ТОЛҒАУ - ЖЫРЛАР ТОҚСАН ТОЛҒАМ
1
Бұл жырымның өрім талдай жолдарын,
Тоқсан бұрап, тоқсан рет толғадым.
Дүбіріндей менің түкті кеудемнің,
Замандасқа жан сырымды жолдадым.
2
Басын имей борандарға қыстайғы,
Бәйтеректер тұлғасын тік ұстайды.
Сол теректер сұрапылды көп көрген,
Ақша басты достарыма ұқсайды.
3
Аспандаған қанатымды бұлт іліп,
Құламада жүрмін қазір бұлқынып,
Деңгейіне дүниенің жеттім-ау,
Алпыс құлап, алпыс өрге ұмтылып.
4
Тыныштық қой менің дарқан дәуренім,
Несіне мен дамылдамай әуремін?
Мұқалмаған мысқал бір сөз табылса,
Қуанамын тапқандай тың тау кенін.
5
Өлең ғана бұл күндегі ғашығым,
Суаты сол қуаныш пен ашудың.
Кейде шалқып, кейде сілкіп аламын
Жүрегімнің тұңғиығын жасырын.
6
Жаным шөлдеп құлазыған дүздеймін,
Аңызақтан әлі сусын іздеймін.
Қуарса да жапырағы бұтамның,
Күдерімнің собықтарын үзбеймін.
7
Мен үшін бұл тіршілігім күз әлі,
Жарқын күзді кенет дауыл бұзады.
Кейде солай көңілімді түнертіп,
Кейбір топас келтіреді ызаны.
8
Топастарға кейде сонша бас ұрып,
Мадақтаймыз мәртебесін асырып.
Қылымсыған әйел сынды уақыт-ай,
Жымиясың сырқатыңды жасырып.
9
Болдырды ма бойымдағы бар талап,
Тегеурінім қайтып қана тарқамақ?
Бұрын өзім тіршілікті сүйреп ем,
Енді мені тіршілік жүр арқалап.
10
Күндерім көп жоғымды іздеп сабылған,
Безектеймін қашқан күннің соңынан.
Жеткізе ме желдей ескен дүние,
Аңшыдаймын түлкі көрген сағымнан.
11
Арық аттай болдырған бір шалғайда,
Кәрі көңіл кейде жасып қалмай ма?
Сусындаған аттай сергіп кетер ең,
Сырлас досың келе қалса сондайда.
12
Өшкен жолдай дәптерімнің бетінен,
Зая кеткен минутыма өкінем.
Меңгерем бе мезгілімнің ырғағын,
Жүрегімнің соңғы сырлы отымен.
13
Тау кәрілігін ағашымен жасырар,
Тот басса да жасымайды асылдар.
Ләззат жыры енді желеу болар ма,
Сұр емендей ақшаланған басым бар.
14
Бейуақытта неге шықтым көшеге,
Жас кезімнің дыбысы бір есе ме?
Жас қайыңға сүйеніп тұр қыз-жігіт,
Тау соларға самалыңды еселе!
15
Алатаудың асқарынан асып ем,
Жарқырады арман сайлар жасыл, кең.
Ойлап кеттім қалды-ау сонау еңісте,
Қызық шағым, қайран албырт жасыммен.
16
Көрмесем бір жүзін айдын даланың,
Тасадағы жандай жүдеп қаламын.
Сұңқарындай шарықтағым келеді,
Дарқандық пен еңбектің кең ғаламын.
17
Жарық күнге қарсы түндей қараңғы,
Өтірік те шындыққа қас жаралды.
Екі бақас келеді ғой жарысып,
Шындығым – оз, өшір – жалған, қараңды!
18
Аңсап сонау өткен қызық жаздарды,
Жас дәуренім көз алдымда қозғалды.
Алда тіпті талай қызық бар шығар,
Әттең соны көрер күнім аз қалды.
19
Талай жұлдыз зымырады төбемнен,
Талай балық ілдірмеді тереңнен.
Үмітпенен тағаланған тарланмын,
Жоталардан таймай әлі келем мен.
20
Көңілім – бақ, өскен гүлім – өлеңім,
Сол гүлімнен жұпар жұтып келемін.
Бағы солса құлазиды бағбан,
Жырым солса мен де бірге өлемін.
21
Жоғалғандай керегім бар ақшамда,
Абыржимын тыным тауып жатқанда.
Абыржимын ауырсам да, асау жыр,
Құрығыма түспей қырға қашқанда.
22
Жұлдызымдай жарқыраған қалқашым,
Енді маған неге салқын тартасың?
Жалын атса күйдірмей ме жай оты,
Талай жылғы мұздап қатқан тау-тасын.
23
Түңілме сен, көріп аппақ шашымды,
Мұқала ма тот басса да асылды.
Жани білсе қайрап ескі қанжарды,
Жарып өтер әлі талай тасыңды.
24
Әйел жұрты – өздерінше бір ғалам,
Мінездері – қилы таудай шырғалаң.
Жүрегіңе бал тамызса ләззаты,
Ашуланса – егеудей ғой қырнаған.
25
Мейлі әйел, сүйсін сені сүймесін,
Албырт шақта тез табылар үйлесім.
52
Ұлғайғанда мейірлі бір көздерден,
Нәзір күткен бір бейшара күйдесің.
26
Аққу-қаздар алыс жақтан ән шырқап,
Оралды әне, айдын көлін сонырқап.
Уа, дариға, мен де бірге ұшар ем,
Елестесе өткен қызық сол бір шақ.
27
Әжелерге мүсіркеп мен қараймын,
Солар құрбым, бір кездегі аяулым.
Мейлі өзім, шал болсам да, бірақта,
Сол қартайған сұлуларды аяймын.
28
Зайдахан-ау, қызғанба сол апаңнан,
Сырласым ғой бұрын сұлу атанған.
Күлімдесе елестейді мәз күндер,
Жас махаббат жаңа ғана от алған.
29
Өткенімнің өтсе бәрі арманда,
Несіне мен телміремін жалғанға?
Өткенімді медет көріп қуанам,
Кейде шаршап, кейде кейіп қалғанда.
30
Сұқсырым-ау, мұнша неге сыпсидың?
Мұндай ма еді анайы жас шын сиқың?
Көзің тұздай, күкірттенген кірпігің,
Ернің айғыз, бұл бетіңнен кім сүйсін?
31
Менің әлі мұқалған жоқ азуым,
Қаттыларды қайзауға да әзірмін.
Бірақ әлгі суайттардан безініп,
Артық көрем достарымның әзілін.
32
Туған жерің ыстық сірә несімен? –
Туысыңмен, жастық күнгі досыңмен.
Оларсыз сен жетім жалғыз жандайсың
Ескі жұртта қалып қойған көшінен.
33
Тусам да сол төбелдей бір қиянда,
Асқақ құздар ұялады қиялға.
Алатауым – қырандарға аян ғой,
Қыран, сірә, Баяныңа сияр ма?
34
Көңіл жақсы сұхбатпенен қосылған,
Мұңайғанда мейір таптым досымнан.
Не ғанибет туысымнан сол топас,
Менің биік мәртебемді басынған?
35
Шартарапта сыйласып көп қадірлі,
Көрдім талай жүзі жылы қауымды.
Іздеймін мен ағайынды несіне,
Сұрамаса ауырғанда халімді?
36
Пендеміз-ау, тірлікке бір таупықсыз,
Талай таудың асқарынан аудық біз.
Ентелейміз құз сыртында не бар деп,
Ғапыл оймен қапысы жоқ, қауіпсіз.
37
Сүңгігендей түнегіне қиянның,
Самолетте ауқып бір сәт қиналдым.
Бірақ ойлап, түпсіз терең аспанда,
Зымыраған космонавтан ұялдым.
38
Көргемін жоқ өр өзеннің құрдымын,
Жырым, сондай іркілмей-ақ ырғыдың.
Енді қашан, қай қырқада тынасың,
Жүрегімді сол толқытып тұр бүгін.
39
Естігенде екі шектің зар үнін,
Дірілдейді алпыс екі тамырым.
Күй құдайы – Құрманғазы кетіпті,
Күңірентіп аталардың сарынын.
40
Уақыт сырын жырмен талай барладың
Енді нең бар күйде сенің, заржағым.
Күйші болсам, қайран Құрманғазыдай,
Тебірентер бұл ғасырдың арманын.
41
Істен ада, пенсионер тобынан,
Қаракетсіз көп жандарға жолығам.
Бәрі мең-зең. Көз жұмғанша тәңірім,
Қаламымды жұла көрме қолымнан.
42
Жоқ, біткен жоқ әлі менің шеруім,
Сапқа тізіп тұстасымның өр үнін,
Самсап жырым асар ұлан асудан,
Жаңғыртуға уақытымның жорығын.
43
Уа, байғұс шал! Кінәлайсың ол кезді,
Ойла өзің, жастық шақтан кім безді?
Ұмыттың ба оттай ыстық ләззатты,
Ұмыттың ба күндей жарқын мінезді?
44
Арғымақта көп сабылса сын бар ма?
Көрсең мені отызыншы жылдарда.
Жұлқынып ем, құздарға да, қызға да,
Кеуде керіп жалынға да, ызғарға.
45
Сол жылдарда қалды менің қызығым,
Мұзды еріткен, қызды еріткен қызуым.
Кейде бір сәт сол кезім деп қаламын,
Естігенде наз күлкілі қыз үнін.
46
Табиғаттың – әйел әсем әлемі,
Бұл өмірдің солар гүлді желегі.
Генералға ізет еткен солдаттай,
Сұлу көрсем басымды игім келеді.
47
Бауырым, маған мінезің жоқ ұнайтын,
Неге керек көлгір сөз бен суайт үн?
Ақын болсаң тура жүгір тұғырға,
Мөлдір, пәк бол, тас бұлақтай тұнбайтын.
48
Ол өлеңді менен артық жазбайды,
Шала болса, шоғы қайтіп маздайды?
Өзің жебеп мінгізіп ең «Волгаға»,
Енді өзіңді басып кете жаздайды.
49
Сервантта тұр самсап ылғи хрусталь,
Көрсем соны кейде денем құрыстар.
Шыны ма сән, сиқы сынық келінім,
Әуелі өзің, мінезіңмен дұрыстал.
50
Шәкірттей бір кейін қалған сабақтан,
Жыр жазбасам шыққандаймын санаттан.
Құлақ тосам, ұғамын деп тың сырды,
Атқан таңнан, шылдыр қаққан сағаттан.
51
Жалбыр шашты бәйтеректі жапса қар,
Еске түсер қойды баққан ақсақал.
Әлде жүрме іздеп ыққан отарын,
Әлде жаурап құлады ма тасқа шал?
52
Мұртты сылқым сілтеп отыр сыраны,
Сымпыс қызбен сусытар көп сыр әлі.
Ал әкесі қойды қорғап ашығып,
Алысып жүр ақ боранмен қырдағы.
53
Ғанибет қой айтса бетке мініңді,
Солай едік сындарда біз бұрынғы.
Таң қаламын – қалайша мен үйрендім,
Шүбәлардың бәрін ішке бүгуді.
54
Көп мақтауды тілемеймін досымнан,
Шын пейілге жылы леппен қосылам.
Сақтанамын – досың, ыстық көңіліңе,
Тастар ма деп мұздай зілді тосыннан...
55
Мұз да балқыр жылы ессе желге де,
Тас та жібір нұрын төксе сәулеге.
Іңкәрімді елжіретіп айттым ғой,
Туысым-ау, еміренбейсің сен неге?
56
Сайысқанда керек көзсіз батырлық,
Сынасқанда – керек шығар батылдық.
Түсінбеймін, дарынына сенбей ме,
Жараса ма ақындыққа – әкімдік.
57
Ырыс далам! Асылы мол ақ далам!
Кендерің мен кеңдігіңе мақтанам.
Таң қаламын – мұнша байтақ бай дүзді,
Бабаларым жаудан қайтып сақтаған?
58
Гауһарларын сақтап жерге жасырын,
Көкейіне тоқып сөздің асылын,
Кер заманнан келген дана жұртыма,
Жүз иіліп, жүз мәртебе бас ұрдым.
59
Жапан дүз деп кім кеміткен даламды,
Көрсетер ем мұнда қызық ғаламды.
Жаһандағы нелер жиһаз бұл қырда,
Асылдар бар жайнатар бұл заманды.
60
Сол мекенім кәрі жұрты қу қақтай,
Құлпырыпты-ау оюланған сырмақтай.
Мұндағының бәрі жаңа, бәрі жас,
Ескі – тек мен, содан қалған жұрнақтай.
61
Өседі гүл өрт жайлаған орманға,
Қайту бар ма сол қырылған жандарға.
Өшсе мәңгі соғыс деген топалаң,
Қанын шашпай жарқыраған жалғанға.
62
Мақтанды деп ақындарды күндеме,
Менменсінген дандақ аз ба дүниеде?
Ақын көңілі асқақтаған қыран ғой,
Қыран шіркін сұқсырларға иіле ме?
63
Міне мейлің, ақын ғой деп ұшқары,
Тек мінезім көлгірліктің – дұшпаны.
Жасық жырды асыл депті бір дүмше,
Соған бола кәрі жыным ұстады.
64
Ал, білгірім, пьесаңды жетістір,
Театр мен көрерменді шекістір.
Шенеп солай сынар едік бәрібір,
Арамызда жүрсе қазір Шекспир.
65
Батар күнде тасқа жаяр шапағын,
Керең түнге үнсіз қайтып батамын.
Зайдахан-ау, абыржыма, ұйықтармын,
Көз жұмғанша жырымды
айтып жатамын.
66
Өлең шіркін шықпай қойды қырсығып,
Күйіркеймін, әлденеге күрсініп?
Махаббаттың тамырлары тоңазып,
Отырмын ғой салқын сөзбен бүрсиіп.
67
Қалқа бала, мені аясаң ән салшы!
Әуеніңе қам жүрегім алдансын.
Бұл фәнидің күйбеңдерін ұмытып,
Жанымда тек назды ғана ән қалсын.
68
Әйел күлсін, сыры сиқыр болса да,
Ақау бар ма жұпар атса аршада?
Аңқаулар тек аңғармайды, ал өзім
Әйел күлсе ләззат алам қаншама!
69
Уа, уақыттың от мінезді қыздары!
Қандарың бар қайнар судай қызбалы.
Сайрандаңдар, әдеп жібін аттамай,
Әдет деген бөгесінді бұз-дағы.
70
Махаббаттың қызығына кәнікпін,
Әттең шіркін ерте туып қалыппын.
Бір сұлуға мың садақа етер ем,
Желеулерін атақ пенен даңқтың.
71
Сымбатың бар мүсініндей киіктің,
Алшандамай, қалқам, неге бұйықтың?
Ерке жасың өте шығар елестей,
Арулық па, тұнжыраса тұйық тым?
72
Әйел заты елікпеген сән бар ма?
Бірақ бәрі қазірде бір арманда.
Тұлғаларын жауып тері-терсекпен,
Ұқсау мода – жалбыр түкті аңдарға.
73
Тас жоқ шығар мен тағандап баспаған,
Тау аз қалды мен шыңынан аспаған.
Енді неге, кейде шағын үйлердің,
Баспалдағын басуға да жасқанам.
74
Бұл дәуірде білікті мен әкім көп,
Бәріміз де сәуірлейміз батыл боп.
Бірақ сірә, бір данышпан керек-ау,
Бәріміз де бас иетін мақұл деп.
75
Сарапшылар өз өлшемін жақтайды,
Сөз безбені бізге кейде жақпайды.
Бір ғажабы – желеу етіп ақынды,
Сыншылар да бірін-бірі мақтайды.
76
Ұшпа бұлтпен өткізіп ем әр қысты,
Шоқысына жырларымның қар түсті.
Аяздың да шипа демі бар шығар,
Алқынсам да өргітпекпін алпысты.
77
Бір секіріп, бір жығылып жапалақ,
Әлі де жүр биік жарды жағалап.
Лауазымның жотасына бір шыққан,
Құламайды қойған аттай тағалап.
78
Қайран мансап, ширықталған тізбегі,
Шыңнан аға, қырдан баурын іздеді.
Іні тауға ала келді белесін,
Ол шақырды құзға қызын дүздегі.
79
Бұл екеуі кеше ғана керісті,
Бүгін тағы бұл екеуі келісті.
Түсінбеймін, не жетпейді бұларға,
Тарылтқандай тынысы кең өрісті?
80
Ақындарды егесті деп сынама,
Шақпақ тастар шағылыспай тұра ма?
62
От түспесе ортасына олардың,
Жайшылықта бірі – іні, бірі – аға.
81
Ақ шашымдай көкжал толқын Ертісім,
Ана-жердің алқасындай көркісің.
Әлдилеген бесігімдей тербелші,
Бала болып жырым қайта серпілсін.
82
Мен де бір кез бала болдым дегенге,
Жас ұрпағым қазір маған сенер ме?
Ертісім-ау, бөбек ем ғой, айтшы өзің,
Өсірдің ғой сүйреп мені тереңге.
83
Шарласам да кең жапанның жазығын,
Естілер ме бала күнгі мәз үнім.
Керекуім, бір сәт сәбиің тіл қатса, –
Аумаған сол өз үнім деп разымын.
84
Мені, мүмкін, бір шады ғой дерсің де,
Алпыстағы ақыл бермес еншіге.
Ойла шырақ, әлі жаспын десең де –
Өз шағыңа сол жасыңмен теңсің бе?
85
Саудагердей мадақтайтын сатарын,
Ақындар бар бұлдайтын да сақалын.
Өзім мынау ақ қылаулы басыммен,
Бастап келем жырдың жаңа сапарын.
86
Бұл заманда құрмет көп қой кәріге,
Ардақты ма сақалдының бәрі де.
Сақта құдай, кәрілерден малта езіп,
Мылжыңдайтын дарынының төрінде.
87
Жүйрік жасқа жүлдені де қиярмын,
Бірақ қайтіп жыр нәпсісін тиярмын?
Самғамаса биікке сөз сұңқары,
Өз қолыммен топшыларын қиярмын.
88
Жүйтки берсем – ұшқырмын деп
сый күтпе,
Құйындайтын даңғыл бар ма жүйрікке?
Ақын жолы қия тастай тайғанақ,
Қайсар ғана қарғып шығар биікке!
89
Менің әлі бұлттанған жоқ аспаным,
Қар шалмайтын асқар деген жастамын.
Қарыздыдай ертеңгіден қысылам,
Ұнар ма деп жазар жаңа дастаным.
90
Тоқсанымда жетер бәлкім толымым,
Тоқсан ойдың түйдім бе әлде тобығын?
Асау өзен теңізге кеп тынбай ма,
Сол теңізде толастайды жорығым...