16.04.2022
  315


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАС КҮНІҢ ЕСТЕН КЕТЕ МЕ?

Мен мінген ат керқасқа,
Әр желісі әр басқа,
Жортып барам, ай жарық
Сәулесін төккен жартасқа.
Самалын сезіп салқын түн,
Мен де желдей шалқыдым.
Шалқыдым да жырладым,
Ағылды шын сырларым,
Сүйгенім, жырым өз өлкем,
Өзгеге көңіл бұрмадым,
Дастан етер болсамшы,
Елімнің асқақ шыңдарын,
Елімнің сұлу сырларын.
Бұрын мүлгіп тұрған жай,
Жаңғырықты тау мен сай,
Үн қосты маған әлдекім,
Мені тыңдап тұрғандай,
Соны кім деп қарасам –
Жымиды көктен алтын ай.
Айлы түнді жайнатқан,
Күлкі шықты аулақтан,
Мынау қыздар даусы ғой,
Сыңқылдады қай жақтан?
Керқасқаны желдіртіп,
Жетіп келсем сол жаққа,
 Әлпеншекпен тербеліп,
Қыздар күлген бұлғақтап,
Жігіттер жүр ыржақтап.
Тұр едім сәл таңданып,
Аттан алды аударып,
Тартты бірі қолымнан,
Қалдым соны аңғарып.
Уа, дариға, сол бір қыз
Ұмытылып кете ме?–
Керқұламен қусам да
Енді оған жетем бе?!
Әлпеншек тепкен, шуласқан,
Ақсүйек ойнап түн қатқан,
Ай толықсып аспанда,
Жердің жырын жырлатқан,
Сұлу қызым сыр айтқан,
Қызығымды молайтқан,
Жас күнім естен кетер ме!
Керқұламен қусам да
Енді оған жетем бе?!





Пікір жазу