16.04.2022
  182


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Түлкі мен торғай

(Лев Толстой әңгімесі бойынша)

Бұтақта отыр еді торғай қалғып,
Қу түлкі әлдеқайдан келді қаңғып.
– Торғай жан, бүрсигенше тоңып жалғыз,
Қасыма келші ойнап бейне балдыз.
– Дұрыс қой, тарлан түкем, – деді торғай,
Отырмын қу бұтақта жерге қонбай.
Жортқасын жерде аңдар азулы өңшең,
Әзелден күтінуді жөн көруші ем.
– Торғай жан, – деді түлкі, – сүйінші бер,
Орнады бейбітшілік, тыншыды жер.
Аң біткен татуласты жер бетінде,
Күн туды таң-ғажайып кем-кетімге.
– Япырмай, – деді торғай, – аузыңа май,
Отыр ем қу бұтақта зәрем қалмай.
Жерге осы келмекші еді арлан тазы
Қоянды кұтқармайтын қысы-жазы.
– Не дейді мына шірік? – деді түлкі.
Кейпінен қашты ілезде сиқыр күлкі.
Құйрығын бұлаңдатпай, қысып алып,
Зытпаққа тұрды түлкі оңтайланып.
– О, түке, – деді торғай шық-шық күліп,
Демеп пе ең жаңа «орнады бейбітшілік?
Түлкі айтты: – Орнағаны рас, бірақ
Ит итке сенім бар ма, торғай шырак.
Салайын антұрғаннан аулаққа ірге,
Ал, сізбен кездесерміз және бірде.





Пікір жазу