16.04.2022
119
Сәбит ағаға
Бәйгеден сансыз келген жүйрік тарлан,
Сонда да таусылмайды тірлікте арман.
Алпыстың аскарынан талпынады,
Бұлдырап алты белес алпыс қалған.
Зер салсаң қалам атты қадамыңа,
Уәй, Сәке, Сіз бір жүйрік саналыға,
Жүректің қазынасын шашыпсың мол,
Керегін әркім іздеп алады да.
Бір өзің халқыңның бір ғасырындай.
Қолдағы жақсы-жаман асылындай,
Той деген біреуге ермек, біреуге сын.
Барымды алып келдім жасырынбай.
Өмірдің бесігі әлі ерте дейміз.
Жаныңа шаңқай түстей еркелейміз.
Сақтаған жарты ғасыр сөз шарабын,
Құмарта жұртқа жалпақ берсе дейміз.