16.04.2022
  132


Автор: Қалижан Бекхожин

АЛЛА ӨСИЕТІ

(1783)
Әділ бол, адамзат,
Бол ізгі, ақыл ұқ,
Жауыздық саған жат,
Емессің мақұлық.
Мейірімді жаның бар,
Мейірімсіз – жануар.
Бар болса бір ғайып,
Адамнан асылдар,
Ізгілік нұр жайып,
Соған үн қосыңдар.
Абзалдық қасиет –
Құдайдан өсиет.
Табиғат – тел-ана,
Шегі жоқ пейілің,
Жақсыға, жаманға,
Тең төгер мейірін,
Ортақ – ай, жұлдыз да,
Момынға, жауызға,
Жел менен сел-тасқын,
Найзағай, нөсер де,
Басынан жартастың
Құйындап көшер де,
 Не жатса өрінде,–
Әкетер бәрін де.
Сондай-ақ бақыт та,
Елгезек болады.
Кейде бір уақытта,
Жарқылдап қонады –
Мүбәрәк ұлға да,
Қотыраш сұмға да.
Өмірдің заңы бар,
Темірден ол мықты,
Кешеміз бәріміз,
Бір тағдыр – тірлікті.
Тек қана адамда,
Құдірет қуат бар –
Ашып сыр жаһанға,
Айтар сын, жаһанға,
Айтар сын, не мақтар –
Түсінер, түйсінер
Мән беріп мәңгілік,
Минутқа сүйсінер.
Тек қана адамзат,
Ізгіні жақтайтын,
Сұмдықты даттайтын,
Ақ жолдан тайғанды
Түзейтін, сақтайтын,
Мұратқа баптайтын.
Келешек ұрпаққа
Өшпейтін ғибрат,–
Жасайық бұл шақта,–
Құдайдай сол мұрат,
Зор істі жасаған
Адамдай болайық,
Аз істен жақсылық
 Жасап бір қалайық.
Әділ бол, адамзат,
Бол ізгі, мейірімді,
Жасай бер, игілік,
Іске бұр пейліңді.
Алланың кейпі зор,
Үлгілі болып көр!





Пікір жазу