16.04.2022
  143


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕРТЕГІ

Тұрыпты Румда жігіт ерте кезде,
Ақылды, жаны жарқын, кең мінезге!
Адамдық қасиеттің бәріне бай,
Ер еді тұлғасына жаны да сай.
Сол елдің гауһары еді асыл текті,
Тек абзал аруды бір арман етті.
Өзгеге тәлімімен болды ғибрат,
Атанды «Абзал Бәшір» жұртына ұнап.
Алаңсыз Бәшір бір күн келе жатты,
Саялап қаладағы қалың бақты.
Кенеттен кездесті де абдырады,
Мүфтәлә болып басы, жанды жаны.
Алдынан ару әйел сылаң қақты,
Оранған ақша бұлтқа ай сияқты.
Кім екен бұл перизат Бәшір аң-таң,
Ысырды жел пердесін бетін жапқан.
Торғын бұлттан жарқын ай жайнай қалды,
Оқты көзден Бәшірдің басы айналды.
Аяғы қалтырады, баспай қалды,
Бейнебір оқ тигендей естен танды.


Сұлуды көрсе мұндай шыдау қайда?
Сопы да тағатынан айрылмай ма?
Кипаристей сұңғақ бой, көзде ләззат,
Аққу қанды жүзінде – нұры маздап.
Өткенде осы сұлу көрген жанды,
Мүфтәлә, не мәжнүн етер мәңгі!
Еріні қызыл гүлдей үлбіреген,
Тістері меруерттей мәнерлеген.
Жаутаңдар қос нәркестей егіз көзі,
Түнекке тұнған сынды сыр мінезі.
Қыранның қияғындай қабақ-қасы,
Ақ төсін жапқан бұйра қолаң шашы.
Аңқыған оймақ меңі әнбірменен,
Жанары мөлдір бұлақ сыры терең.
Сол меңді, сол жанарды көрсем бір сәт,
Жүрегім түсер торға тұтқын құсап.
Шеңгел бір табанына қадалғандай,
Шыдамай Бәшір сонда салды айғай!
Ай бетін пердесімен қайта жауып,
Ару тез ғайып болды, етіп хауіп.
Құпия қан төгілсе үрей басып,
Шу шықса кісі өлтірген кетер қашып.


Дәл-сал боп Бәшір сонда қарай қалды,
Бейнебір ұры қашты, үй тоналды.
Ойлады: бұл аурудан айрылдым мен,
Өлермін, енді төзбей қайғыдан мен...
Мықты рух құмарлықты тауып жеңер.–
Дегенге – мен тәнтімін, үміт жебер.
Үстіне есегімнің шатыр құрып,
Әулие Құддус жаққа кетсем жүріп.–
Құдірет қол, көк күмбезін тұрған ұстап,
Маған да берер медет жолды нұсқап.
Үйіне келіп Бәшір тез жиналды,
Мұң айдап әзіз жаққа жүре қалды.
Жөнелді үрей басып, есі кетіп,
Сыйынып әулиеге тәжім етіп.
Көне бір тауап үйде жалбарынды,
Сақта деп жын-періден қам жанымды.
Налыды құдайы мен әулиеге,
Сау қайтсам арман жоқ деп енді үйіме.
Кезікті бір жолаушы қайтқан кезде,
Сырты оңды, жаны зұлым, кәззәп кезбе.
Керісқой қызыл өңеш сол бір найсап,
Әр істен мін табады басын шайқап.


«Жаһилдің айдаһары» деп атанған,
Өйткені оған мансұқ, құдай жалған.
Ізгі бір ой сездірсе Бәшір оған,
Тілдейді ізгілікті сол бір надан.
«Жоқ, жоқ, жоқ! Олай емес бөспе босқа!» –
Деп сойқан сөз бермейді ерген досқа.
Сондықтан абзал Бәшір үнсіз қатты,
Кесірдің бұл да ызасын бұрқыратты.
«Атың кім? Қандай қусың, өзің кімсің?
Жолаушым, айтшы маған, қайдан жүрсің?»
Бәшір айтты: Мен құдайдың пендесімін.
Атым, Бәшір, Сен айтшы, кім – есімің?
– Сенбе едің, сорлы Бәшір, құнсыз затың!
Пірімін өлгендердің,– Малиха атым!
Жер, көкті, жалғандағы бар жаһанды,
Құдіретім, ұшқыр ойым орап алды.
Ғаламды парықтауда кемеңгермін!
Ізгі, сұмдық ғайыпты – тең меңгердім.
Мен күллі даналардан асып кеттім,
Біл неден! Он екі пән – хатым еттім.
Тау, дала, орман, өзен, сай мен саяң...
Күн, жұлдыз, теңіз сыры – маған аян.


Білемін баршасының түп-тумасын,
Білемін дүниенің құпиясын.
Аспанда не барына хабардармын
Болмадым онда бірақ, жер құмармын.
Болжайтын ғайыптарды сәуегеймін,
Өзіме еш хауіпті сезінбеймін!
Елу жыл, ел апатын бұрын болжап,
Құларын патшалықтың берем толғап.
Егінге шөл қатері төнерінде,
Жыл бұрын жұртқа болжап беремін де.
Сырқатты тамыр ұстап дәл табамын,
Безгекті денеден тез қайтармын.
Янтарьді салып отқа жалт-жұлт еткен.
Жақұтқа айналдырам кереметпен.
Балшықтан атын алам сөзбен сүзіп,
Дуамен тастан меруерт берем тізіп.
Аузымнан жел үрлесем, жіпті көріп,
Әп сәтте иреңдейді жылан болып.
Дұға оқып ашам кеннің тылсымдарын,
Құпия қазыналардың жайып бәрін.
Дүниеде мен білмейтін құпия жоқ.
Сұрай бер, бәрін айтам, аяным көп.


Ғылымның бар саласын шарықтап бақ,
Таппассың еш ғалымды – тап маған ашық!»
Жол бойы солай соқты сол мақтаншақ,
Арсызға Бәшір көнді әрең шыдап.
Шөкім бұлт таудан шықты жерге төнген,
Мұнайдай түсі қара түтінденген.
Малиха деді: «Ұшты, бұлты қайда?
Қарамай түсті, неге, ақ болмай ма?
Бәшір айтты: «Язданның әмірі ол,
Баршаға сипат берген тәңірім сол».
Малиха деді: «Мұндайды айтып қиқарланба!
Жауап бер, садағыңды тура сал да!
Қара бұлт туар күйе түтіндерден,
Анықтап ақыл мұны түйіп берген.
Маржандай, сүттей әппақ бұлттар да,
Сыз, қанша сендегідей суықтарда»
Кенет жел есе қалды жүздеріне,
«Айт қане қандай күш бар жел лебінде,
Ойлап тап!– деді бөспе мұнда сыр бар,–
Мал құсап қапырықта пасық тұрар».
«Әмірі тәңірдің бұл! Хақсыз ешбір,
Дүниеде болмас қимыл»– деді Бәшір.


Ол айтты: «Білім кілтін ұстау керек,
Сандырақ ертегіні етпей дерек!
Жел мәні пәк әуе ғой, судай шалқып,
Жалынын қуар жердің, жұпары аңқып»
Асқар тау көрінді бір алғы белден,
«Бұл неге биік – деді ол – өзгелерден?»
«Язданның,– деді Бәшір – жазмышы бұл,–
Бір тау биік, бір таулар кішірек тұр».
Кейіді ол: «дәлелің жоқ, құр лағасың,
Құдайдың жазғаны деп, шырмаласың!»
Біліп қой: сел жаңбырдан туған тасқын,–
Тауды бұзып, қиратар құзын тастың.
Шыдамай Бәшір оған айтып салды:
«Тәңірге қарсы шықпа, қой мақтанды!
Әлемнің хикмәті маған тұйық –
Ғылымда бірақ сенен ойым биік.
Құдіретін жасағанның біліп болмас,
Ойымыз оған мәңгі жете де алмас.
Білмейміз Лаухулдың біз сыр пердесін,
Сырттан біз сараптаймыз оның несін?
Адасқан жалған жолда жанталаспа,
Уәсуәс еріп сөзге сен адаспа!


Қорқамын пенде түсер кез келер деп,
Қыңыр мен өр ойлыны езгілер – деп.
Ғайып сыр – жапырақта сыбдырлаған,
Қолыңды тигізбе сен, әсілі оған!»
Қарғыстап болды Бәшір пәтшағарды,
Білгіштік жыны буып, ол қасарды.
Жүрді ұзақ. Шексіз әлі шөл асады,
Малиха ерегісіп таласады.
Шыжыған шөлде, күйген қасқа құмда,
Ұйқының зәрі шапты баста миға.
Аһлап аяқтарын әрең басты,
Жанып күн шыдатпады, алау шашты.
Ақыры бәйтерекке келіп жетті,
Қалжырап саясына құлай кетті.
Сусылдап көкке жеткен жалбыр басы,
Ағаштың жасыл майса кең саласы.
Көмілген бір күбі тұр түбірінде,
Мөлдір су құйылыпты толық мүлде.
Малиха күбіні сол көре қалып,
Бәшірге айтты тағы тез қадалып:
«Жігітім! Қара міне, айтшы енді,
Дейсің бе – мұны мұнда тәңір көмді?


Көмілген ернеуіне дейін құмыра,
Қақпағын жаппады екен неге сірә?
Айт және – бұл жерге су қайдан келді?
Көрдің ғой күйіп тұрған сусыз шөлді.
«Ізгі жан – деді Бәшір, – қойған су тек,
Сусаған жолшы шөлін қандырсын деп.
Сындырып алмасын деп көрмей қалып,
Күбінің шетін құммен қойған жауып...»
Малиха мысқылдады: «Әй, сабаз-ай!
Мағынасыз ойланбай-ақ бөсесің жай.
Шын аяп екеуімізді бір мейірбан,
Ойпырай су әкепті-ау, – қилы қырдан.
Байғұс-ау, бізде кімнің шаруасы бар,
Мың шақырым жүрсең де су жоқ табылар.
Бұл маңда тек аң мен құс салар ойнақ,
Жақсы жер аң аулауға – тұрсам ойлап.
Аңшылар күбіні бұл кеткен тығып,
Қақпан ғой киік үшін қойған құрып.
Бұл құмды киік, елік мекендейді,
Сортаңды тұздық етіп шеңгел жейді.
Шөлдейді сортаң жұтып, күнге күйіп,
Келеді сусындауға мұнда киік.


Сыртынан бәйтеректің тұрып кезек,
Аңшылар аңдыр найза, садақ кезеп.
Аңшылар аңды мұнда еркін атып,
Тынығып кәбәб жейді кешке жатып.
Досым-ау, әрбір істі білген мақұл,
Білгір! – « деген есімің шығар ақыр».
Бәшір айтты: болмасты меңзегенде,
Түрліше пайымдау бар, сенде, менде.
Өзінде бар парық пен осал жайлар,
Кей адам басқада да бар деп ойлар.
Өзгеден тек сұмдықты іздеме сен,
Сұм ойлаған – сұмдыққа түсер деген!»
Отырды саяға олар жайып сүлгі,
Дәм алып, құмырадан жұтып суды.
Осы су екеуіне ұнап кетті,
Шыныдай мөлдір салқын кереметті.
Малиха Бәшірге айтты әрі кет! – деп,
Әрірек бара тұр да, сабыр ет! – деп.
Шомылғым келді суға бойды жуып,
Денемді сергітейін шаңды қуып.
Сортаң тер ашытты ғой бар денемді,
Кір басып, ауырладым бойды жеңді.


Жуынып фәктенейін сергіп денем,
Сенімен алға қарай бір жөнелем.
Кетерде бұл күбіні тек сындырамын,
Қорғаймын дұзақтан сол қырдың аңын!
«Әй, мүһмін, – деді Бәшір, – қой сұмдықты!
Ойлауың мұндай істі бекер тіпті!
Күбіні тәңір бізге етті нәсіп,
Қорлама сол кәусәрді жерге шашып.
Құдықтан су ішкен жан қанып мейірі, –
Болмаса жаһил оған түкірмейді.
Сіркемен айнаны да жусаң обал,
Фак нәрді арамдасаң – зор күнә бар.
Ойлашы жолаушылар шөлдеп келген,
Лай суды қайтіп ішер лайсаң жерден.
Бірақ сол пәлеқор жан қайыспады,
Кесефат мінезіне ойыстады.
Қоржынын, киімдерін шапанға орап,
Күбіге күмп берді де кетті құлап.
Бұл өзі күбі емес, құдық екен,
Түбіне жету қиын, түбі терең.
Сол «дана» дана медет таппай батты,
Түбінде сол құдықтың ажал тапты.


Тереңге сүңгіп ішін су кептеді,
Тұншықты тереңіне бүлк етпеді.
Отырды Бәшір сонда судан жырақ,
Таза су лайланды деп жыламсырап.
Ойлады мына сұмырай тыңдамады,
Кесірмен кетті суды былғағалы
Сырты лас, іші тіпті, одан да лас,
Күбіні ластады ғой бұл есуас!
Кірімен, лас терімен суға лай сап,
Күбіні қиратады-ау осы найсап...
Адал жан мұндай істі сұмдық көрер,
Сұмдыққа залым қолы батыл келер!
Бұл сойқан ешкімге де дос болмайды,
Судан ол шықпай қойды күтті ұзақ.
Құдыққа жақындады Бәшір енді,
Күдікпен іздеп оны суға төнді,
Сезді ол сорлы суға батқан екен,
Түбінен күбінің ол тапқан мекен.
Бұл жайдан Бәшір байғұс шошып қалды,
Теректен зор бұтаны жұлып алды.
Бұл бұта су байлауға лайық келді,
Аршыды жапырағын Бәшір енді.


Сырықпен күбіні ол сүзіп бақты.
Қаншама әуре болды босқа лақты.
Түпсіз бұл, күбі емес, құдық терең,
Қапталған таспен, құммен өрім деген.
Күбіге шебер ауыз қойған ойып,
Аң ластап жүзбесін деп суға тойып.
Мүскінді судан алды Бәшір әрең,
Денесін қойды жақын жерге белең.
Тастармен жапты үстін, жерге көміп,
Отырды қабырында үнсіз төніп.
Ойлады – қайда қалды парасатың?
Ғайыпты болжаймын деп таласатын.
Айтушы ең бар түйінді шешемін деп,
Жын-пері, қыран жолын кесемін, – деп.
Мақтандың көк ғайыбын білемін деп.
Арқанға ғалам сырын ілемін деп.
Айтып ең қорқуды да білмеймін деп,
Қайда сол қайсарлығың күлдейсің тек.
Сендірдің – бәрін бұрын болжаймын деп,
Ел күйін жүз жыл бұрын толғаймын деп.
Айырып көргіш көзің қарамады,
Жай құдық екенін бұл даладағы.


Менімен сорлы неге көп таластың?
Олай емес, былай деп жағаластың.
Расында біз білеміз деген істің –
сыры өзге, мәнісі жат құбылыстың.
Екеуміз тантыдық көп, сөз дулатып,
Күйдің сен алауына, суға батып.
Бітті ме сандырағың сол күбімен,
Жасаған тәңір оны өз қолымен.
Әркімнің тағдыры бар лаухул сызған,
Еш пенде құтылмайды қашып содан.
Әр неге қыза сөйлеп таластық біз,
Жөн айтпай ақырында адастық біз.
Мен саумын, құдықта сен жан тапсырдың,
Өйткені құр мақтаннан мансап құрдың.
Қақпансыз су қойған деп алдап аңға,
Ойлап ең өзің түстің сол қақпанға.
Жұтым су үшін еттім шүкірәнә!
Сақтаған шығар мені, тәңір, сірә?..»
Соны айтып ізгі Бәшір тұрды жерден,
Марқұмның алды жүгін жиып-терген.
Мысырлық жібек шапан оқаланған,
Ақ сәлде, қымбат белбеу, одан қалған.


Киімнің қалталарын сілкігенде,
Саудырап түсе қалды зілді теңге.
Күн түсіп, жарқырады көзді тартып,
Мағрибтің алтын сомы мыңнан артық.
Біреудің алтынына сұқпаған қол,
Пейілін дәйім таза сақтаған ол.
Ойлады: «Бұйымын бұл қалдырмайын,
Бәрінде буып-түйіп бірге алайын.
Жоғалтпай жолда мұны сақтап бағам,
Мүскіннің туыстарын іздеп табам.
Қайтсем де үйін тауып, дүниесін
Беремін, разы етіп шын иесін.
Құтқарып қала алмадым қапы кетті,
Бұл жолда орындайын бұл міндетті.
Егер мен ерсем оның дегеніне,
Ажалдың жүрер едім желегінде».
Бұйымын Малиханың Бәшір буып,
Арқалап шөлмен әрі кетті жүріп,
Жапанда жүріп жалғыз неше дүркін,
Аман-сау бір шаһарға жетті бір күн.
Керуен сарайда ол шықты ұйықтап,
Тынығып тамаққа да тойды мықтап.


Бұйымды иыққа сап шықты үйден,
Деп – мұның шын иесі бар ма білген?
Бәшірге айтты жүрсең көшемен бұл,
Патшаның ордасындай бір зәулім тұр,
Сол оның үйі! Жолшы тезірек жет,
Қорықпа, есігін қақ, кір, ізет ет!»
Арқалап бұйымдарын алтын түйген,
Ақыры барып шықты сол бір үйден.
Есігін қағып еді, әйел шықты,
Айдай бір перделенген торғын бұлтты.
Келдіңіз қандай іспен, – деді маған,
Ізетпен жауап берді Бәшір оған!
– Ханым, бұл үйдің қайда бәйбішесі,
Берейін, бұл бұйымның сол иесі.
Лұқсат болса бұл үйге кірейін мен,
Қайғылы хабар айтып берейін мен.
Жолдас боп Малихамен келдім жүріп,
Қапыда ол қаза тапты тағдыр ұрып...»
Үйіне әйел ертіп барды-дағы,
Кілемге отырғызды алдындағы.
Дидарын ақ сүлгімен бүркей салып,
Кәнекей, сөйле – деді бәрін анық!»


Жасырмай бәрін Бәшір баян етті,
Жапанда кездескенін аян етті.
Айтты ол – жолда қалай жарасқанын,
Жөнсізге Малиханың таласқанын.
Бәрін де білемін деп лепіргенін,
Есіріп, сиқырланып көпіргенін.
Сезбей бір ғанибетті өкінгенін,
Ізгіні балағаттап көкігенін.
Құдықты лайлайын деп жұлқынғанын,
Қалғанын сол құдықта құртып жанын.
Мастанып даңдақ шіркін тасқандығын,
Масқара болып суға батқандығын.
Осылай айтты бәрін Бәшір анық,
Болғанды жасырмады бүгіп қалып.
– Иманды болсын марқұм! – деді Бәшір,
Үйге – би енді сізсіз мерейі тасыр!
Мәйітін пәк су шайған көмдім жерге,
Жатыр ол ұйықтап қазір құмдақ көрде.
Мінекей, бұйымдарын келдім алып,
Бергелі жақынына, үйін тауып.
Соны айтып бумаларын жайып салды,
Алтын сом, ала киім жайнап қалды.


Бұл әйел абзал екен парасатты,
Қарады бұйымдарға ойға батты.
Көзінен жас домалап кетті ыршып,
Аздан соң тоқтады да жасын сүртіп.
Бәшірге жауап қатты! «Уа, ізгі жан!
Адамсың адал, таза сауап қылған!
Қайырымды жан екенсің мархабатты,
Мүбәрәк жүрегің бар инабатты.
Дүниеде жақсылықты етер бар ма?
Әлемді ластап өткен пәтшағарға?
Араның балын тартып алған залым
Жақсылық таппайтыны жұртқа мәлім.
Ізгілік дақ түсірмеу адал арға,
Біреудің байлығына – күншіл болма.
Малиха кетті өмірден көр боп қалды,
Жазалар тәңір өзі мұндайларды.
Аз уақыт ерім болды сорыма ол,
Жан болды дүниедегі сұмдығы зор.
Имансыз жаһил еді, найсап еді,
Мазлұмға жындай тиді қанша әлегі.
Жасады зорлықты көп мүскіндерге,
Қалайша қаһар соқпай жүрді жерде?


Ізгілікті білмеді айлакер боп,
Адам емес, кетті ол айдаһар боп.
Жас шағым торға түсіп өтті мұнда,
Жанымды ол езді менің, баттым мұңға.
Сұрқия атқыр ол мені арбады,
Ойымды пасықтықпен арамдады.
Сойқанның зілі басып түсті еңсем,
Дауыл басқан ақ бұлттай болдым мең-зең.
Құтқарды тәңірім міне, мен азатпын,
Құтылдым шырмауынан енді азаптың.
Өткенді тағдыр жазды амал бар ма?
Жөн емес аруақты жамандауға...
Әкетті тағдыр оны, кетті мәңгі,
Бұзылды некем енді тәңір әмірі...
Жігітім ер екенсің, адал жансың,
Сүйдім мен болайыншы сенің жарың.
Мен саған асыл, абзал жар болайын,
Байлығым, үйім, жерім саған дайын.
Келіссең қолыңды бер, сен бірақ біл, –
Әзелде некемізді қиған тағдыр.
Сүйікті ерімсің сен, фак адалсың,
Өзің жас, әдемісің, таза жансың.


Жар етіп аясаң сен, табынамын,
Ерім деп, бәйек болып бағынамын.
Жүрегім – ашыл деп тұр қазір саған, –
Баймын да, сұлумын да, қара маған.
Сәліні бетіндегі сұлу ашты,
Лаладан сыпырғандай қу ағашты.
Сұлуды көріп Бәшір есі кетті,
Жарқын көз, отты лебі тесіп өтті.
Ол кенет тани кетті көрген жерден,
Бұл әйел – сұлу екен бұрын көрген.
Аһ! – деді естен танып қалды құлап,
Сұлудың аяғында жатты сұлап.
Сұлу тез, арбалғанын сезе қалды,
Ұялып әрең ғана қатты тілді.
«Ғашықпын естен тандым сені көріп,
Қорықпа есалаң деп, есер желік!
Кешір сен, құладым мен ессіз қатты,
Көргенде сендей сұлу перизатты.
Періштем! Ғашық едім бұрыннан да,
Разымын сені тауып жығылғанға!
Көрдім ғой көше бойы бір күн сені,
Пердеңді жел сыпырды бетіңдегі.


Көрдім де дидарыңды естен тандым,
Нәр сүймей жүзіңнен бір, мас боп қалдым.
Сен кеттің, жаным бірге кетті білем,
Күйіндім, күрсіндім тек от лебіңнен.
Наз бейнең қайда барсам елес қақты,
Бұл сырды ешкімге ашпай жанға батты.
Қайғырдым өмір маған азап болды,
Құдайдың құзырына тарттым жолды.
Рахымды, шапағатты, мейірімді хақ,
Пендесін жарылқады ақ жолға сап.
Ешкімнің жарына мен қызықпадым,
Біреудің қазынасына қол сұқпадым.
Ақтығым үшін құдай рахым етті,
Сыйлады перизатты мол дәулетті!
Бәшірдің ғашықтығын сұлу білді,
Он есе жүрегі жанып күйді.
Бәшірді аймалады, сұлу күтті,
Шаһарға аздан кейін Бәшір шықты.
Шариғат мизамынша неке қиды,
Язданға тәубе етіп, басын иді.
Арудан бақыт құшып, бақыт тапты,
Іштері күншілдердің күйіп жатты.


Құтқарды періштені кесапаттан,
Сақтады ол айды бұлттан тұман жапқан.
Сыпырды үстіндегі сар киімді,
Денесі гүлдей жайнап, наз иілді.
Аумады осы сұлу перизаттан,
Үр қызы сынды жасыл үлде жапқан.
Артық қой жасыл киім – сар жолақтан,
Кипарис, сұңғақ жасыл – әсем асқан.
Жүректің мұңын басар жасыл гүл де,
Сән берер періштеге жасыл түрде.
Жасыл гүлдер жайнаса жаның құмар,
Жасыл орман майсаға көзің тұнар.
Жас көктем ынтық жасыл жапыраққа,
Әрқашан ауа таза – жасыл шақта».
Хорезм айы солай бітті сөзін,
Шаһ құшты – жан рахатын, мөлдір көзін.





Пікір жазу