АЙТЫС ӨНЕРІ ТУРАЛЫ
Халқымыздың әдеби-дәстүрінде айтыс – ақындық өнердің ең биік таразысы, өлең-жырға деген халықтың сын-төрелігінің қатаң және аса тамаша көрінісі болып табылады. Сонымен қоса айтыс – сахналық сәулеті жоқ бұрынғы дала жұртының өзінше бір сауығы да, «әдебиет кеші де». Алайда, өткен замандардағы айтыстарды барлап қарасақ, жұртшылық айтыстарда ақындардың өнер дәрежесін сынап байқау жасаудан да көрі, сол айтыстардан өз ортасының немесе өзіне бөлек басқа қауымның бойындағы әлеуметтік міндердің, жат қылықтардың әшкере болуын мұрат еткен секілді. Ақындар үшін айтыс – шын сөз сайысы, ең қатерлі майдан болған. Жалғыз шапқанның бәрі жүйрік дегендей, әрбір ақын жеке отырып жыр- дастан толғаса, поэма жазса өзінше дара жүйрік, тіпті, дана да болар. Ал қалың жиын, шаршы топ алдында бетпе-бет келіп безеңдеген екінші бір ділмар жыршыға жауап ретінде қапелімде әрі мәнді, әрі өткір ойлы, әрі тосын, тың теңеулі, әсерлі өлең жолдарын «ойдан шығара» қойып, оған іркілмей ұйқас табу сөз қадірін білген кісіге аса азап та және құдіретті тапқырлық. Айтыс – импровизацияның яки қапелімде өлең шығарымпаздықтың ең асқан дәрежесі. Бүкіл өнер мәдениетінің ішінде халқымыздың ежелден ата мирас еткен, пір тұтқан өнері – өлең- жыр болса, бұрынғы айтыс ақындарында бұл дарындылықтың кереметті түрде даңқ алғандығын
байқаймыз. Алайда, бұған қарап бұрынғы-соңғы жазба ақындар айтыс-импровизация ақындарына қарағанда, дарындылыққа тапшы екен деу әбестік болар еді. Хат, сызу жоқ заманда, немесе жазуға әдеттенбеген жағдайда домбыралы ақын ән сазымен ырғақ табуға, сөз бейнелерін құрауға машықтанады. Әрбір айтыс көп ақынның, немесе импровизатор ақынның ой-сезім толғағында
«өлең туғызар» алдында өзінше бір «репетиция» жүріп жатады. Мұның өзін бұрын әлденеше қалыптасқан дағдыланған «іздермен», кейде тосын айналыстармен толғанып шығады. Домбыра әуені сол толғақты демеуші, өлең ырғағын бастаушы сиқыр секілді. Айтыс ақынның құдіретті жадына жайшылықта толқығандар, машықталған ұйқас, бейне тәсілдері айтыса кеткенде ағытыла түскендей болады. Бірақ нағыз шеберлер сайысу үстінде нелер тосын, таң-тамаша теңеулер, әсірелеулер, мысқылдар тауып бастырмалатып, аруақтанып кетеді.
Айтыс өнері – қазақ жерінде ерекше орын тапқан мәдениет. Бізде туыстас қырғыз, қарақалпақ халықтарында да айтыс жақсы өрістеген. Ал шығыс елдеріндегі «мүшәйра» біздің айтыстардан бөлек және біздегідей құдіретті, қызықты емес. «Мүшәйрада» әр ақын өзінше жазған бірер өлеңдерін оқиды да, соның көркемдігін, наздылығын, мәнділігін, оқу нәшін сынға салды. Ал біздің айтыс – нағыз дарынды тартыс, әлеуметтік сөз сайысы.
Бұрынғы айтыс өнерінің жүйріктері Біржан, Сара, Шашубай, Орынбай, Әсеттер болса біздің замандағы айтыстың асқан шебері Иса Байзақов еді. Иса сөз сайысында алдына жан салмаған шын
шабандоз, нағыз майталман ақын. Исамен өкшелес шыққан Нартай, Нұрлыбек сынды ақындар да айтыстың тамаша жүйріктері болды.
Соғыс жылдары айтыс өнері әжептәуір дәуірлеп еді. Кейін біраз жылдар айтыс атымен ұмытылып кете жаздады. Ұлы Октябрь социалистік революциясының қырық жылдығына арналған жер-жердегі айтыстар – өте жемісті, игілікті өтті. Қазақстанның көптеген атыраптарында облыстық, аудандық партия, совет ұйымдары ақындық өнердің бұл түріне әлеуметтік баға беріп, шын ынтамен айтыстарды жақсы ұйымдастырды. Ырзалықпен айта кеткенді мақұл көрсек, ақындар айтыстарын жақсы ұйымдастырған Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Семей, Шымкент облыстары. Осы облыстардың басшы ұйымдары мен мәдениет жұртшылығы бұл істе басқаларға өнеге боларлық. Ал Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Ақтөбе секілді облыстардың бұл секілді әлеуметтік мәні күшті өнерге мән бермей, селсоқ қарауы қынжыларлық хал.
Ұлы Октябрьдің қырық жылдығына арналған айтыстардың саны аз болса да берекелі де. Бұл айтыстарға республикамыздың түкпір- түкпіріндегі нелер қарт, әр қилы жас ақындар да сайысқа түсіпті. Айтыс өнерпаздарының ішінде аты белгілі қарт ақындарымен қоса қаламын қолға ала тіл безеген жастар да бар. Бұл қатарға Шекербек, Мағираш, Дулат, Мыңатай, Өкімдер жатады. Бұлар ауыл-қыстақтардағы мәдениет қызметкерлері. Бұл айтысқа бұрын аты мәлім ақындардан Нұрқан, Шәкір, Игібай сынды ділмарлар да қатысты. Біздің бұл әңгіме етіп отырған жинағымыз қырық жылдыққа арналған
айтыстардың тек бір өрнектері, қиындылары ғана. Бұл секілді әдеби және әлеуметтік мәні бар мұраны түгелдестіріп бастырып шығару, әдеби- ғылым зерттеу мекемесінің міндеті.
Осы шағын жинақта қазіргі айтыс өнерінің тамаша үлгілері бар. Республикамыздың алдағы қырық жылдық мерекесі қарсаңында жаңа айтыстар бұрқ ете қалса, бұл жинақты сол жарысқа өнеге етіп ұсынбақпыз.
Бұл жинаққа айтыс өлеңдері енген ақындар кешегі Біржан салдардың салтынша сөз жарысына рухтана, айбат шеге кезенгендігін байқаймыз. Қостанай облысының жүйрігі атақты Нұрқан ақын былай асқақтайды:
Топ көрген тоты құстай таранамын, Қырандай қиқу шықса қаранамын. Желдетіп жыр нөсерін төге салсам, Көлдетіп толтырамын жыр алабын. Самғасам қиялыммен көкті шарлап, Басыңда бұлғыр шыңның дем аламын.
Семей облысының кәрі майталманы Шәкір былай шалқиды:
Ақын ба ақындығы ақталмаса, Қазынасын асыл сөздің ақтармаса, – Аузыма а дегенде сөз түспейді, Алдымен ақын шалқып мақтанбаса. Арқада ағынды өзен Есіл деймін, Керілсем Алатаудың төсіндеймін.
Түйінмін тоқсан түрлі тетігі бар,
Ой жарып, ми қорытпай шешілмеймін...
Алдарында отырған ақындардан мұндай асқақ, аруақты сөздерді естіген жиын жұрт енді айтыса кеткенде қайсы жеңер екен деп құштар болатындығы түсінікті.
Қазіргі ел ақындарының айтыстарында әр ақын өз аудан, облысының игі жақсы жетістіктерін, өз ортасындағы даңқты адамдардың еңбек ерліктерін мадақтап, халықтың салтанатын, ел сәулетін мақтан етеді, бастаушы ұлы коммунистік партияны мадақ ете жырлайды.
Бұл секілді әуендер семейлік Тәңірберген ақынның сайыс жырынан айқын байқалады:
Партиям десем бойды қуат кернеп, Жүректен ел шаттығы шығар тербеп. Шарықтап, шалқып, тасып бір кетейін, Қырандай қияға ұшқан қанат сермеп. Алдыңа мен салайын табысымды, Әлеумет көрсін тұрып шабысымды.
Семей мен Қарағанды айтысқанда, Табыстан жібергем жоқ намысымды.
Ақындар айтыстарының жырлары туған, өскен ел, жер байлығын, колхозды ауыл, кенді қала салтанатын шалқи жырлайтын осындай асқақ, әсем өлеңдерге толы. Бірақ ақындар айтысы – жаңа өмір шындықтарын, тамаша игіліктерді мақтап жырлаумен ғана қадірлі емес, ақындар айтыстарының аса бір құнды, әлеуметтік ықпалды қасиеті – өзара сын, мін тағылып, кемшіліктердің де әшкере, паш етілуі. Ақындар мадақ жырларымен өз қауымын шалқып көтеріп отырса, кемшіліктерді, міндерді әшкерелеген шақта екінші жақтың қауымын ұялтып, қымсындырып
та қояды.
Бұл жайлар жас ақындардың сайыс өлеңдерінен жақсы сезіледі:
Кемшілік сізден-дағы табылады, Көмекке қала ылғи жабылады. Бөлектеп жинайтұғын егінді айтсам, Тапжылтпай табандатып дәл ұрады. Қасында алтын арна Ертіс жатыр, Ауданың әлі аспанға табынады,
Шаншылған шыбықтарды тоғай қыпсыз, Парқына Алматының орай қыпсыз.
Қала орнатып, маздатып электрін, Ауызбен бәрін-дағы оңай қыпсыз.
(Қалиқан)
Мен бұрын Қармақшыны көрген едім Өзінше тұрсын былай шөлдегенім.
Ауданнан көлеңкелік тал таба алмай, Ойпырай, естен кетпес терлегенім.
Сөзіме менің құлақ саласың ба? Болсаң да Сырдария жағасында, Суға тапшы екенсің Мағираш-жан, Қарызға Таластан су аласың ба?
Еріксіз әрине бір ой келеді, Меркенің көп қой сұлу бәйтерегі, Ауданның берекесін кетіргенше Біздерден көшет алсаң қайтер еді?
(Шекербек)
Бұл жырлардан айтыс ақындарының ауыл мәдениеті үшін күрескер, озат ойлы адамдар екені, кемшілікке, кертартпалыққа төзбейтін өршіл жандар бар екені аңғарылады. Мұндай мәдени
кемшіліктер ғана емес, айтыс ақындарын аудан, облыс, колхоз басшыларын да, жеке адамдардың іс, мінез кемістіктерін өткір өлең сөздерімен тайынбай мінеп-сынап береді.
Ақындар айтысы – қадірлі өнер. Бұл өнерді біз құрметтеп, біздің заманның игілігіне, әлеумет және әдебиет кәдесіне жаратуға, оны ілі де өрістете беруге тиіспіз.