ӨТКЕН ЖЫЛ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
Алатау асқарына ерте тұрып қарай қалып едім – ұлпа мамықтай әппақ қарды молынан жамылып, маңқиып әсем тұр екен. Алатаудың шың-құздары жылдағыдан да биігірек, жылдағыдан да ұлырақ болып көрінді. Биік шоқтықта тұрып айналаға көз жіберсем Алматының зәулім-зәулім үйлерімен қат-қабат сарайлары да қасымдағы заңғар жартастардай ақша қарды жамылып асқақтап тұр, тіпті зор сарайлары көп аппақ қала мен құз- құз шыңдары шұбатылған Алатау арасын жіктеп айыру қиын. Жаңа жыл алдында жауған мол қар Алатау күмбездерін алтынмен аптағандай ерекше жайнатып кетіпті.
Мен Алатаудың бір биік шоқысында тұрып, жан- жағыма, аппақ айдындай қия-қырларға созылған ақша қарлы жоталарға сақшыдай көз жіберіп тұрмын. Қаланың өзі де құж-құж таулар секілді тәкаппар пішінде, ағараңдап, асқақтай түседі көзге. Менің қиялымда басқа бір елес сағымдай жарқ ете қалды.
Жуықта ғана, өткен күз айында мен Чехословакия республикасының жерінде болып қайттым.
Чехословакияның ежелгі астанасы Прага қаласында болдым. Айтқандайын бұл елде мен азаткер, айбынды Совет Армиясының қатарында 1945 жылдың жеңіс айларында болғанмын. Алтын Прага деп аталатын шара өткен бұл салтанатты қаланы мен Карпат тауының бір биігінен өткен күзде тамашалап қайта қарадым.
Ежелден сән-салтанаты әлемге әйгілі бұл кербез қала баяғысынша алтын басты мұнаралармен, заңғардай асқақ, қат-қабат ордаларымен жайнап тұрды.
Чехословакия жерінде талай зор құрылыстардың, өнеркәсіп орындарының орнап қалғандығын, мен жол үстінен байқаған едім, ал сұлу Прага осыдан отыз екі жыл бұрын мен көрген өзінің әсем де асқақ қаз- қалпында екен. Сол әйгілі шаһардың көшелерінен соғыс құйыны ойнақтап өтсе де, Прага ойранға ұшыраған жоқ, қабырғасы қисаймай сау қалпында қалды. Ол қаланы жау алапатынан сақтап қалған біздің Совет Армиясы, азаткер совет жауынгерлері, сол ерлерді мен сонау 1945 жылдың май айында өз көзіммен көрген едім. Чехословакия халқы, өздерінің атақты астанасының қиратылмай, шытынамай сау қалғанын сүйініш етіп, азаткер Совет Армиясына ыстық ықыласпен айтқан алғысын да мен өз құлағыммен естідім.
Сол Прага тауларының шыңында тұрып, мен сапарға шыққаныма аз күн болса да сағынып қалған өзімнің Алатауымды еске түсірдім. Нулы орманға оранып асқар тауды алқалап тұрған аясы пейіш Алматымды мақтаныш еттім. Алатау жоталарын жартастардай ақша зәулімдер басып, биікке, шартарапқа өрлеп барады, сірә, шексіз өрлей беретін сынды.
Алматы десе қазір бүкіл әлем елең ете қалады. Алматы деген атаумен бірге қазақ деген ел аты да жарыса жүргендей. Сол өткен күзде Чехословакиядағы Карловы Вары атты курортта дем алыпқайттым. Совет халқыменізгіниетібір бұл бауырмал халық біздің елдің адамдарына ерекше
ықылас, мейір сездіреді екен. Емделушілердің арасында мен секілді бірлі-жарым ақындар, журналистер де болды. Қалалық партия, баспасөз ұйымдары сол қаламгерлерді бір күні кездесу кешіне шақырды. Сол кеште мен және сол тұста жұбайымен бірге дем алуға келген белгілі ақын Тұрсынхан Абдрахманова жиналған чех жұртына арнаулы өлеңдерімізді оқыдық.
Айтайын дегенім бұл емес, «Мен қазақпын, мен алматылықпын! – деп оларға бұрын бейтаныс өзімді таныстырғанда – баяғы Карл патшаның алтын сарайына жиналған жұртшылық ду қол шапалақтағанда, шынымды айтсам, қатты толқыдым».
Мені айрықша толқытқан тағы бір елеулі жайт сол жергілікті жауапты партия қызметкерлерінің сөзі болды. Осы жиналысқа Чехословакия Компартиясының Карловы Вары қалалық комитетінің бірінші секретары Мирослав Новатный жолдас қатысып, сөз сөйледі. Бұл келісті келген әлі жасаң жүзді мүбәрак кісі аса бір разылықпен сөзін Қазақстан жайынан, Алматы жайынан бастады. Өткен жылдардың бірінде достық сапармен бұл кісі Қазақстанда, біздің Алматыда болып қайтқан екен. «Мені Алматы қайран қалдырды. Бір бағыстан қала екен. Мен Жамбыл ауданында қонақта болдым. Жылы жүзді, еңбеккер қазақ халқының меймандостығы, ежелгі қонақжайлы салты мені өте сүйсіндірді. Жергілікті партия-совет қызметкерлері, әсіресе, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдас біздің делагациямызға ерекше сый-құрмет көрсетті – бұл менің есімде ұзақ сақталады», – деп маған
қарап қайта күлімдеді. – Естіген боларсыз, сіздің Алматыда кеше республикалық партия шаруашылық активінің кеңесі өтті ғой. Сонда Л.И.Брежнев сөйлеп, Қазақстан биыл мемлекетке бір миллиард пұттан астам астық береді деп сенім туғызды. Біздер, Қазақстанның шетелдік достары да бұл сөзге әбден сенеміз. Қазақстан – сондай зор табысқа ие болатын орасан зор өлке!» – деп сөзін аяқтағанда орнымнан кенет қозғалып кеткендей болдым.
Республикамыз үшін, астанамыз үшін жыл сайын мақтанышымыз ұлғайып, мәртебеміз биіктей түсіп келеді.
Біздің атақты астанамыз Алматыда кейінгі жылдары жержүзілік мәні бар уақиғалар өткендігі де бізді қуантты. Азия-Африка жазушыларының қазіргі заманғы қажетті зор мәселелерді қараған конференциясы, әр елден тоғысқан музыка қайраткерлерінің келелі жиыны, Совет әдебиетінің айтулы апталығы, баба жерлесіміз Әл-Фарабидің мереке күндері, Менделеев ғалымның салтанаты
– тағысын тағы тамаша жиындар біздің атақты астанамызда дүниеге дүбір салып өтіп жатса, біздер қалайша мақтанбай тұра аламыз?!
Ал, Қазақстан үшін, қолы құтты егінші ерлеріміздің мемлекетке миллиард пұт астық тапсыруы бүкіл халқымызға ерекше мақтанышты, тіпті кереметті уақиға болды. Керемет демей не дерсің, құдіретті қолдар мәпелеп өсірген сол ұлан- асыр мол несібені табиғаттың аласапыран лайсаң шағында қауырт жинап алу қандай қиындыққа түскенін қиялға келтірудің өзі қиын.
Біздің социалистік қоғам құрылысының шарапатымен кейінгі кезде тағы бір игі дәстүр
дүниеге келді. Қазақ даласына мол біткен дәнді жинасуға Отанымыздың шартарабынан туысқан совет адамдарының көмекке келуі дәуірімізге сай қуанарлық салтқа айналды.
Туысқан республикалар мен түрлі өлкелерден келген шебер механизаторлар, өз жеріміздің ысылған ер егіншілері тың даласына ұлан-асыр дүбірмен атой беріп, шағын мерзімде телегей-теңіз дән толқынын Отан қоймасына шашаусыз тоғытуы
- дастан, эпопея боларлық қаһармандық уақиға емес пе?!
Жуықта мен Нарынқол ауданында болып қайттым. Н.К.Крупская атындағы колхоздың клубында мен егіншілермен, шопандармен кездестім. Еңбекқор қариялар да, жас еңбеккер жеткіншектер де клубқа көп жиналыпты. Еңбек адамдарының әдебиетке деген мұнша ықыласына мен өте разы болдым. Қазіргі әдебиетіміздің өскелең жайы туралы айта келіп, Д.,А.Қонаев жолдастың есімі аталған өлеңімді оқығанда жұртшылық ризалық көңілмен ду қол шапалақтап тұрып алды. Бұл жайдан мен халқымыздың партияға, партиямыздың елеулі қайраткері республикамыздың игілігі мен өркені үшін аянбай басшылық қызмет атқарушы Димекеңе арналған ыстық мерейді, зор құрметті сезініп, өз мәртебем де көтеріліп қалды. Партия меңзеген бағыттарға барша халықтың аса бір шабытпен, екпіндеген жігермен ұмтылып жатқаны әр еңбеккердің іс- әрекетінен айқын сезіледі. Нарынқол ауданындағы Н.К.Крупская атындағы колхоздың маңдайалды еңбеккерлерімен сөйлескенімде бұл жайды мен анық байқадым. Колхоздың председателі Рауан Арипов, іскер де білімді жігіт екен. Биология
ғылымының кандидаты Рауан Арипов өз колхозы асылдандырып жатқан арқар-меринос қой тұқымы жайында жерден жаңа асыл тапқан инженерше қызу сөйледі.
- Республика ғалымдарының қой тұқымын асылдандыруға көп ғылыми басшылық еткені рас. Әсіресе, бізге белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әндижан Есенжоловтың ғылыми жетекшілігі зор көмек етті. Ал түптеп келгенде қойды асылдандырудың асқан мамандары өзіміздің тәжірбиелі шопандар – кәрілер мен жастарымыз. Олар будандастыру тәжірибесінің нелер сиқырын жақсы біледі. Елу мыңнан астам асыл тұқымды қойды, біздің шаруашылығымыз жыл сайын шығынсыз өсіріп, қыстан күйлі сақтап келеді. Мемлекетке ауыл шаруашылық өнімдерін тапсыру жоспары да дәйім асыра орындалып келеді. Мына қызыл тулар сол жеңістеріміздің айғағы, – деп Рауан бізге кабинетінде ілулі тұрған туларды көрсетті. Бұлар социалистік жарыста озып шыққан өнегелі шаруашылыққа берілетін құрмет жалауларыекен. Сол колхоздың озат механизаторы Қажымұқан Диханбаевтың ерлік істерімен танысқанымда менің көзіме оныншы бесжылдық осындай өрендері елестеп қалды. Социалистік Еңбек Ері, өзге де бірнеше ордендері бар, партия мүшесі бұл қажырлы қайсар азаматтың сөзі мен ісінен мен қазіргі кезеңдегі біздер іздеген ерлер бейнесін көріп сезінгендей болдым. Қажымұқан Диханбаев партиямыздың ХХV съезінің делегаты екен. Съездің елеулі шешімдерін жүзеге асыру тарапында коммунист Қажымұқан өткен жылы астық жинау жоспарын жүз елу процент орындап, әр гектардан 34 центнерден алтын дән алыпты.
Қазіргі шақта ол өзінің шәкірт інілерімен бірге мал қыстауларына мал азығын тасуға шұғыл кіріскен екен, өзі жайлы шағын сөйледі де шаруасына асығыс жүріп кетті.
Біз атақты Хан-тәңірінің көсілген аппақ бөктерінде келеміз. Нарынқол аудандық партия комитетінің секретары Шайхислам Баймұхамбетов жолдас пен колхоз бастығы Рауан Арипов маған ырыстың кені болған көз алдымыздағы асқақ таулы, нәрі шұрайлы осынау атамекен жайында екеулеп әңгіме шертіп келеді. Олардың айтуынша бұл киелі құт өлкеде ағын сулар, алуан түсті гүлдер, пейіштей кең әсем жерлер көп.
- Бұл тауды түрлі жануарлар мекендейді екен, тіпті, арқар-меринос қойларымызбен қосыла арқар, киіктер бірге жайылып жүреді, нәсілі бір хайуандар ғой, – деп күлдіреді Рауан. Кеше ғана ұшқындап қар жауған екен, айнала әппақ қылаң, төбе-белдер қатқылдау екен. Мен қанша ентелесем де тәкаппар Хан-тәңірі айқын көрінбеді, тау басы бұлыңғыр еді. Біз Жабыр тауының бауырындағы қыстауға келдік. Мұндағы отардың иесі Тоқтамхан Жақыпақынова қой өрісінен жаңа ғана оралып, үйіне келіп от жағып жатыр екен.
Тоқтамханның іскер, ақылды әйел екені сөзінен, жүріс-тұрысынан-ақ сезіліп тұр. Омырауында Еңбек Қызыл Ту ордені бар бұл озат шопан бірнеше жылдан бері жүз саулықтан жүз елуден, жүз сексенге тарта төл өсіруде. Төл болғанда түгі алтындай жарқырайтын арқарға тартқан асыл қошақандар. Бұл озат, іскер әйелдің әңгімесі өзінше бір хикая. Оны кейін жазармын да.
- Біздің колхозымыз аудандағы ең озық колхоз болуға әбден лайық, – деп аупартком секретарына
ойлыкөзбен қарағандайболды, колхозпредседателі Рауан Арипов. – Расында, кейде сіздер, – деп Баймұханбетов жолдасқа сөзін қарай сөйледі,
- кей шаруашылықтың малының, жерінің егін көлемінің мол мөлшеріне қарап, бағалайсыздар, ал біздің колхоз жері, малы жағынан шамалы болса да өнім, сапа жағынан солардың көбінен ілгері ғой,
- деп өзі басқарған шаруашылықты мақтаныш ете сөйледі.
Рас, оныншы бесжылдық – зор өніммен, асқан сапамен дәуірлейтін кезең. Біздің ардақты партиямыз коммунизм құру жолындағы бұл асулы белеске барша халқымызға тегеуріні толқындай жаңа қарқынды, нәтижесі өнегелі, жаңа шабыт- жігерді шарт етіп отыр.
Біз совет халқының құдіретті күшіне, партияға берілген шалқыған мерейіне кәміл сенеміз.