұланысың, бауырым?
А й т о л қ ы н. Батыр аға, жөніңді айт!
Б ұ х а р. Келбетіңде ер кейіп бар, кімсің арысым?
С а б а л а қ. Армысыз ата жырау? /иіліп сәлем береді/.
Мен бір сыртқа шыққан саяқ ем – үйірімді іздеп жаңа таптым, шынымды айтсам, білерсіз.
Ж ұ р т. Шынын айтсын, шынын айтсын, өзі кім? С а б а л а қ /хан алдына барып тебірене сөйлейді/.
Алдияр, тақсыр, жан аға! Есіңде ме қарт жырау? Парсының ханы Надыр шаһ Түркістанға түйілді. Сұлтан әкем сол шаһарға әкім еді, бас имеді өр әкем, Надыр шаһқа көнбеді, алым-салық бермеді. Өшіккен Надыр шаһ айламенен әкемді Бұхараға шақыртты. Балғын жас едім онда мен, ере кеттім әкеме. Бағынбағанәкемніңбасынкесті Надыршаһ. Зынданға мені қамады. Жүрегіме шер батты, көкірегіме қан қатты. Бұл қазақта туысын жоқтар жан бар ма, төресін іздер хан бар ма? Сәті түсіп бір күні қашып шықтым тұтқыннан. Үйсін Төле биге келіп түйесін бақтым. Ақтабан шұбырынды болған жұртымның
тас қынаны талшық еткен аштығын көрдім, елім жауына қарсы ереуіл көтергенде жасағына келіп қосылдым. Ерлігім ел үшін, қайсарлығым жан үшін. Әбілмәмбет аға, мен сенің ініңмін. Уәлі сұлтанның баласы – Әбілмансұр – менмін!
Ә б і л м ә м б е т. Уа, садағаң кетейін боздағым, бәсе-бәсе, Есім ханның тұқымынан бір ер туса керек еді. Келші, асылзатым, маңдайыңнан сүйейін! / Әбілмәмбет, Зайдахан Сабалақтың маңдайынан сүйеді/.
А й т о л қ ы н. Сұлтан аға, қарындасыңмын. Оң қанатың болайын ардагерім! /Тәжім етіп арқасына асылады/.
Б а р а қ. Сұлтаным, арқар ұранды ақсүйегім, сендей туысты мен де көп күткен едім, келші / құшақтайды/.
А й т о л қ ы н. /Бараққа/. Жалбақтауға икемсің апақ-сапақта көз жаздым, Жанатайды қайда тастап қаштың төре?
Б а р а қ. Мен қашқан жоқпын, оқ тисе кім өлмейді?
Б ұ х а р. Ақсұңқардың түлегі дауылды күн бұрқанар,
Ашынғанда жолбарыс шаң боратып шарқ ұрар.
Мен сені – Түркістанда көргенде – тұрықтай ұл едің.
Қиядағы қырғиға садақ тартып жүр едің. Қилы кезде қайралды жауға азуың, Тұманды күн адасса, тұлпар табар қазығын. Атанекес жауымнан ежелгі кекті қайырған,
Арыстандай азулым, жұлдызы жарық сұлтаным!
Билік болсын мәртебең, кел сүйейін, пешенеңді тос бері!
/Маңдайынан сүйеді. Бәрі қостайды. Бәсе, хан тұқымы екен ғой! – деген дауыстар шығады/.
Б ө г е н б а й. Көп төренің төбесі бол, сұлтаным!
Ж ә н і б е к. Төрем, құтты болсын қадамың! /басын
әрең изейді де, шылымын сора береді/.
Б о т а ш. Төре, атой бергенде неге «Абылайлап» ұрандадың?
Б ұ х а р. «Абылайлап» атой берсе гәбі бар. Арғы атасы Абылай қайсар, қатал хан еді, атаға тартқан ұл екен, ашуы бар дауылдай. Алдияр хан, ел-жұртым бұл сұлтанның аты да болсын енді «Абылай».
Ә б і л м ә м б е т. Қолбасымыз ендігі Абылай болсын, ендеше бердім соған билікті.
Ж а у ы н г е р л е р. Абылай, Абылай, Абылай – қолбасы.
Б ө г е н б а й. Айбатына қайраты сай ер екен, қолбасшы болса болсын. Қидым мен.
З а й д а х а н. Ал, жауды жеңіп қайтқан ерлерім! Сендер үшін өзен жағасында торқалы той жасаймын, жүріңдер!
Ә б і л м ә м б е т. Ханым мені де қалдырма, шақыр ана қырқындарды, тағыммен көтеріп мені алып барсын сол тойға./Жауынгерлер, қыз-келіншектер әндете кетеді, ханды да әкетеді/.
Ж ә н і б е к. /өзіне/. Атасы қан ішер Абылай атанып еді. Мынау ел билесе талайды сорлатар. /Абылайға/ Төрем, мен кешегі шайқаста, тұтқиылдан атой бергелі жатқанымда алдымды орап неге шаптың?
А б ы л а й. Батыр, майдан деген өрт емес пе? Кімнің батыр, кімнің пақыр екенін байқата ма? Күш атасын тани ма, қызып кеткен шығармын. Намысыңа тисе, кешір, батыр!
Ж ә н і б е к. Есіңде болсын сұлтаным, төбе төртеу болса, жазықта қиыр жоқ. Төремін деп төбеге бұрын шыға бермегейсің.
А й т о л қ ы н. Сұлтан аға, Орта жүздің аға батыры ер Жәнібек, әкемнің де арқа сүйер Алатауы осы кісі. Екеуің тату болсаңдар – төбедегі түгел.
А б ы л а й. Бұл батырмен таныспын. Қолыңды бер, батырым, дос болайық! /Жәнібек шірене қол береді.
Боташқа/. Жас батыр майданда сені байқадым, ерлігіңе ризамын, енді менің оң қанатым боларсың.
А й т о л қ ы н. Сұлтан аға, сіз жауға атой бергенде, бір бүйірден лап берген осы жігіт қой. Құлап түскенде аяп кетіп ем, атына оқ тиіпті, өзі сау келді. Сұлтан ағаға серік бол!
Б о т а ш. Төреге төлеңгіт болуға ебім келмейді, онан да көп тобырдың бірі болғаным абзал!
/Абылай адырая қарайды/.
Т о м а ш а /Боташқа/. Ей, есерім-ау, төреге жақын жүрсең, қарашадан бойың биік болмай ма?
Б о т а ш. Хан тұқымынан қайыр күтпеймін, Томаша. Тек елім үшін елбеңдеп жүрмін, әйтпесе... / Боташ, Томаша кетеді/.
Б ө г е н б а й. /ойлана келіп/. Абылай төрем қолбасы да, ел басы да енді сен болдың. Жеріміздің кең жалпағын әлі дүрбіт басып жатыр. Жан-жақта босып жүрген қазақ аз емес. Ел тағдырын шешер шақ. Ойлан, төрем!
Ж ә н і б е к. Арыстанның түлегісің. Аузыңды айға білер шағың. Бірақ тасып айтпа төре, дәл басып айт!
А б ы л а й. /өзгеден биігірек шығып/. Қозғауларың жөн, батырлар. Тар асудан тез асамын деп асыра баспаспын. Әлі де асар тау, алысар жау көп екенін біліп тұрмын. Кешегі ақтабан-шұбырынды болған есіл елімнің кегі кеудемде тұр жалындап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кер кезеңге қайтіп душар болды, қайран елім? Берекесіз төрелер мен бірлігі жоқ батырлардың кесірі емес пе, әйтпесе бітімі бар бүтін ел мұншама бүлікке ұшырар ма? “Тозған қазды – топтанған қарға талайды, Айбары”. бар жұртымыз аясынан айрылып тоз-тоз болып кетпеді ме? Жоқ, кер кезеңге асу бап. Ырыссыз – жер жоқ, ынтымақсыз – ел жоқ. Бірлік таппасаң – ірілік те таппассың. Ынтымақ тілеп төбеге шықсам бүйірге тартқан бүлікті бүркіттей бүрермін, пейілдеске
құшағым кең, асыл батырларым. Есіл жұртым үшін ортаңа енейін де тауқыметіңе көнейін. Кегің кеткен жауыңмен кескілеспей тынбаспын. Тар сонардан кең шиыр іздеп аттансам, тобым тұтас болар ма? Менің қиналысым сол!
Б ө г е н б а й. Жұбымыз бір. Сұлтаным, тек дұрыс асуларға баста, мына қазақ деген бейбақ жұртымды.
/Сырт жақтан әндеткен мәз-мереке жұрттың, домбыра-кернейдің масайраған дауыстары естіледі, жүгіре басып Томаша келеді/.
Т о м а ш а. Батыр Бәке /абдырап қалып/. Абылай аға, яки алдияр төрем. Жаңа Аякөз жорығынан қашып келген жігітке жолықтым. Аякөздегі есірген дүрбіттер лап бергенде қолбастаушы Әбілхайыр төре мен Қайып төре жасағын жауға тастап зытып беріпті. Және де үш жүзге қайсымыз хан боламыз деп өзді-өзі жанжалдасып қайтыпты /күліп./ – Ха-ха!
А б ы л а й. Сол ғой көздегені екі есер төренің. Масқара! Ха-ха!!! Пай-пай, сабаздар-ай! Кездесермін олармен, әлі!
Ж ә н і б е к. Не дейді? Сенбеймін. /Кетеді/.
/Шымылдық./
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Екінші сурет
Тау бөктері. Жаңа тігілген ақ шатыр. Қараша қостар, беткейде Абылай ойға батып толғанып отыр.
А б ы л а й. Тар сонарға кең шиыр табамын деп шарқ ұрмақпын. Тоз-тоз жұртты қайтып тұтастырам? Ұлан асуларда ұлысқан ұлысым болса деп ем. Қырық рудан құралған қырық пышақ қазақ бір қолға тізгінін тартқызар ма? Темір тұтқа керек бұл есігі қисайған берекесіз елге. Кіші жүз кетті қиырға. Ұлы жүз жатыр қырындап. Уысыма сыяр Орта жүз бар ма? Жаһанның жалпағын шеңгеліме шырмаған баяғы бабам Шыңғыс пен Ақсақ Темірлерді тәңірім темірден соқты ма екен? /Ойланып/. Ата жауымыз жоңғарды ата мекенімізден біржола аршысам, Абылай атағым алты алашқа теңселтер. – Жалғыз Жоңғар ғана ма, жауымыз. Ту сыртымыздан қылышын жалаңдатып Ресей тұр. Бүйірімізде қара қабандай жалақтап қалың қытай тұр. Ат төбеліндей аз қазақ қайсысына төтеп берді. Әбілхайырға жібер. Барақ неге кешікті.
/Кетеді/.
КӨРІНІС
Биік таудың шоқтығы, арайлап таң атып қалған шақ. Күн шұғыласы тарғыл тастарға шашырап келеді. Кертеште қарауылдаған Айтолқын сөйлеп тұр.
А й т о л қ ы н. Ханның қызы болғанша, қараның жұлдызы неге болмадым. «Хан қызы» деп батырлар
да батып сөз айта алмайды. Сыйлағаны емес, менен сескенгені ғой бәрінің. Әлде бергені ме, әлде хан тұқымы әбілет пе, пәле ме? Қандай мін бар бойымда?
/Алысқа қаранады/. Мендей шаһзада қыз бар ма бұл қазақта? Солай ғой. Жәнібек те маған ынтық. Барақ аяғыма бас ұрады. Қайтемін ондай өлерменді. Боташ неге кешікті? Бұл нағыз жігіт. Байқаймын, сірә, мені іштей ұнатады. Ал неге бәлденеді? Қыңыр еркек қасақана шіренеді. Маған лайық төре бар ма бұл елде? Ойлағандары мансап, еркектігі жоқ ездер, өңшең; жұртым-ау, айтыңдаршы, төрелері төмен, қарашасы емен болса – бұл елде мені құшар ер қайда? Қайда? /Долданып айғайлап жібереді. Тасада тыңдап тұрған Барақ келеді/.
Б а р а қ. Әлбетте, ханшам, бойжеткен бикешке бекер жүру қиын. «Түбі бір түтпейді» деген сүйегіміз бір төреміз. Қарашаның қолын қысқанша, ақсүйектің жеңін ұста, ханша. Абылаймен де жақсымын, әкең де мақұл дер, қолыңды бер...
А й т о л қ ы н. Қоймадың ба жабысуды, Барақ. Айттым ғой алдақашан. Екі әйелің бар жетпей ме, өзеуреме маған. /Кетеді/.
Б а р а қ. Қап, мына сүгірді-ай. Тоқта бәлем, сәті түсер.
/Барақ кетеді. Боташ келеді/.
А й т о л қ ы н. Боташжан, сау оралғаныңа қуаныштымын. Сені ойлап талай түнімен көзім де ілінбеді. Қарашы, міне, жүрегім де алып -ұшып тұр.
Б о т а ш. Ардақты ханшам, жүрегің неге алып-ұшады? Қара қазақты билеген хан әкең бар. Арыстандай ақырған сұлтан ағаң бар – сенің саусағыңа шыбын қонуға қорқады, кірпігіңе тозаң түсуден қашады. Мен де шыбынмын, сескенемін, ханшам!
А й т о л қ ы н. Хан қызының бәрі қасқыр емес, Боташ. Жүрегімді тыңдап көрші өзің. Боташ деп
боталап тұр. Тәлімсінген төре аз ба? Сенің ерлігіңе емірендім. Аяшы мені, Боташым!
/Боташ ханшаға қарап мүбіркейді де, алқынады, керігеді, әлденеге сулыққандай, шыдамастан аңғал жас Айтолқынға құшағын жаяды/.
Б о т а ш. Ақ сөзің бе, Айтолқын? Басымды тіктім найзаға. Келші! /Құшақтап сүйеді. Айтолқын Боташты қыса аймалап жібермейді/.
А й т о л қ ы н. /құшырланып, назданып/. Сүйші, сүйші, сендей ерге тоғыз төре садаға! Сұлтаным сенсің, Боташжан, сүйші! /Бұл сәтте биікте Абылаймен сөйлесіп тұрған Барақ көріп қалады./
Б а р а қ. Сұлтаным! Қарындасыңның еркелігін қараңыз. Төре сүйегіне түскен қара таңба емес пе бұл? А б ы л а й. Сұмдық-ай, қарай гөр мына қара сирақты! /Айтолқын кенет мұны сезе қалып,
құшақтаған Боташты кеудеден итеріп жібереді/.
А б ы л а й. Барақ, ұста да, қол-аяғын байла, мына найсаптың, ит құтырса иесін қабар деген осы да!
А й т о л қ ы н. Қапыда жармаса қалғаны ғой, кешіріңіз мейірімді сұлтан аға!
Б а р а қ. /Боташқа келіп/. Әкел қолыңды!
/Боташ Айтолқынға таңдана қарайды. Ханша көзін жыпылықтатады. Боташ қарсыласпай қолын көтереді. Барақ Боташтың қолын байлайды/.
Б а р а қ. /Боташты арқадан итеріп/. Жүр, сұлтанның алдына /Айтолқынға/ сері қызым, қарашаға қайырымды екенсің...
А б ы л а й. /Алдына келген Боташты нұсқап/. Айтолқын, хан қызысың, сені қорламақ болған бұл малғұнды құлат мынау құздан!
А й т о л қ ы н. /Абылайды аймалап/. Жоқ, алтын аға, құлата алмаймын, жүрегім шыдамайды. / Жылап кете барады/.
Б а р а қ. Құшақтағанда жүрегің қалай шыдап еді? А б ы л а й. Жап аузыңды, Барақ. Ханша туралы
тісіңнен теріс бір сөз шықса – отыз тісіңді қағамын. Барақ, құлат өз қолыңнан мына сұмды, намысың бір төресің ғой. /Барақ Боташты желкелеп алып кетеді. Кенет ойлана қалған Абылай Бараққа: Тоқта! Барақ!.. Құлатпа! /қоя бер/.
КӨРІНІС
Төбешікте батыр Абылай жүр. Томаша келеді.
Т о м а ш а. Алдияр тақсыр, сұлтан аға! Жорықтан Бөгенбай мен Жәнібек батыр оралды. Жиналыңдар бәріңде! /Дабыл қағылады, оң жақтан Бөгенбай, сол жақтан Жәнібек жігіттерімен желекті найзаларын, туларын ұстап, алға шығады. /музыка/.
А б ы л а й. /Төбешіктен төмен түсіп жылы жүзбен қуанып/. Армысың арыстаным! /Бөгенбаймен құшақтасады/. /Жәнібекке /.Саумысың жолбарысым! /Жәнібек құшақтауға келген Абылайға әрең иіледі/. Есенбісіңдер, ерлерім!
Д а у ы с т а р. Алдияр, сұлтан армысыз /иіліп сәлем береді/.
Б ө г е н б а й. Жорытқанда жолымыз болып, саған берген сертіміз орындалды. Торғайдан бастап сонау Ертіске дейін қаптаған қалмақты ойрандап, қалғанын Алтай жаққа қуып тастадық.
А б ы л а й. Айбатың ассын, батырым! Жауынгерлер /барлығы шуласып/. Мың жаса,
батыр Бөке!
Б ө г е н б а й. Сұлтаным, барлық жұртыңа хабар бер, Сарыарқа жері жаудан аршылды! /Тағы да жұрт шуласады/.
Ж ә н і б е к. Бөке, асықпа, әлі Аякөз бен Алтай маңында дүрбіт берік жатыр.
А б ы л а й. Қайран тарланым, ержүрек ерлерім, сендер барда мен жау түгілі, тауды да төңкеріп тастармын. Атамыздан қалған мына ала ту дайым
айбатымыз болсын!
Б а р а қ. Абылайдың ала туы болсын айбатымыз! Ж ә н і б е к. Төре, ту деген бір шүберек, гулесе –
жер де жыртады, қорғаның ел емес пе? Абылайлап шапқан айғайымыз емес, жауды жеңген жүз жылдан бері жұртымыздың елдігін бұзған ата жауымыз дүрбіттерден кек қайырған күллі үш жүздің намыскер ұлдары емес пе?
Б ө г е н б а й. Дұрыс айтасың, Жәнібек, бұл жорықта топ бастаған сан рудың талай-талай ұлдары мен батырлары болды.
А б ы л а й. Жәнібек батыр жақсы айттың. Қанаты қат-қат болмаса – қыранда айбат бола ма? Қараша халқы болмаса – ханда қайрат бола ма? Ал дүрбіттің тобын жарған, қырандарым, баршаңа шын алғыс айтамын. Үш күн, үш түн той, масайраңдар, ерлерім. Содан кейін Арқаға үдере көшеміз. Арқадағы кең қонысты әр руға атап бөліп беремін. Ал Аякөздегі жоңғарды өзім жайратамын.
Б а р а қ. Арқа, Алтай жағы босап қалса, сұлтаным, мені сонда жібер... Басқаруға сол жақты әзірмін.
Б ө г е н б а й. Еңіреген ел-жұртым ен жайлауға қонса болды, төрем, Біздің Қанжығалыға Арқадан бір сайды меңзей саларсың. Қатынның бетін көрмегелі көп болды. Шалдуар шіркіннің ашуы қазандағы құрттай қайнап жатқан шығар, тез жетейін, тойға ертең оралармын.
Ж ә н і б е к. Қайран, батырым-ай, қалың жаудан қаймықпаған қайсар бетің қатыннан қайтқаны ма? Жауға шабарда қарт бурадай бұрқырайсың, қатыныңа қайтарда қояндай қалтырайсың. / Күліседі/.
Б ө г е н б а й. «Бұқадан шыққан жау жаман, бүйірден шыққан дау жаман» дегендей, қатынның қаһарынан сұқтанам. Жұрттың бәрі Жәнібек бола ма, әйел көрсе сырттандай сұстанады. /Бәрі ду күліседі,
Барақты ертіп Абылай шатырына қайта кіреді, Томаша қалмақ қызы Дахтаны ертіп келеді. Дахтаны Жәнібек бөгейді/.
Ж ә н і б е к. Томаша, сен бара бер, сұлтанға өзім тартармын.
Т о м а ш а. Батыр аға-ау, алдымен, өзіңіз... / кетеді/.
Ж ә н і б е к. Торға түскен торғайым, менің құшағымнан енді босайсың.
Д а х т а. Мұның қалай, батыр? Елімді шапқанда олжалаған өзің ғой. Қасымда боласың, серігім бол, – демеп пе едің?
Ж ә н і б е к. Ия, солай еді, ықыласыңа ризамын. Бірақ себеп басқада, Дахта. Хан-сұлтанның ырымы қатты. Жорықтан олжа келсе бас сыбаға солардікі. Қарашаның хақы жоқ сендей асыл олжаға. Және де бір қатын үшін ханмен қағысар жәйім жоқ. Онсыз да қырғи қабақпыз. Өкінбе, Дахта. Ертең елді аузына қаратқан айбынды ханым боласың. Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық. Ұмытпассың, кездесерміз...
Д а х т а. Солай ма, батыр? Қырқын ғып мені торладың ғой, мені де іздер ерлер бар, Әмірсана! / Шатырдан Абылай мен Барақ шығады/.
А б ы л а й. Әмірсана дедің бе? /Дахтаға/. Ол кім еді? Өзің асыл затқа ұқсайсың, тегі, бір ноянның қызы боларсың.
Ж ә н і б е к. Олжаға түскен мал-мүлікті хан ордасы қабылдар. Менің саған әкелген сыбағам дүрбіттің асыл сұлуы, бір ноянның қызы Дахта, «Қатын ал да қалмақтан, айналаңа салмақтан» дегендей, салмағыңа сай ханым болсын. /Дахтаны Абылайдың алдына апарады, Дахта үрейлене иіліп тәжім етеді/.
А б ы л а й. /Дахтаға таңдана қарап/. Көзіңде от бар екен, мүмкін от жүректі ұл туарсың. Барақ, шатырға кіргіз ханымды!
Б а р а қ. Жүріңіз, жас ханым! /Дахтаны шатырға
енгізеді де, Барақ қайта оралады. /Абылайға/– Тек сізге лайық перизат екен.
Ж ә н і б е к. Төре, дүрбіттен атамекеніміздің көп жерін босатып алдық. Алтай жақта олар әлі күшті ғой. Ар жағынан айдаһардай азуын қайрап, құжынаған қытай тап бергелі тұр елімізге. Осы қауіпті, әкім сұлтаным, ойландың ба?
А б ы л а й /жақтырмай, ерсілі-қарсылы жүреді/. Менен бұрын сен ойлаған екенсің, не айтпақсың сонда?
Ж ә н і б е к. Бытыраған қазақтың басын біріктіру керек. Бас-басыңа билік құрмай Әбілхайырмен үндесуің керек.
Б а р а қ. Орыс патшасына арқа сүйеген Әбілқайыр
- Абылаймен есептесе ме?
Абылай. Шоқынған төренің төбесі биік қой қазір... ол орыспен табысса, мен Қытаймен тілдесермін.
Ж ә н і б е к. /зілдене/. Төбеге шықсаң да, жан- жағыңды барламайтын, албырт төре! Айналасындағы жұртты жүндей түтіп қасқыр жыртқыш қытай тап берсе – ел басына ақыр заман сонда туар. Әбілқайырмен ақылдасуға өзім кеттім /өр басып жөнеледі/.
Б а р а қ. Бұл кәззап Әбілқайырмен дос қой, асыл төрем, бұл қудан сақ бол, бір бәлеге арандатып жүрмесін.
А б ы л а й. Айналам толған алаяқ, қайтсем екен, жырау қайда?
Барақ, шақырып келші Бұхарды, Орта жүздің әулиесі сол ғой, не толғар екен. Тыңдайық!
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Үшінші сурет
Абылай ордасы, Бабақ ханым сұлтанның басқа зайыптарын жинап, сән-сипатын байқап жүр. Топыш, Дахта.
Б а б а қ. /Дахтаға/. Қалмақтың қызы, керілмей түзу түр. Сәукелеңді түзеп қой. Сұлтан келгенде басқамыздан бұрын шошаңдап иығына жабыса түспе!
/Дахта күлімдейді, басын изейді/.
Т о п ы ш. Ойбай-ау, кетерінде Сұлтаның осының үйінен аттанды ғой, бәйбіше.
Д а х т а. Қазақ қамданғанша – қалмақ қағып кетер деген ғой, бәйбіше ханым. /Бәрі күледі/.
Т о п ы ш. Осы сапардан сау келсе, құлынның етін алдымен біздің үйден жемекші еді асыл төрем!
Б а б а қ. Жә, атам қыпшақ деп керіле берме. Емшегіңді салақтатпай жөндеп қой. /Томаша келеді/.
Т о м а ш а. Сұлтан аға келе жатыр, қиқаңдамай дұрыс тұрыңдар, ханымдар.
Т о п ы ш. Әй, сен қай селтекпай едің бізге әмір беретін? /Ханымдар мазақтап күліседі/.
Т о м а ш а. Мен бе, Абылай сұлтанның оң қолымын, нөкерімін.
Б а б а қ. Жетер енді, көргенсіздер, жорықтан шаршап келе жатқан шығар, арыстаным. Бекер сөйлеп мазасын алмаңдар!
А б ы л а й. /кіреді, күліп/. Ой-хой, Бабақ бәйбіше, мына көзайымдардың көздерін мөлдіретіп, күйеулері ұрын келетіндей тізіп қойыпсың ғой.
Б а б а қ. Арыстаным, сен бізге ылғи ұрын келгендейсің. /Құшақтап Абылайдың маңдайынан сүйеді. Топыш ханым құшақтап бетінен сүйеді. Соны көрген Дахта да Абылайдың мойнына асылып сүйіп- сүйіп алады. Қалғандары бәйбішеден бата алмай сұқтана, наздана қарайды. Олармен Абылай жылы сәлемдесіп өтеді./
Т о м а ш а. Пай-пай, ханымдардың жарасуын- ай, бәйбіше толықсыған ай болса, өзге ханымдар қасындағы алқа жұлдыздар сияқты. Сұлтан аға, қосақтарыңыз құтты болсын. Осы сапарда маған бір шүйке басты лайықты ма деп едім..
А б ы л а й. /күліп/. Әй, Томашам-ай, жігіт болған екенсің ғой, сабыр ет. Галден-Шеренді шапқанда соның қызын саған әперейін.
Т о м а ш а. Садағаң кетейін, жомарт сұлтаным! Құдай бұйырса бір қатынға біз де қожа боламыз. / Арсалаңдап күліп кетеді/.
А б ы л а й. Бабақ ханым нөкерлеріңді өз отауларыңа тарат. Кейін бәрін де төркін руларына қарай көшіреміз. Ханымдардан туған ұлдар – түбінде сол елдің төресі болар.
Х а н ы м д а р /жарыса сөйлеп/. Сұлтаным, тезірек кел, күтеміз.
Д а х т а. Төрем маған қарашы, күтем /көзі жыпылықтайды/.
Б а б а қ. Құп болады, тақсыр, жүріңдер сүгірлер, өзеуремей.
/Бәрі кетеді, Абылай жалғыз/.
А б ы л а й. Халық қырық қилы, қатын жүз қырлы, бәріне де жетер ме екен, айлам? Бірі қатты, бірі тәтті қайсысына қиылам /Томаша келеді, Бабақ кетеді/.
Т о м а ш а. Алдияр сұлтаным, сақалы көмірдей қап-қара көзі жайнаған біреу келіп тұр.
А б ы л а й. Албасты болса да енсін!
/Қарасақал кіреді, басында түркі тақия, келбетті, сұсты, Абылайға иіліп ізет етеді./
Қ а р а с а қ а л. Биік мәртебелі абзал сұлтан! Ордаңызға келіп сәлем бергеніме бақыттымын. Русия патшалығына кіріптар болған түрік милләттердің арасында сіздің қаһармандық даңқыңыз әбден мағлұм. Түрік нәсілде қардашларыңыздың игі басшылары мені сізге жіберді... Менің есімім
- Қарасақал. Еділ түріктерінің орысқа қарсы ереуілдерін басқарған әскер басы едім.
А б ы л а й. Ал, Қарасақал мырза, сонда түрік жұрттарының игі жақсылары менен не тілемек?
Қ а р а с а қ а л. Уа, абзал сұлтаным, башқұрт қардашларыңыздың Руссияға бағынбау үшін ғауға көтергенін естіген боларсыз?
А б ы л а й. Естігенім бар, қашып келген естектерден...
Қ а р а с а қ а л. Сұлтаным, сіздің туысыңыз Әбілқайыр хан орыс жандаралына қосылып, сол башқұрт сауырларына бүйідей тиіп жатыр.
А б ы л а й. Әбілқайыр? Мұндағы өз жұртын, оның дұшпаны жоңғарды ұмытып енді башқұртқа жауықты ма?
Қ а р а с а қ а л. Кешіріңіз, Русь патшасының ендігі көздегені сіз. Егер Руссия патшалығының қоластына енуден бас тартып, орысқа қарсы шықсаңыз, туысқан мұсылман ағайындарыңыз көмекке әзір. Сіздей мәртебелі хан түрік туының астына енсе оны біз...
А б ы л а й. /ойланып/. Менің жауым алдымен жоңғар. Соны біржола жеңіп алайын, содан кейін көрермін. Ресейдің қатын патшасы Орынбор жандаралы арқылы маған сөз салған. Жауап қайырмадым, кейін кеңесерміз.
Қ а р а с а қ а л. Әміріңізге құлдық тақсыр!
/Жәнібек және орыс елшісі Рожков келеді/.
Ж ә н і б е к. Сұлтаным, танысып қой, ұлы орыс
патшасының елшісі Рожков мырза. /Рожков иіліп ізет етеді/.
А б ы л а й. /салғырт амандасып/. Ия, не айтпақ бұл орысың?
Ж ә н і б е к. Жаулық емес, орыс елшісі татулық іздеп келіпті.
Р о ж к о в. Сұлтан мырза, Россияның ұлы мәртебелі патшасы Екатерина ханым ізгі мейіріммен сізге сәлем жолдады.
Т о м а ш а. Орыстың патшасы қатын екен-ау. / Ыржиып күледі/.
А б ы л а й. Сәлемет болсын патшаңыз, ал айтыңыз? Р о ж к о в. Патша ағзамның сізге сәлемі – ізгілік ниетпен. Жоңғармен жанжалдарыңыз бітер емес. Дабачи Кіші жүз қазақтарына да шабуыл жасады. Тек орыс әскерінің айбатымен кейін шегерілді. Ал Орта және Ұлы жүзге қауіп әлі күшті. Біздің мағлұмат бойынша Қытай императоры Цзянь-лун жуықта қазақ жеріне басып кірмекші. Ұлы патшамыз сондай қырғын апаттардан қазақ жұртын сақтау үшін сізге сөз салып отыр. Россия патшалығының қоластынан пана тапсаңыз – қауіпті жаулардан қорғауға орыс әскері әрқашан әзір. Бұл туралы жүз көрісіп сөйлесуге патшамыз сізді Петербургке, өз құзырына
қонаққа шақырады.
А б ы л а й. Жоқ, мен орыс патшалығына кіріптар бола алмаймын. Мен Әбілқайыр емеспін. Басқаның жәрдемінсіз-ақ жауымды өзім жайпармын. /Ерсілі- қарсылы жүреді, Бөгенбай келеді/.
Б ө г е н б а й. Жоңғармен жұлқысамыз деп жұртымыздың титығы шықты. Орыспен мәмліге келген жөн, сұлтаным.
А б ы л а й. Орыспен мәмілеге қайтіп келіспекпін, орыс патшасы мейірімді болып қай жұртты жарылқады. Қоластында өзге башқұрт, қалмақ секілді бұратана жұрттар, патша ізгі болса – неге
ереуіл көтереді?
Қ а р а с а қ а л. Ғайри, кәпір патша Кавказ халықтарының елдігін бұзып, аздырып жіберді деңіз. Біздің Еділ атырабындағы милләттерді тоздырып, азаматтарын шахталарға тамұқ кібік іске жұмсап, құл етіп қойған деңіз, алдияр тақсыр.
Ж ә н і б е к. Мына қара сайтан қайдан пайда болды? Шық ордадан, бұралқы неме? /Семсерін ала ұмтылады. Қарасақал шығады/. Осындай әзәзілдердің өсегіне ерсең, төрем, еліңді орға жығарсың. Ауқымына жақын барған кіші жүзге орыстар қорлық көрсетіп отыр ма? Мен өз көзіммен көріп келдім... Кіші жүзге енді жоңғар жолай алмайды.
/Бұхар мен Бөгенбай келеді/.
Б ұ х а р. /елшіге/. Қадамың құтты болсын, жат мейман!
Жәнібек. Орыс патшасының елшісі. Ұлы патшаның сәлемін әкеліпті.
Б ұ х а р. Естіп келдім. /Абылайға/. Алайшам, толғамың қалай?
А б ы л а й. /тебіреніп сөйлеп/. Толғамның түйіншегі қиын болып тұр, жырау. Жан-жақтан жау түйілген бір пақыр жұртпыз. Оң жағымызда – жоңғар, маңдайымызда – қытай, арқамызда – орыс. Бүйірімізді түрткілеп Бұхара әмірі тұр. Қайсысына тәжім етеміз?
Ж ә н і б е к. Жоңғар болса ата жауымыз, қытайға иманымыз қосылмас. Ал орыстың жерімізді жағалап жүргені бүгін бе?
Б ө г е н б а й. Баяғыдан сол. Бірақ қай руды қырып салды орыс? Жағалап жүрсе де жағамызды жұлған жоқ. Байыбын байқап тілдесейші, төре!
Б ұ х а р. Әй, Абылайшам, қазақ бір далаға біткен дарақ, дауылда шайқайды, жел де тербейді. Ежелгі дұшпан ел болмас, дүрбіт пен шүршіттен дәрмен
күтпе! Абылай, қилы кезеңде қия кесер жол тап! Іргесі күшті ірі жұрт – қырын келме орысқа!
А б ы л а й. Батагөй жырауым, толқын соққан қайықтай өз басым да сергелдең. Асан қайғы айтқан қилы-қилы заман осы шығар. Ал өзің барла, жырау. Орысқа бодан болса азып кетпей ме, бұл жұртың?
Б ұ х а р. Қиыннан сұрау сап, қинама, сұлтаным. Орыс айбарлы жұрт қой, тілін тапсаң татулық табарсың.
Б ө г е н б а й. Талай жылғы селебе соғыстан талықсыған ер-азаматтың енді ереуілді жорыққа шабар дәрмені аз қалды. Жанжал іздеме, төрем!
А б ы л а й. Орыс айбалтасы бар айбарлы ел, елімді қайтып қиямын.
Р о ж к о в. Алдияр, мәртебелі сұлтан, бекер қауіптенесіз, орыс патшалығы қоластынан пана тапқан ешбір жұртты қырып жойған жоқ. Еріксіз шоқындырғандажоқ,татар,башқұртағайындарыңыз мұсылман қалпында, Кавказ жұрты да өз жерінде тіршілік етуде. Сол еркімен бағынған халықтардың кейбір басбұзарларына ғана орыс ұлықтары қатал. Бейбіт бағынған жұртқа берекесі мол жұртпыз!
Ж ә н і б е к. Талай жұртты сыртқы жауынан, өзара қырқысудан сақтады Ресей патшалығы. Ел- жұртымыз тар қыспақта тұр. Жоңғар жүндей түтіп, қытай құрттай езгелі тұр, қорған керек орыстан!
А б ы л а й. Ордамызды орыс басса, ортамызға от түспей ме?
Р о ж к о в. Алайда, сұлтан, ордаңызды обырлар торлағанда қорғаныңыз болуға орыс қаруы әзір. Қош, мәртебелі сұлтан!
Ж ә н і б е к. /Рожковқа/. «Хан қарақшы, халық сарапшы» деген іргелі жұрттың ірісімін, Петерборға патшамен тілдесуге өзім барамын, жүріңіз, елші мырза! /Рожков, Жәнібек кетеді/.
Б ұ х а р. Сұлтаным, неге осынша қарыстың,
арыстандай айбатты болсаң, түлкідей айлалы да бол! Орыспенен тіреспе, жақыннан жау шақырмай, бір қолыңның ұшын бере тұр, айла керек, Абылайшам!
Б ө г е н б а й. Жөн айтады жырау, ойлан, сұлтан! / Бұхар кетеді, Абылай аз ойланады да, кетпек болған Бөгенбайды бөгейді/.
А б ы л а й.Қыңыр Жәнібек өзінше езулеп кетті. Менімен санаспағаны ғой. Ел-жұртымыздың өр тұлғасы едің, еңсемді көтерер өзіңсің...
Б ө г е н б а й. Не айтпақ едің, төрем?
А б ы л а й. Дабачидың қалың қолы Алтайды басып жатыр. Соған қарсы аттан да ойрандап қайт. Сонда орыс та, қытай да бізбен санасады.
Б ө г е н б а й. Жоқ, сұлтаным, бұл тілегің болмас. Алтай дүрбіттің түп ордасы. Онда бекініс берік. Біздің қуатымыз тең келмес, босқа қырыламыз, біраз уақыт күш жинайық.
А б ы л а й. Бұл тілегім ғана емес, бұйрығым да, батыр. Жәнібекше қисаймай, бірлігімізді сақта, тез аттан бұл жорыққа. Түркістан маңын жаудан өзім аршимын.
Б ө г е н б а й. Қиын қияға қол серметтің, төре, бас билікті қолға алып бас асау болып кеттің, кеңеспей істеген ісіңнен еліңе кесір келмесін! Жұртым үшін жөнелдім, жолымды оңғар аруақ. /Кетеді/.
А б ы л а й. /ойланып/. Мейлі барсын, Жәнібек сияқты бұл да басынбақшы. Тіпті, өзінің даңқы асып, мейманасы тасып барады. Әлі де өзім бас қолбасшы деп ойлайды. Әміріме бас исін, барсын. Мейлі қатер төнсе тағдыры білсін. Қыңырларды енді қылышыммен түзермін. /Дахта келеді/.
Д а х т а. Ардагер сұлтаным, Бөгенбайды Алтайға жорыққа неге жұмсадың, Дабачи қас екен деп, дүрбітпен жауласуды тоқтатшы енді, падишам. Жәнібектің де сөзінің жаны бар, пайымдашы, сұлтаным.
А б ы л а й. Дахта, кімге, неге жаның ашып тұр? Қатынның ақылын тыңдаған ер оңбас! /Ашумен шығып кетеді/.
/Шымылдық./
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Өзен жағасы, жағаға жақын хонтайшының сарайы. Мұнда Дабачи, Сүжде, Әмірсана.
Д а б а ч и. /Жүре сөйлеп/. Жоқ, мен көнбеймін! Ұлы Хонтайшының боздағын өлтірген Абылайдың басын кесіп, қанын ұрттау керек!
Ә м і р с а н а. /шылымын тартып/. Өз кесіміңді асыға айтып аптықпа, Дабачи! Абылайдың бір ұрттам қаны үшін екі жұрттың қанын есепсіз төгіп алмайық. Ханын өлтіргенмен, қазақтың қалың халқы бар. Қаншама қонысын бізден тартып алмады ма бұл қазақ? Жоңғар патшалығының төрт бұрышы теңселіп тұр. Ертістен барлап орыс әскері жүр, желкемізден төніп қытай тұр. Қазақпен енді жаулассақ – жау жан-жақтан тап бермей ме? Абылайды босату керек!
Д а б а ч и. Әмірсана, мынауың азғырынды сөз! Әлі жағасы жыртылған жоңғар жоқ. Бізде қытайға да, қазаққа да шабар әлі қайрат бар. Ханшам, сенің қандай шешімің бар, Абылайдың өлтіргені – сенің бауырың ғой.
С ү ж д е. Айтқаның оң, ноян! Бауыр менікі болғандықтан қайғым да ауыр. Бірақ Абылайдың бір жұтым қаны – жаныма шипа болар ма?
Д а б а ч и. Ә-ә? Тағы да екеуіңнің лебің бірдей есті ме? Жоқ, мен сендердей әйеншек емеспін. Мен бас қолбасшымын, Абылайдың басын кесемін!
Ә м і р с а н а. Дабачи, сен бас ноян болсаң, мен ұлы Хонтайшының жақын туысымын. Сүжде мені қостаса, қарсы шығар жолың жоқ!
Д а б а ч и. Жоқ, айтқанымнан қайтпан!
С ү ж д е. Ноян! Әміріңді асырма! Хонтайшының тағын басатын – мен!
Д а б а ч и. Солай ма ханша, жақтағаның Әмірсана ғой. Әкең мынадай түсікті емес, мына, мендей жолбарысты қостар еді. Жоқ, дегенім болады! / Бұлқына жөнеледі/.
Ә м і р с а н а. Қанға тоймаған қара қабан! Сенің қараңды өшірмей тынбаспын! Әлде бұл қабанды қазақтарға ұстатсам ба екен? Патшалыққа ие болмақ, жоқ, мұның көзін жоярмын.
С ү ж д е. /елжірей сөйлеп/. Қаһарланбашы, ардагер нояным, елге тұтқа болар екеуің жұлқыссаң, тоз-тоз болмай ма байтақ жұртымыз?
Ә м і р с а н а. Жоқ, бұл құтырған бұқаның мойнын жұлмаса болмас. Тұра тұрсын! Ақ жұлдызым, қайғырып қарайып кетіпсің ғой, жайнатшы жанарыңды – жайнасын жаным! /Құшақтап сүйеді, жасауыл кіреді/.
Ж а с а у ы л. Тақсыр ноян, тұтқынды әкелдік. Ә м і р с а н а. Кірсін.
/Барақ кіреді, жасауыл кетеді/.
Б а р а қ. Алдияр тақсыр! /Басын жерге ие сәлем береді/.
Ә м і р с а н а. Тік тұр, қамыстай иілмей. Төре емессің бе?
С ү ж д е. Өз ханын жауына ұстап берген опасыз осы емес пе?
Б а р а қ. Абзал ханшам! Ұлы Хонтайшының аруағы үшін, бұл қызметім үшін, абырой күтемін.
Ә м і р с а н а. Ал Абылайды қалай арандаттың, Барақ төре?
Б а р а қ. Абылайды киігі көп деп алыстағы бір
адырға ертіп апардым. Абылайдың киікті көздеген оғы, киікті қуалап жүрген балаға тиді. «Оқ тиген кім болды екен, біліп кел!» – деп Абылай мені сайға жұмсады. Қалтарыста келе жатсам үш дүрбіт
- Хонтайшының баласын кім атты? – деп мені ұстап алды, мен Дабачиға берген уәдемді ескеріп, Абылайдың жатқан жерін көрсеттім...
С ү ж д е. Өз ханын жауына ұстап берген бұл сұмнан жатқа не жақсылық – басын кесу керек!
Б а р а қ. Тақсыр ханша, мен ұлы Хонтайшыға Орта жүзді бағындырамын! Абылайдың көзін жоюға көмек етемін деп ант беріп ем...
Аяңыз!
/Дабачи кетеді/.
Д а б а ч и. Барақ төре, оңаша кездесейік, кел бері!
/Әмірсана, Сүжде кетеді/.
Б а р а қ. Ал, тақсыр ноян, сізбен тілдеспек ем...
Д а б а ч и. Осыдан үш жыл бұрын Кіші жүзді шапқанында да Әбілхайыр маған өзі келіп бас иіп жоңғарға қосыламыз, маған татулық үшін қызыңды саған беремін деп уәде етіп еді, қазір ол екі жүзді сойқан орыс патшасына табыныпты.
Б а р а қ. Тіпті, жандаралының табанын жалайды. Д а б а ч и. Шартым сол, төре, Абылайдың басын қақсам сені Орта жүзге хан етемін. Ал сен алдымен, – мені алдаған Әбілхайырдың ебін тауып көзін жойып
кел!
Б а р а қ. Әбілқайырда өзімнің де кегім бар. Орынбор жандаралына мені жамандап, Кіші жүз атырабынан мені қуып жіберді. Орындаймын айтқаныңызды!
Д а б а ч и. Ендеше жолың болсын, тез жөнел!
/Екеуі де кетеді/.
КӨРІНІС
Тұтқын бөлмесі. Ішінде Абылай. Томаша, Абылай ерсілі-қарсылы жүріп жүр.
А б ы л а й. «Қарағай басын қар шалса, жапырағы қалтырар» дегендей, ханын қорғамай қалың қазақ қалтыраған жапырақ болғаны ма? Әлде Абылайдан құтылғанына қуанғаны ма? Қияннан қоныс, қиырдан өріс әпергенім бе, бұл қазаққа жазығым? Арыстан кетсе, орманда қоян ойнақтар, Абылайдан айрылсаң, не боларсың, сорлы жұрт? Абылайлап ат қойғанда артымнан шапқан батырларым, қайдасың? Арманыма жете алмай қалғаным ба қамауда? / Күрсініп отырады/. Томаша темірлі терезеден сыртқа құлақ тосады. Біраздан кейін сырттан зарлы дауыс шығады. Грамафон жазбасы./
Қаратауым, асқарым қайран жерім, Туып -өскен мекенім қайда менің? Күндігіңде жат елдің күнім өтті, Жылағанда қан жұтып, қайғы жедім. Жел тыңдар ма зарлаған бұл үнімді, Кім аяйды мұң басқан күң күнімді?
Бұл жалғанда арманым болмас еді, Көріп өлсем жетімек құлынымды...
Т о м а ш а /селт етіп/. Мынау ана дауысы ғой. Әлде менің шешем бе? /Есікті ұрады/. Ағатай, қалмақ, аш!
А б ы л а й. Тоқта, Томаша, жауға жалынба.
Т о м а ш а. Сұлтан ағатай, шешемді сағындым, өлі ме, тірі ме, ей, дүрбіт аш! /Кенет есік ашылады, Әмірсана мен Рожков енеді/.
Ә м і р с а н а /Абылайға ізетпен/. Қалай, қазақ сұлтаны, жаңа қонысыңыз жайлы болды ма? / Абылай жауап қатпайды/.
Р о ж к о в. Сұлтан Абылай! Ұлы мәртебелі Россия императорының зор мейірім шапағаты, әм әмірі бойынша жоңғар Хонтайшысынан тұтқыннан босатуды талап етіп келдім.
А б ы л а й. Ұлы мәртебелі орыс патшасына бұл үшін рахмет. Айтыңызшы, мырза, қазақ жұртынан мені іздеген ешкім болмағаны ма?
Р о ж к о в. Неге іздемесін, сұлтан мырза. Бұхар жырау, Жәнібек батыр, Қазыбек би, тағы бірнеше ел жақсылары Омбыдағы орыс генералына сізді жоңғардан босаттыру хақында елдің пәтуа сөзін әкелген. Солардың шағымы бойынша келдім...
Ә м і р с а н а. Абылай сұлтан, орыс патшасының талабы бойынша тұтқыннан босағаныңды мақұлдайсың ба? Ұлы Хонтайшымыздың баласын атып өлтірген сені тірідей бауыздауымызға хақымыз бар. Егер мақұлдасаң алдымен маған уәде бересің. Дабачи сені тірі жібермес!
А б ы л а й. Өз басымды қорғап, елімді бағынышты етуге ешкімге де уәде бермеспін. Жан-жақтағы тоз- тоз жұртым бар. Арманым соларды біріктіріп, бүтін бір ел етсем деп едім. Екінші арманым, көшпенді жұртыма қазық боларлық қала салдырып, азық боларлық егін еккізсем деп едім.
Р о ж к о в. Сұлтан мырза, ұлы мәртебелі Ресей патшасының сізге деген кең мейірімін ұмытпассыз, бұл арманыңыз да орындалады.
Ә м і р с а н а. Хан басыңды арыстанның аузынан қағып қалған Әмірсананы да ұмытпассың, Абылай.
А б ы л а й. /екеуіне де/. Ізгілік естен кете қоймас, мырзалар.
Т о м а ш а. Ноян аға, менің анамды да босатыңыз.
Ағатай, босатыңыз!
А б ы л а й. Әуелгі шартым, я дүрбітке құл болып жүрген бүкіл қазақты босат!
Ә м і р с а н а. Жарайды, босатайын. Ал, елші мырза, енді тез аттаныңыздар! Дабачи келсе кесір келтірер. Абылай сұлтан, бір ауыз ғана сөзім бар. Басқаларың бара беріңдер.
Т о м а ш а. Тілеуіңді бергір. Жақсы қалмақ екенсің!
/Томаша рахмет айтып, қоштасып кетеді. Абылайға
- күтем, сұлтан тез шығыңыз! – деп Рожков та шығады/.
Ә м і р с а н а. Ал, Абылай сұлтан, мен бір елдің сұңқары болсам, сен бір жұрттың қыранысың. Бір ажалдан сақтап қалдым, менің мұндағы жауым
- Дабачиді құртуға себің тисе, Әбілхайырды орға жығуға мен әзір. Бұл – бір шартым, екінші – Хонтайшы болса өлді! Билік Дабачи жағына ауып кетпес үшін сен менімен келісімге кел. Тағы бір шартым – менің туысым Дахтаны сен олжалап алып, әйел етіп отырсың, болар іс болды, Дахтада Дабачидің көңілі бар еді. Ал жоңғар мен қазақ тағы да жауласпай тату тұру үшін жанжалшыл Дабачиді алдандырып Айтолқынды бересің.
А б ы л а й. Ноян, шартыңның салмағы ауыр екен. Бірақ тар қияда табыстық, тарылмайын, Айтолқын?.. қайтейін, елдік үшін қиям да. Менің де шартым бар. Әбілмәмбет хан қартайды, атамекені ғой, Түркістанды өзіне қайтарып беретін бол. Қытай жоңғарға тап берсе, бүйірден соғатын мен болайын. Сол үшін Іле мен Алтайды қазаққа түгел қайтар.
Ә м і р с а н а. Оған сене бер, ардагер сұлтан! Дегенің болсын!
А б ы л а й. Және де ойдан орыс, қиырдан қытай қиқу салып төне қалса, сойылыма сойыл қосар сен бол, абзал ноян!
Әмірсана. Қане, қолды бер келістік! А б ы л а й. Келістік /қол беріседі/.
/Абылай кетеді, Әмірсана жымиған жүзбен ойланып қала береді/.
/Шымылдық. /
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Екінші сурет
Көкшетау. Арғы көріністе Бурабай көлі. Оқжетпес шыңы. Тау бауырында хан ордасы. Қосарлана тігілген екі бөлекті ақ ордада Абылай жалғыз ойға батып отыр.
А б ы л а й. Үлкен ордаға ие болсам да отау үйдің иесіндеймін. Орта жүз түгел тыңдамаған әмірімді бар қазаққа қайтіп жеткізем? Қапыда түсіп, қапасқа қияғымды бір шалдырдым. Атағыма дақ түсті. Ақырында орыс пен жоңғарға бір қолымды кезек ұсындым, айбынды Абылай атымнан айбаттың кеткені ме? Петербордан Тархан атағын алып қайтқан Жәнібек маған тілдеспей, өзінше жатыр шіреніп. Әлде бәрі басынсын, өзім жасиын ба? / Ойланып/ – Жоқ, Арқар ұрандының арланымын. Қастасқанды қандатармын әлі де... /Даусы ызалана шығады. Мұны естіп қалған Дахта келіп Абылайдың мойнына асылады/.
Д а х т а. Арыстаным, неге мұнша налыдың, аймалашы, мені?
А б ы л а й. Аяшым, қилы-қилы кезеңде жүріп, жан саясын да ұмытыппын ғой, ақ маралым! /Сүйеді/. Өзің жеңілденіп қалғансың ба?
Д а х т а. Иә, арыстаным, сенің тағыңды сақтап, айбыныңды асыратын ақсұңқардай ұл тудым.
А б ы л а й. /Дахтаны көтеріп, құшақтап/. Ой, аяшым! Сүйінші демейсің бе? Ақ орданың қазығы да,
құты да сен боларсың асылым!
Д а х т а. Сүйіншімді бер, сұлтаным! Тілейтінім аз. А б ы л а й. Ал сұрай ғой, Дахтажан!
Д а х т а. Жауықпашы ешкіммен, аттанбашы жорыққа. Қасымда болшы, арыстаным. Сен Хонтайшының қолында болғанда қамықты ғой жаным. Дүрбіт болса өз нәсілім, қазақ ата жұртым. Екі жұрт жанжалдан сау болсын деп тілеймін, әміршім!
/Қарасақал келеді, Дахта шығады/.
Қ а р а с а қ а л. Ассалаумағалайкүм, асыл сұлтаным!
А б ы л а й. Сәлемет пе, мырза! Ал сөйле, қалай оралдың?
Қ а р а с а қ а л. Айтайын, абзал сұлтаным, наймандардың бір бөлегі орысқа бағынамыз деп, сіздің әміріңізді тыңдамай қойды. Қаракерей Қабанбай батыр да жандаралға – орысқа бағыну хақында елші жіберіпті.
А б ы л а й. Қағынан жерінген құландай, елінен безген азғындар. Алдымен бетінше сәуерленген керей мен найманның сазайын бер!
Қ а р а с а қ а л. Құп, тақсыр! Өзім де солай ойлап едім...
А б ы л а й. Мырза, саған ерекше тағы бір тапсырма.
- Боташты бұл жолы саған қосамын. Төре сүйегін қорлағанын ұмытпаспын. Айтолқынды Дабачиға ұзатам деп серт бердім. Боташ енді қайтып ордаға оралмасын, дүрбіттер атып кетіпті дей саларсың. Түсіндің бе?
Қ а р а с а қ а л. Түсіндім. Ондай кесапатқа сондай өлім лазым.
Құп тақсыр. /Сыртқа шығады. Жымия ойланып/. Әрнені айтып Абылайды абдыратып кеттім. Бұл харакетімнен орысқа деген ақыры бір өрт шығар. Әмин!
/Алшаң басып Жәнібек келеді. Орыс патшасының
Тархан атағын алған шен белгісі, белінде күміс қанжар, аузында шылым./
Ж ә н і б е к. Сәлем, сұлтаным! Алты ханымның аясында қаздай қалқып, ордаңда сау жүрмісің, сұлтан.
А б ы л а й. Патшаның жандаралын тәуап етіп, орыстың хажысы болып қайттың ба, батырым?
Ж ә н і б е к. Хажы болғандардан қасиет тапқан қазақ жоқ. Беймаза жұртымның қамын ойлап, орыспен тілдессем не айыбы бар, төре?
Абылай. «Саяқ байтал үйірін аттан іздер, жалқы жігіт жақынды жаттан іздер» дегендей Әбілхайыр екеуің елден ерен шыққан ер болдыңдар-ау, сірә?
Ж ә н і б е к. Төре, қапысын сезбей қарысқандық ерлік пе? Әбілқайыр да жалқы емес, Кіші жүз соңында емес пе?
А б ы л а й. «Жарылғанды жау шабар, бөлінгенді бөрі жер» – Әбілқайыр орыстан әлі көресісін көрер. Ал, айта бер, жандаралы не деді?
Ж ә н і б е к. Сонымен, Орынбордың жандаралы Әбілхайырды және мені патша ағзамның әмірі бойынша, зор құрметпен қабылдады. Әбілқайырды Кіші жүздің ханы етіп бекітті. Өзіне қаншама асыл сыйлық берді. Кіші жүз өз еркімен орыс патшалығының қоластына кірді. Ұлы мәртебелі патша ханымның зор мейірімі бойынша мына маған
- Тархан яки князь атағы берілді. /Қайқия жүреді/.
А б ы л а й. Әбілқайыр екеуің мансап үшін әзәзілге де жандарыңды сатарсыңдар..
Ж ә н і б е к. Төрем, сен Әбілқайырға бекер кіжінбе! Төрт құбыласы түгел болса өзінше ол да бір елге тұтқа болатын қайсар ғой, жан-жағы қаптаған жау: бер жағынан жоңғар, бүйірінен Қызылбас, желкесінен қалмақ пен башқұрт Кіші жүзге тап-тап беріп, елінің есін шығарған жоқ па? Кез келген обырға жем болғанша, іргелі айбатты орыс патшалығын қорған
етіп ел сақтаудың амалы да?
А б ы л а й. Күн көрісті ойлап орысқа бодан болмақпыз ба? Намыс қайда? Елдік қайда? Және сенім бар ма патшаға?
Ж ә н і б е к. Шын намысың болса тозғындаған ел- жұртымыздың тағдырын ойламайсың ба? Көзіммен көріп келдім, дүрбіт шапқыншыларынан талан- таражға ұшыраған қазақтар сонау Селебе, Ірбіт, Орынбор, Орал тауларында аш-жалаңаш қаңғып жүр, қайыр сұрап тентіреп жүр. Осыны неге ойламайсың? Орта жүздің бірнеше рулары орыс қаласына өзі тіленіп барып жатыр, оны неге білмейсің?
А б ы л а й.. Қазақты тентіреткен жоңғарлар... / Ойланып жүреді/.
Ж ә н і б е к. Егер ел тірлігін ойласаң, төрем, орыс патшалығына қолыңды бер!
А б ы л а й. Орыс патшасы әуелі өзі ұсынған қолын маған.
Ж ә н і б е к. Төре ойлан. Жан-жағымыз қаптаған жау. Жоңғар да әлі азулы. Ар жағында қаһарлы селдей қытай тұр. Тар қыспаққа тапталып біржола құрымасын халқымыз, ойлан, төрем! /Жәнібек шыға берісте Дахтаға кездеседі/.
Д а х т а. Батыр, есенбісің? Көзіме бір көрінбей қойдың ғой..
Жәніб ек. Мынақылышынанқантамғансұлтаның менен кірпідей тітренеді, қайтып жолаймын сенің қасыңа, отауыңда оңаша болсаң кездессем деп едім..
Д а х т а. Батыр, апақ-сапақта болған сырды ұмыт, мен қазір Абылайдың ең сүйікті ханымымын. Немене, сұлтанмен тағы да керісіп қалдың ба? /Бұл сәтте Абылай келіп қалады./
А б ы л а й. Дахта, ескі сырың сөнбеп пе еді, мына серімен? Халықшыл Жәнібек қатынды қорысын ба, жөнел, жайыңа /Жәнібек алара қарап шығып кетеді, Дахтаға. /Еміреніп қалған екенсің, бар шырылдап
жатқан балаңды еміз!/ /Мысқылдап/. Нәдір шахтың жиырма баласы бар, сайтан білсін, олардың қай сойқаннан туғанын? Албастыдан туса да ханның ұлдары көп болуы шарт. Әр тайпаны билейтін көп ұл керек маған!
/Шымылдық./
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Үшінші сурет
Абылай – ордасында. Сыртта жорықтан қажыған жауынгерлердің айғайы шығады.
Д а х т а. Падишам, тағы да ойға батып неге қиналып тұрсың?
А б ы л а й. Қиналмай қайтейін? Естідің бе, мына ереуілді дауыстар теңселтіп тұр ғой мені.
Д а у ы с т а р. Жорықтан шаршадық, төре, қалмақтарды тонауым жетер енді.
2 – д а у ы с. Қашан тыным болады біздей ақтабан болған бейбақтарға?
- д а у ы с. Ей, жаугер төре, бері шықшы өзің, айтар сөзіміз бар.
- д а у ы с. Ордасы олжаға толған төре, сөйлес біздермен.
А б ы л а й. /өзінше/. Тоқта, Абылай, мына дауыстарда қандай ызбар бар? Әлде қараша біткенді өзіме ерте алмадым ба, әлде Жәнібектер желіктіріп жүр ме? Ресейден қашқан қалмақтарды тонаған жалғыз мен бе? Әлде орыс патшасына бағынсам, бұл жұрт тыныштық табар ма? /Күй. Тәттімбеттікі. Абылай ойда, Дахта келеді/
/Сырттан Томаша Әмірсананы ертіп келеді/.
Т о м а ш а. Сұлтан аға, досың келді.
/Томаша кетеді. Әмірсана енеді. Абылай Әмірсананы танымай таңырқанады/.
Ә м і р с а н а. Абылай сұлтан, армысың? Танымай қалдың ба? Тұтқыннан босатарымда өзімді жақсы танытқан секілді едім.
Д а х т а. Әмірсана! Ноян аға! /қипақтап ізет етеді/. А б ы л а й. Әмірсана екенсің ғой, саумысың нояным? /Құшақтасып амандасады/. Кездестік пе, сен қазақ терісін зынданда қабылдасаң, мен дүрбіт
ноянын да күтуге дайынмын.
Д а х т а. Ардагер нояным, сұлтаныммен табыссаң мен адал қарындасыңмын әрқашан.
Ә м і р с а н а. /Дахтаға таңдана қарайды/. Сол құрметім үшін басымнан айрыла жаздадым. Сені тұтқыннан босатқаным үшін мені жазаламақ болды. Мен есебін тауып қолына түспей жылысып кеттім. Ал Дабачи енді менімен кескілеспей тынбас. Бірақ, қайда қашқанымды Дабачи білмейді. Сондықтан, сұлтан сен Дабачиға татулық тілеймін деп дереу елші жібер. Айтолқынды қоса ұзатқаның мақұл сұлтан.
Т о м а ш а. Айдай сұлу ханшамызды бір қара бұқаға қайтіп қиямыз, сұлтан аға?
Д а х т а. Мен де жүрмін ғой жат елге келін болып, Айтолқын менен асыл ма?
Т о м а ш а. Сенің байың Абылай ғой.
А б ы л а й. /Томаша шақырая қарайды/. Сонда Дабачиға бағындым, мені шаба көрме деп жалынбақпын ба? Жоқ, ноян.
Ә м і р с а н а. Бағыну емес, уақытша алдандыру, мен әскерімді қарсы әзірлегенше...
А б ы л а й. Түсіндім, мырза...
Ә м і р с а н а. Бірақ сол уәдеге сендіру үшін Айтолқынды...
Д а х т а. Айтолқынды қию керек Дабачиға.
Ә м і р с а н а. Талай ханның қыздары жат жұртқа
беріледі ғой.
А б ы л а й. Бұл істі Барақ орындайды. Томаша, Барақ қайда?
/Барақ келеді/.
Т о м а ш а. Міне, өзі де келді.
А б ы л а й. Томаша, сен бара тұр. /кетеді/. Б а р а қ. Алдияр сұлтаным!
А б ы л а й. Барақ, Айтолқынды таптың ба?
Б а р а қ. Ханша қолыма түспей жүр. Көкшетау үңгірлерін түгел ақтардым. Сірә Боташты іздеп кеткен болар.
А б ы л а й. Жердің тесігіне еніп кетсе де тап та Дабачиға жеткіз.
Б а р а қ. Құп тақсыр, сұлтанымның сыйлығы деп қашақ байталдай ноқталап апарайын ол бетпақты.
/Кетеді, Томаша келеді/.
Т о м а ш а. Шүлдірлеген біреу келіп тұр, сірә, шүршіт білем, өзі ұйғырша сөйлейді.
А б ы л а й. Қытай патшасынан кірсін. /Абылай ерсілі-қарсылы жүреді, Әмірсана да абыржи есікке қарайды. Томаша елшіні енгізеді. Елші ізетпен басын ие амандасады./
Е л ш і. Күллі қытай әлемін билеуші қытай патшалығының ұлы мәртебелі жиһангері Бөгдехан Цянь-лунь тақсырдың елшісімін.
А б ы л а й. Ұлы қытай патшасының елшісін ордамда көруді өзіме зор мәртебе санаймын, хош келдіңіз!
Е л ш і. Орта жүздің ханы Абылай тақсыр, сізге ұлы қаһан Бөгдехан өзінің патшалық мөрін басып, мүбәрәк қолын қойған сенімхат тапсыруды бізге парыз етті. /Елші қойнынан бүктеулі ұзын қағазды алып көрсетіп оқиды, жарлық қағаздың бір шетін Абылай өзі ұстайды/. Қытай патшалығының ұлы мәртебелі жихангері біз Бөгдехан әмір етеміз. Орта жүздің сұлтаны бүкіл қазақтардың ресми ханы деп
танимыз!
Т о м а ш а. Алақай сұлтан ағам, хан болды, сүйінші
/бөркін алып жерге соғады, қайта киіп/. Ау, бұрын да солай емес пе еді?
Д а х т а. Айбынды сұлтаным, енді қазаққа патша болдың!
Е л ш і. Әм Абылай ханға қытай князінің лауазымын беріп, қазақ жұртын ұлы патшалықтың қамқорлығына аламыз. Үшбу жарлыққа ризалық білдіру үшін әм дидарыңды көру үшін Абылай ханды өз құзырына Бежинге шақырады. /Хатты Абылайға ұсынады/.
А б ы л а й. Ұлы патша Бөгдеханның жарлығына разымын, өзім де астыртын сөз салып едім, қисапсыз ұлы халық қой, санаспасқа болмас, мүмкін айбарым болар!
Ә м і р с а н а. Қытай патшасы саған айламен қолын созған екен деп, масаттанба Абылай сұлтан, сол қытай патшалығы қазір бүкіл жоңғарды жұтуға айдаһарша аранын ашып отыр.
Д а х т а. Күнсипаттым ханым, мейманыңның сөзіне құлақ ас, расын айтып отыр ғой.
А б ы л а й. Тәуекел, бердім уәдемді Бөгдеханға, елші мырза. Томаша, мейманды қонақжайға апар. / елші кетеді/. Өзімнің көздегенім де осы! Тәңірдің өзі жұмсап ұлы қытай патшасы қолын ұсынса несіне тартынам? Іргесі жақын ірі мемлекетпен мәмілеге келгенім– мәртебе емес пе? Мынау қилы-қилықиямет заманда – қиыннан сонар таппасаң – халқыңның басына ақыр заман орнамай ма? Батыстан қара бұлт төніп, нажағай шатырласа – бір қолымды шығысқа созамын, шығыстан өрт шықса, бір қолымды орысқа созармын! Дахта, Томаша мына ұлы елдің елшісін оңаша Ақ ордаға апар, құтты мейманымыз болсын! Әмірсана, сен де бар!
/Томаша, елші, Дахта, Әмірсана шығады.
Әбілмәмбет, Бұхар келеді/.
А б ы л а й. Армысыздар, алдияр хан, сәлем сізге, ата жырау. /Әбілмәмбет басын шұлғып, бір бала әкелген шағын таққа отырады/.
Б ұ х а р. /Абылайға/. Айналамызды бұлт шалған аясы түнек жұрт едік. Ұлан-асыр далаға шуақ күн іздеп жалтақтаймыз жан-жаққа. Жатқа қолыңды берсең байқап бер, шеңгелі болып жүрмесін, Абылай, Шүршіттің патшасына бой ұрмақсың ба, ел- жұртыңмен кеңеспегенің қалай?
А б ы л а й. Кеңескенім осы ғой. Айдаһарға қол берсем де шеңгеліне шалдырмаспын. Ел билесең арыстандай айбарлы, түлкідей айлалы бол деп айтып қой, батагөй жырау, соны кәбіде...
Б ұ х а р. Айдаһарға қол берсем де, байқап беремін дегенің – сертің болсын, Абылайшам! Ал сені хан сайлайтын шүршіт те емес, орыс та емес, мына қалың халқың. /Әбілмәмбетке қарап/. Аталының ұлы едің, ұлысыңа абыройлы хан атандың. Әбілмәмбет, асқарыңнан асқанда жаныңа енді сая тап. Қиясы тар қилы кезеңге орай қиыннан кесіп жол табарсың, мына қажыған жұртыңа тағыңды қи Абылайға, алдияр ханым!
Ә б і л м ә м б е т. Арыстаным Абылайға билікті баяғыда бергемін. Өз мұратым да сол. Ексімі қисық еліммен қартайғанда екілесіп жүрем бе? Арқар ұранды аруағымызды жоғары көтерсін, қидым тағымды Абылайға! Естірт, жырау, барша халыққа. Батаң қабыл болғыр, жырауым, Абылайжан мені Әзіреті сұлтанға тез көшір. Мынау лайсаң елдің елегінен басым босады ма, я жасаған!
/Шымылдық./
КӨРІНІС
/Хан ордасының алдында. Сырттан шулы, зарлы дыбыс шығады. «Ой, бауырым! Батырым, қорғаным!» – деген азалы күңіреністер. Қайғылы музыка. Абылай ордасынан асыға шығады. Сыртта халық, жауынгерлер/.
А б ы л а й. Не болды, жұртым айтыңдар! /Жұрт азан-қазан еңіреп жатқан кезде Бұхар жырау келеді. Бұхар Абылайға, халыққа қарап толқып-толғанады/.
Б ұ х а р.
Әй, Абылай, Абылай! Абылай ханым, бұл қалай? Аспандағы қара бұлт Ақиықты торлады Қазақтың қамал қорғаны, Батырың өтті Бөгенбай!
Қыранды қайтпас қияға жұмсап, Халықтың қанатын қайырдың, Абылай! Ел шетіне жау келсе
Ереуілдеп шығатын Бөгенбайдай ер қайда? Ерлерді белден шалдырып Жорта берсе жорыққа Ентелеген Абылай, Жапанда басың қалмай ма?
/Жырау мұңая барып, тасқа отырады/
Ж ә н і б е к. Қайран, Бөкең, жұрты үшін жолбарыстай жортып жүріп, жау қолынан қаза тапты. Қалың дүрбіт өзі торлаған Алтай қиясын оңай берсін бе? Төре аз қолмен батырды Барсакелмеске
жұмсадың? Кейін қалың қолмен топтанып аттанайық дегенге неге құлақ аспадың? Халыққа жауап бер!
/Халық тебіренісі: «Айхай Бөкең! Қайран батырым-ай» – деген дауыстар/.
А б ы л а й. Бөгенбай батыр өлгенше, қабырғама қара найза қадалсайшы! Қарадан шыққан қас қыраным еді, оң қанатым да қайрылды! Ата жырау, арызыма құлақ салсайшы! Тозбасты ұста соқпайды, өлместі тәңір жаратпайды. Қыран қияда жығылар, тұлпар да тауға соғылар. Ата жауға айбарлымды жұмсадым, мұнда қандай кінә бар! Бөгенбай ердің кегі үшін атаңа нәлет Дабачидің басын қағып, қалған жасағын ойран етпесем, Абылай атым құрысын! Аттан, ерлерім, Алтайға!
/Жұрт дуылдайды, Бөгенбай үшін! – деген дауыстар шығады/.
/Шымылдық./
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Төртінші сурет
/Тау арасында Барақтан жасырынып, Боташты іздеген Айтолқын, белінде қанжары бар/.
А й т о л қ ы н /алақтап, жан-жағына қарап/. Боташ, Боташ! Көрінбейді. Әлде Қарасақал сұмырай өлтіріп кетті ме екен? Мені ұстағалы аласұрып Барақ жүр. Әй, Сұлтан аға-ай! Қайтіп қана мені Дабачиге қиды екен? Неткен тасжүрек едің, Абылай аға? Мені аңдыған Барақты адастырып кеттім, айналайын сұржекейлік жабымен жалбаңдаған Бараққа жеткізбей мені сақтап қалды. /Ызалана жүріп/ Жоқ, Дабачиға күң болғанша, мына қанжарды кеудеме сұғып өлгенім артық. Мен қай еркектен кеммін? Ата жауға қарсы батырша айбат шекпедім бе, соны неге білмейді Абылай, неге ханша қарындасын аямайды. Қарақшысы Барақ болса, тіпті кездессін, алдымен қанжарымды сол сұмға сұғармын. /тасқа шығып қарап/. Сонау жүйткіп келе жатқан кім екен? Боташ па? Барақ па! /Долы музыка. Айтолқын ат дүбірі шыққан екінші жаққа қарай қалады. Ту сыртынан Барақ келіп Айтолқынды бас салып, арқасынан қаусыра құшақтайды/.
А й т о л қ ы н. Боташ! /Айқара қусырған Барақты көріп/. Барақ, босат! /Өз беліндегі қанжарды алуға жұлқынады./ Босат, төре!
Б а р а қ. Төре! Бұзық ханша, төре екенімді танырсың енді! /жұлқынған ханшаның екі қолын әзер байлайды/. Кесір сайқал! Ат құйрығына байлап
Дабачиға сүйретіп алып барамын! Күңі боласың дүрбіттің. /Айтолқын бұлқына шыңғырады. Сол сәтте сырттан Сүжде мен Әмірсана келіп қалады/.
Ә м і р с а н а. Ей, сұмырай, босат ханшаны! /Барақ шошып қалады/.
С ү ж д е. Босат, атамын, әйтпесе! Жауыз төре, бұл аруды Дабачиға күң етуге апармақшысың ба? Дабачидің көзін жойып келдік біз. Босат ханшаны!
/Барақ зәресі ұшып, Әмірсана мен Сүждеге жалынышты көзбен қарайды. Барақтан жұлқынып шыққан Айтолқын қанжарын безеп Бараққа ұмтылады/.
А й т о л қ ы н. Сатқын кәззап. Әбілқайырды да өлтірген сен ғой. Сендей сүмелекті /ығыса жөнелген Барақтың арқасына қанжарын сұғады, Барақ тәлтіректеп барып құлайды/.
С ү ж д е. Дұрыс істедің ханшам. Боташың да аман...
Ә м і р с а н а. Ханша, екі бірдей жауыңнан құтқардық. Ендібарда, жұртыңныңжауынгертобына қосыл. Абылайға да ағаң ғой, кектенбе. Шығыстан қара құрттай қытай, батыстан айбалтасын қайрап, орыс әскері келеді. Соларға қарсы найзамызды бірлесе сілтейік. Абылайға осыны жеткіз! Мен мына Сүжде екеуіміз бытыраған дүрбіттерді, бауырлас ойраттарды жинастырып, қалың қол құрамыз, Абылайға қосыламыз.
С ү ж д е. Ханша кел, қолыңды бер, дос болайық!
А й т о л қ ы н. Ұмытпаспын асылдарым, бұл ізгілікті, хош!
/Үшеуі де кетеді/.
СОҢҒЫ КӨРІНІС
Абылай қосыны. Биікте Абылай, Томаша. Төменде күбірлескен жауынгерлер. Абылай дүрбімен алысты шолып тұр.
А б ы л а й. Әмірсанадан неге хабар жоқ. Әлде мені алдағаны ма? Қытайды да, орысты да арандатқан бұл да бір алаяқ. Томаша, қарашы, Ертіс жақтан далақтап шауып келе жатқан кім?
Т о м а ш а. Хан ием, бұл әлгі қара шайтан ғой...
А б ы л а й. Бұл бір жаңалық әкеле жатқан шығар. Бар, Бұхар мен Жәнібекті шақыр, бірге тыңдасын...
/Томаша кетеді. Аптыға Қарасақал келеді/.
Қ а р а с а қ а л. Алдияр тақсыр, сұмдық ғаламат! А б ы л а й. Не боп қалды?
Қ а р а с а қ а л. Орманға барсаң орысқа сенбе деген осы да. Сіз жоңғарды жайпап жүргенде, орыстар айбалтасын жұртыңызға жалаңдатып, қаптап келеді. Абылай қытайға бағынды деп – Ертіс бойындағы жұртыңызды қырғын-жосын етіп жатыр.
А б ы л а й. Уәдесі қайда патшаның? Алдаусыратып, арқамнан қанжар сұққаны ма? Ендеше менің де найзам қайраулы. Қытаймен де тілдесейін!
Қ а р а с а қ а л. Тақсыр хан, айбынды әскеріңіздің найзасын орысқа бұрыңыз. Қытай жоңғармен алдана тұрсын.
/Жәнібек, Бұхар, Томаша келеді/.
Ж ә н і б е к. Қарасақал мырза, тағы нені көйітіп тұр?
А б ы л а й. Ақиқатын айтып келді. Сен бас иген орыс жандаралы Ертіс бойындағы елімізді ойрандап жатса керек...
Қ а р а с а қ а л. Кәпірге сенім бар ма?
Ж ә н і б е к. Ханым, аптықпа. Мен бұған сенбеймін. Маған жандарал мырза орыс әскері қазаққа ешқашан жаулық ойламайды, қайта қытай мен жоңғар тиіссе қорғауға әзірмін! – деп уәде еткен. Айнуына себеп жоқ.
А б ы л а й. Себебін тапқан ғой. Әйтпесе, қатын патша маған қандай жақсылық істеді.
Ж ә н і б е к. Елімізге қастық та жасаған жоқ. Уәдесін орындауға әзір. Хан, қытайым бар деп қырланба. Қара құрттай қаптап, аждаһадай ысқырып келе жатқан солар. Орыс олай етпесе керек еді. Сабыр ет, Абылай, барып ойланайық!
А б ы л а й. Хан жарлығы екі болмас, айттым бетімнен қайтпан!
Қ а р а с а қ а л. Әмин! Тақсыр, ханым! Бетті солай бұрыңыз!
Б ұ х а р. /тыңдап, толғанып алады да, асасын сілтеп!/
Әй, Абылай, күпінбе! Өңменіңмен қабынба, Өтіңменен жарылма! Байыбына бармай,
Найзаңды сермей көрме теріске! Ормандай қалың орыспен Бұрқанып босқа керіспе!
Жаулық жолын іздеме Кел мәмлеге, керіспе! Орыспенен соғыспа!
Тізгініңді бермей шүршітке Елші жібер орысқа!
/Абылай үнсіз, түйіліп отырып қалады/.
Ж ә н і б е к. Орыс әскерінің ұлығына жолығуға мен кеттім.
Қ а р а с а қ а л. Батыр, барғаныңыз қауіпті болмас па?
Ж ә н і б е к. Қасыма сен бірге ересің, жүр!
Қ а р а с а қ а л. /қипақтап, сасып қалады/. Хан тақсыр, қалайша?
А б ы л а й. Бар Жәнібекпен бірге, жолықтыр достарына...
Қ а р а с а қ а л. Жоқ, тақсыр, мен орыспен тілдеспеймін.
Ж ә н і б е к. Орысты да, жоңғарды да қазаққа қарсы арандатып біткен сен, қара сұмырай. Ресей халықтары бүлгінге ұшырауға, ереуіл шығаруға жіберілген – сен түрік сұлтанының жансыз шабарманысың, кәззәп! /Қарасақал қаша жөнеледі/. А б ы л а й. /Қарасақалды атпақ болған Жәнібекке/.
Жәнібек, атпа! Мейлі, сазайын басқадан тапсын!
Ж ә н і б е к. Қап, қашып кетті-ау! /Ат дүбірі есті- леді/. Мен орыс жандаралымен тілдесіп келейін!
Б ұ х а р. Жәнібек келгенше сабыр ет, хан! / Жәнібек, Бұхар кетеді/.
А б ы л а й. /жалғыз/. Қайтсем екен, мына тар кезеңнен қайтіп өткел табамын, тар асудан қайтып асамын, жұртым не шешім айтар екен? Жалғанның жартысындай кең даланы берген құдай, сорлы қазақты айдаһардай азулы екі алып елдің қоршауына неге түсірді екен?
КӨРІНІС
/Аңыраған, күйзелген жауынгерлер “хан қайдалап” дуылдасып жатыр, Бұхар асасына сүйеніп толғап тұр/.
Б ұ х а р. Тауымды тағы мұнар шалғаны ма? Елімді белден шалдырып, шүршітке неге бет бұрды Абылай. Т о м а ш а. Апыр-ай, орыспен тілдесуге кеткен Жәнібек батыр да кешікті-ау, хан қытайдың елшісімен сөйлесіп жатыр. /Тұнжырап/. Әй, жігітім, күйіңді тартшы... /Күй тартылады. Томаша жан-
жағын шолып қарайды./
Т о м а ш а. Тоқтаңдар, хан келе жатыр! /Ортаға тұнжыраған Абылай шығады. Ел үнсіз, ойға батып отырады/.
Б ұ х а р. Абылайшам, неге тұнжырадың? Естірт жұртыңа, шүршіттің елшісіне не деп жауап бердің?
Д а у ы с т а р. Естіртсін хан бізге? Қытай не деді?
А б ы л а й. /күрсініп/. Естіртсем еңсең түспесін, сарбаздарым! Келіспей-ақ қарыстым. Тек халқымның тағдырын ойлап, әзірге амалсыз айла сөзбен жөнелттім!
Д а у ы с т а р. Қандай сөз? Ашық айт, хан!
А б ы л а й. Арқамызда оқ боратып орыс жүр. Дүниеде не көп, қытай көп. «Көп қорқытады, терең батырады». Елдің елдігін сақтау үшін қытай патшасынан көмек сұрадым.
Д а у ы с т а р. Қытай патшасы көмек беріп кімді жарылқапты?
Қытайға қол бергені қазақты Қытайға құл болсын дегені ме? Хан ...
А б ы л а й. Қалың елміз, ойсырамаспыз. Қытай патшасына береріміз – он мың жылқы, он мың қой,
бес мың жігіт, бес мың қыз...
Д а у ы с т а р. Мынау қорлық қой! Құлдық қой бұл? Ханның есі дұрыс па? Әлде қытайға сатылды ма?
Т о м а ш а. Шуламаңдар, ханым қаталаспайды әзірше, айла-шарқы да бұл елін сақтау үшін!
А б ы л а й. Көнбесеңдер, қытаймен соғысасыңдар да қырыласыңдар!
/Алшақбасып кертешкеотырады. Кенет Айтолқын келеді/.
Т о м а ш а. Айтолқын? / Абылай. Аңыра қарайды/. А б ы л а й. /абыржып/. Сау қайттың ба асылзатым,
ханшам!
А й т о л қ ы н. Арыстанның аузынан шықтым, сұлтан аға! Ажалға айдау үшін қандыбалақ Барақты жұмсап едің, Барағыңды жайратып келдім. Боташты Қарасақал сұмырай құртқан шығар, жазығымыз не? Өз қолыңмен бауызда мені, сұлтан аға! /Абылай үн қатпайды, жұрт таңырқанып гулеседі/.
Т о м а ш а. Уа, сұмдық-ай, Боташты өлтіргені ме әлгі қара сұмырайдың! Асыл боздағым-ай! Жарайсың ханшам! Ажалдан құтылдық налыма! Ей жігіттер, хан қарындасын жатқа сатып қалыңмал алды дейсің бе, ел үшін...
А й т о л қ ы н. Жоңғарға мені қиғаныңда жетер. Қытайға ұл-қыз түгіл, бір қойдың түгін де бермейміз. Әмірсанадан мен біліп келдім. – Қытай, жоңғар да қазақты бірдей құртпақшы, көнбеңдер жігіттер!
Ж а у ын г е р л е р. Көнбейміз. Хан, қытаймен келісімнен бас тартсын.
Б ұ х а р. Қилы-қилы кезеңде қиыннан жол кесетін хан деп едім. Ел намысын қорғайтын ебіңнен адастың ба, Абылай? Тығырыққа айдатып, қия тасқа соққың келді ме халқыңды! Боздағын матап бүйтіп құл еткенше көтерген туың жығылмас па, Абылай! Жұртыңды жатқа сатсаң, қисаяр сенің құбылаң. Еңсесін түсірсең еліңнің күндердің күні болғанда
есе тимес, Абылай есіктегі құлыңмен! Жұртыңмен пәтуаға кел!
А б ы л а й. /биікке шығып/. Уа, ерлерім, ата жырауым күйзелісің көкейіңді кернеп тұр. Жан- жақтағы алапат жау ел-жұртыңның ордасына ойран салып елдігін бұзбасын деп, – дүрбітке сөз бергенім үшін кешір, асыл жұртым. Бірақ айбарлы орыс халықтары қандай сес бермекші, соны білмей басым дал. Ертіс бойына не үшін ентелеп келді екен, сұстық сарбаздары.
Т о м а ш а. Алдияр хан, міне, Жәнібек батыр да келді. Жәнібек, артынша Боташ келеді, баршасы аңыра қарасады. Айтолқын Боташты құшақтай жабысады/.
Ж ә н і б е к. Сұлтаным, орыстардан жақсылық хабар әкелдім.
Омбының генерал-губернаторы ұлы патша ағзамның сәлемін жолдады саған. Орта жүздің әйгілі ханы Абылай – Ресей патшалығына ақ сәлеммен қол ұсынсын. Орыс патшалығы қазақ ұлтына озбырлық жасамайды, қайта оны жан-жақтан жауларынан қорғайтын қамқоршысы болады деп кепілдік етеді. Ертісті өрлеген орыс әскері қазақ жеріне қасақы қытай жалмауыздарын жолатпау үшін айбат көрсетуге жіберілді! Түсін, Абылай хан, орыс патшалығының ізгі уәдесі осы! Дұрыс па жұртым?
/Абылай көзі жарқылдап ерсілі-қарсылы адымдайды/.
Д а у ы с т а р. Дұрыс, дұрыс! Қытайың құрысын! А й т о л қ ы н. /Жәнібекке/. Өркенің өсе берсін,
асқар аға! Боташты қайдан таптыңыз!
Ж ә н і б е к. Орыс әскеріне бара жатқан жолда. Боташ Қарасақалмен найзаласып жатыр екен. Боташ Қарасақалды найзасымен түйреп алып, жайрата салды. /Жауынгерлер мақұлдап: - Уай, ерім-ай, жігіт екенсің! – деп шуласады. Айтолқын мақтанышпен
Боташты арқасынан қағады/.
Б о т а ш /Абылайға/. Әміріңіз керісінше орындалды, кешіріңіз.
А й т о л қ ы н. Хан ағаның қаһарын біз де кешірейік, Боташ!
Жорыққа бастасаңыз – біз соңыңызданбыз, хан аға.
А б ы л а й. /қатар тұрған Боташ пен Айтолқынның арқасынан қағып, жылы мейірім білдіреді. Хан жырау мен Жәнібекті қолдарын ұстап, жартасқа көтеріледі, жауынгерлерге қарап, шалқи сөйлейді/.
А б ы л а й. Уа, жұртым, халқымның қырандары! Әулие жырау, батыр Жәнібек, хан адасса халқына жүгінеді, халқы қайырымды болса – ханы айбынды болар деген! Жұртым, сенсің менің айбыным. Қытайға үш қайнаса қанымыз қосылмас. Ел қорғаны болған ер Жәнібекке разымын. Орыс патшалығынан ізгі хабар әкелдің. Ұлы Ресей азғана жұртымызға асқар таудай қорған болса – жұрты үшін мен де, міне, орыс патшалығына қол созамын. Енді орыспен ел боламыз! /Қуанышпен мақұлдаған дауыстар/.
Д а у ы с т а р. Хан разымыз, оң жұлдызыңды жаңа таптың!
Ж ә н і б е к. Ханым, адасқанның айыбы жоқ, үйірін тапса кезінде – деген мәртебең арта берсін, сұлтаным. Енді еліңді тура баста алдымыздағы ұлан – асуға! / Арғы жақтан орыс әскерінің тартқыш музыкасы естілді/.
А б ы л а й. /сарбаздарына/. Орыс әскерлерінің алдынан сап құрап салтанатпен шығайық, кеттік. Жәнібек /Абылай, Жәнібек, соңынан қол ұстасып Айтолқын мен Боташ кетеді. Жауынгерлердің шуылдасып орыс әскерлеріне қарай кеткені сезіледі. Мұнартқан тау басынан бұлт сейіліп, күн жарқырай бастайды. Кертештен жоғары көтерілген жырау алысқа қарап толғанады/.
Б ұ х а р.
Қара бұлт торлап басынған Кейуана болған кер кезең. Өттің бе ұлан асудан Ұлысым, ыза кернеген.
Алдыңа сонау қарашы, Түнек жоқ па торлаған? Кейінгі көш ұрпағым, Жолында сенің толғанам: Адасып қырда қалмасқа Бір жерінен қол шығармай Өзара жақ-жақ болмасқа! Азынап өтсе атандар, Артынан ерген төл басқа. Күңіренген қартыңмын Кер заманда айқаста,
Уа, ұрпағым жұртыңа, Келешекке жол баста!
/Шымылдық./
/Соңы/