16.04.2022
  106


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕРТЕГІ

Ғираттың шаһарында ертеде бір,
Ақ жүрек әділ патша шеккен өмір.
Күндей ол мейіріммен сүйді халқын,
Көктемдей наурыздағы болды жарқын.
Ерлікпен даңқы оның асқан еді,
Ақылы, білімі де асқар еді.
Болса да тумысынан бақытты ол,
Өткізді қасіретпен уақытты ол.
Әулие әлмисаққа жазған оған.
«Әйелден хауіп төнер түбі саған».
Сондықтан үйленбеді, сол кесір кеп
Басыма әлек салып жүрмесін деп.
Әйелден безіп сол шаһ тұрды жалғыз,
Ордада күн өткізіп еш алаңсыз.
Бірақ та жалғыздықтан жапа шекті,
Ғайып бір іздеп жарды көңлі кетті.
Бірнеше сұлуларды алды сатып,
Алмады бірде-бірін шаһ ұнатып.
Көп қызды осылайша қайырды шаһ,
Келмеді біреуі де көңіліне шақ.


Бәрі де – бибі хатын болмақ еді,
Байлығын Қарынбайдың алмақ еді.
Болды бір шаһ үйінде бүкір кемпір,
Мыстандай, қу, пітнә, пәлеқор бір.
Ордаға қырқын қызды әкелсе шаһ,
Сол мыстан бұзды қызды іріткі сап,
Азғырды: «Рум бикеші» сен болып бақ,
Аяма сый-нәзірді өзің жұмсап.
Уәсуәса сөзге еріп күңдер бейбақ,
Патшаға жақпай бірі кетті аулақ.
Жалғанда достың көлгір сөзі күшті,
Талайдың арбап басын, жұлып түсті.
Жалған дос қарсы шықпас бұқпадан тек,
Ойрандар үй-күйіңді оғын бүркеп.
Қыздарды қанша сатып алса да шаһ,
Көңілі бірін қалап болмады шат.
Көп күңге сақинасын салып бақты,
«Маған тең бұл емес» деп қайта сатты.
Күңдердің бірін алып, бірін сатты,
Шаһ күңнің саудасымен шығарды атты.
Жан-жақта естіген жұрт сөкті шаһты,
Жұмбағын білмей бірақ басы қатты.


Алайда патша бұдан болып мазақ,
Құштарын таппады бір, тартты азап.
Жұлдызы қырын жар таппады,
Күндерден ләззат таппай жалтақтады.
Шаһарда сауда қызды сол бір шақта,
Құл сатқыш біреу келіп айтты шаһқа.
«Келді бір бай саудагер көне Чиннен,
Ғажайып мың сұлумен мың құбылған.
Тау асып, шөлейт құмды жарып келді,
Қытайдың мың сұлуын алып келді.
Күлкісі қыздарының күнді шағар,
Көрген жан махаббатпен ләззат табар.
Ішінде бір ару бар... ол әрине,
Перизат ондай қыз жоқ бұл фәниде.
Сырғасы інжу – өзі пәк одан да,
Саудагер деді: «Қымбат жаныңнан да».
Еріні – ақық, тістері лағыл маржан,
Сөзі тұз – бірақ күлсе тәтті балдан.
Сәулетті тәңір оған бере білген,
Сөйлесе шекер төгер нәзік тілден.
Аузынан алуа-шекер төгілгенде,
Шұбыртар сілекейін көрген пенде.


Күң сату жұмысын көп жүргіздім мен,
Қайранмын сипатына бұл қыздың мен.
Миндальдің бұтасындай гүл жайнаған
Осы күң адал әйел болар саған!»
«Көрсет деп бәрін маған қуанды шаһ,–
Көрейін ерте бәрін құмарым сап!»
Саудагер ертіп келді күң қыздарын,
Шаһ ұзақ қарап шықты қыздың бәрін.
Бәрі де айдай сұлу, қайсысы шақ,
Тек содан бірін ғана ұнатты шаһ.
Осы қыз асқан сұлу күн сипатты,
Саудагер айтқан қыздан қияпатты.
Шаһ айты саудагерге: «Құп, алайын!»
Бұл қыздың мінезінің айтшы жайын?
Ұнаса мінезімен бұл қыз маған
Екі есе пұл төлеймін қазір саған...»
Саудагер айтты сонда: қара оған,
Әдемі, һәм ақылды, сөзі бәлзәм.
Алайда кесірлі бір бар мінезі,
Төзбейді өкімдікке менмен өзі.
Қарашы түрік қызы сұлу қандай!
Пәк жаны асыл қанмен ұйысқандай.


Шын айтсам, осы қызды әркім алды,
Бәрі де қиянатсыз тез қайтарды.
Тәкаппар өктемдікке бас имейді,
Қағады қолын, патша болса мейлі,
Зорлықпен махаббатын бағындырмас,
Ондайға қолын сілтеп, мойнын бұрмас.
Бұл күңнің қыңырлық бар мінезінде,
Кідісін байқап тұрсың сен өзің де.
Егерде мінезің тік болса сенің,
Уа, патшам, болмас бұл қыз көксегенің.
Бұл қызды қалап бүгін сатып алсаң,
Ертең-ақ қайтарасың маған шапшаң!
Шын айтам, осы қызды ала көрме,
Күңім көп, таңда бірін қайта көр де.
Таңдасаң жаныңа сай сұлуды ерен,
Сол үшін пұл алмаймын тегін берем».
Шаһ сонда мың сұлуды қайта қарап,
Алмады бірде-бірін жаны қалап.
Әуелгі қызға қайта қарады шаһ,
Ләззаты ауды соған, әлегін сап.
Сүйген сол қызды алып кетпек болды,
Білмеді, жұмсар ойнап, қайтып қолды.


Келмеді айрылғысы бір көргеннен,
Ойлады назбен ертіп, меңгерем мен.
Сақтанды әбестіктен ойға батып,
Махаббат билеп, қызды алды сатып.
Төлетті қазынашыға көп күмісті,
Күмістен әппақ қызға құлқы түсті.
Күңді алды жылдам нәпсім басылсын деп,
Айдаһар бақты – жігі ашылсын деп.
Қыз-ойнақ һәрамінде шаһтың сол қыз,
Құмдаққа өскен гүлдей тұрды үнсіз.
Ұлпа гүл ақ қауызын ашып жайды,
Ғашық шаһ сыр сездірмей, құр мұңайды.
Сұлу да үй ісімен шұғылданды,
Сол үйдің ханымындай болып алды.
Жатар үй есіктерін жапты кілттеп,
Шаһ үшін бір есікті жаппады тек.
Шаһ қызды кипаристей тұтып биік,
Қыз төмен бұға берді басын иіп.
Бір күні қызға келді бүкір мыстан,
Бүгуге шынар қызды, ары қысқан.
Ал күң ше? Тұла бойын ашу буды,
Кемпірді сөгіп берді, әрі қуды.


«Ханым емес, мен күңмін тұтқындаған,
Даяшы болу ләзім мұнда маған!»
Бұл сөзді патша жедел естіп қалды,
Түсініп үйден қуды сол мыстанды.
Ынтығы сол қырқынға қызып жанды,
Күніне өзі құл боп естен танды.
Тамаша түрік қызын жаны қалап,
Шаһ жүрді ғашықтығын жай тасалап.
Сұлу да шаһқа ғашық болып еді,
Алайда ашып сырын төгілмеді.
Сұлумен кездесті шаһ бір күн түнде,
Чин жібек, қамқа тоны тұр үстінде.
Айқарып алды қызды жайып құшақ,
Жүректің төкті назын жүрген сусап.
Қыздың да махаббаты жанып кетті,
Сезіп шаһ ынтызарын налып төкті.
«Уа, хұрмам жапырағы дірілдеген,
Көзісің жан-жүректің күлімдеген.
Кипарис тік пе сендей, сенсің сұңғақ,
Ай – сенің қасында бір тесік аяқ.
Бір сәулем өзіңде тұр бар тынысым,
Ақ сөйле, бұл назымның парқын түсін!


Естісем өзіңнен бір шын ілтифат,–
Тағдырым мүсініңдей табар сымбат.
Таратуға қыз мейрімін ізгілікпен,
Ақша гүл, алуа төкті қызға үмітпен.
Тәлімді тәмсілді бір айтып кетті.
Сүлеймен, Балкис жайлы бір ертекті.
«Болыпты екеуінде бала жалғыз,
Бірақта қол-аяғы мүлде жансыз.
Бір күні Балкис айтты: «Сүйіктім-ау,
Денеміз екеуміздің дұп-дұрыс сау.
Баламыз неге кемтар? Қол- аяқсыз,
Құдайға не жазып ек сондай-ақ біз?
Ем-шипа ұлымызға табу міндет,
Данасың, жаз ұлыңды дару іздеп.
Құдайдан Жәбірейіл келер саған,
Айт сонда мүшкіл халді, налып солған?
Періште көгіне сол қайтқан шақта,
Қарасын «Лаухулдағы» жазған хатқа,
Бар ма екен ем, сірә, бір ғарып ұлға?
Айтсын ол қайда сол ем, бар ма мұнда?
Мүмкін бір шипа тауып ұл жазылар,
Өртеген дерт қайғыдан ой арылар!»


Сүлеймен орындауға уәде етті,
Жәбірейіл келе қоймай көп күн күтті.
Бір күні Жәбірейіл түсті көктен,
Сүлеймен айтты шерін ұлдың шеккен.
Періште ғайып болды келді қайдан?
Әп-сәтте, келді қайтып тап құдайдан.
Жәбірейіл деді сонда: «Бар ондай ем –
Ғайып ем, шипасы тек екеуіңнен,–
Шарты сол зайыбыңмен адал сырлас,
Екеуің бастан өткен сырларды аш.
Ашсаңдар сырларыңды қойған жауып,
Жазылар ұлың жедел шипа тауып».
Сүлеймен естіп мұны үйге қайтты,–
Балкиске періштенің сөзін айтты.
Қуанды Балкис байғұс бұл лепеске,
Ұлына іздегені ем емес пе!
Сөйледі: ақ жаныммен жарқылдаған,
Айтайын бүккенімнің бәрін саған!»
Сүлеймен дүниенің шам-шырағы –
Баршаға сүйіктісің деп сұрады.
Бірақ сен сүйдің бе тек мені ғана?
Болды ма жан-жүрегің маған таза?


Ханымы айтты: Сенші адал жанға,
Сен күнсің, сенсіз күн жоқ бұл жалғанда.
Болсаң да керемет жас мен қалаған
Саған тең келмесе де жалғанда адам,
Болсаң да асқан патша ізгі жақсы,
Болсаң да пейіш баққан сұсты сақшы,–
Ғайыпты болмысты да бастасаң да,
Саусақпен жаһанға сұс тастасаң да.
Болсаң да шұғылалы күндей ғажап,
Болсаң да бақыты асқан, әлемге шаһ,–
Ал кейде сұлу жасты көре қалсам,
Нәпсімді тия алмаймын, шыным, нансаң!
Осыны айтып ана тоқтағанда,–
Көтерді жансыз қолын ұлы сонда.
«Анажан! Қолым міне!– көрші байқап,–
Жазылдым медетсіз-ақ!– деді айғай сап!
Шипалы ұлын көріп қуанғаннан,
Ананың есі кетті, күйіп жанған,
Тіл қатты: жын-періге ие патшам,
Данасың, қаһармансың даңқың асқан!
Ал сен де аш сырыңды ұлды сүйсең,
Жазатын аяғының емісің сен.


Бір ғана сауалыма бер жауапты:
Байлығың шектен асқан, салтанатты.
Тау құрдың алтын, гауһар, інжулерден,
Өзгеден бар ма кезің рақат көрген?»
Сүлейман хақ пайғамбар айтты сонда,
«Рас, менен асқан патша жоқ жалғанда.
Балық жұлдыз басынан айға шекті,–
Құпия сақтап жүрмін бай дәулетті.
Құдірет мол байлықты мәңгі берген,
Сонда да дәметемін келгендерден.
Қараймын қолдарына не сыйлар деп,
Осындай пиғылым бар ұялар тек».
Осыны хақ Сүлейман айтқан шақта,
Ұл тұрды қан жүгіріп екі аяққа.
«Әкежан! Қара маған тұрып кеттім,
Шипалы лебізіңмен рахым еттің!»
Деді шаһ жазды солай мүгедекті,
Шипа боп хақ елшісі мейірін төкті.
Ақ айтсақ, адал болсақ бір тұруға,
Сілтенсін тоятыма жебем тура.
Уа, сәулем, айымсың сен, жарқын менің,
Сүйемін, неге мұнша салқын едің?


Егіліп, зар төгемін, күйінемін,
Телміріп қарап саған иілемін.
Арусың, нұр сипатың қандай ғажап!..
Қатал боп неге мені еттің мазақ?»
Түсінді сонда сұлу падишасын,
Амалсыз айтты шаһқа сұлу расын!
«Бұл менің күнәм емес, шын торығар,
Бақ емес біздің рудың бір соры бар.
Өліпті анам,әжем жедел лезде,–
Күйеуге шығысымен жүкті кезде.
Күйеуге шықсақ – өлу, тағдыр қарғап,
Еркектен мен өзімді жүрмін қорғап.
Алдияр бас ұрамын расымды айтып,–
Жанымды сәл ләззәтқа қиям қайтіп?
Тірлігім қажет ерсіз түнерсем де,
Сәл рахат уын жұтып күйрегенше.
Падишам, ләззат емес, тірлігім зар,
Шыным сол, болмаймын мен ешкімге жар.
Қақпағын құпиямның аш, еркіңе бер,
Ордаңда қалдыр, мейлің сатып жібер.
Беріліп ақиқатқа айттым бәрін,
Шаһ, сенен жасырмадым, ақ қой арым.


Енді аш, құпияңды маған ашсаң –
Уа, тақсыр, жаһандағы асыл патшам,
Айтшы сен, жинап неге күлдің қызды көп,
Қуасың сорлыларды жылда жүздеп.
Тұрмайсың бір аптада бірімен де,
Неліктен салқынсың сен бәріне де.
Соларды кептер сынды ұялатып,
Шырақтай сөндіру ме, қияға атып?
Аспанға көтересің, әлпештейсің,
Бейбақты аластайсың, мыңқ етпейсің?»
Шаһ сонда жауап қатты: «Ерік бердім,
Олардың сүйіп бірін елікпедім.
Келгенде бәрі жақсы тәжім етті,
Кешікпей жандарынан сезім кетті.
Ордамда ханым құсап жарқылдады,
Күтпеді бірақ мені, салқындады.
Болмаса жаның соқыр, біл шамаңды,
Әр құрсақ қадірлемес адал нанды.
Тек темір құрсақ қана талғамайды,
Жей берер, қаламай-ақ дәмді жайлы.
Әйелге еркек етер, өліп-талса,
Сүйгенін мақтай берер елтіп сонша.


Ал әйел жапырақ қой жел айдайтын,
Жүрегі бар ма оның, айнымайтын?
Алтынды көре қалса қызығады,
Безбенге басын артып бұзылады.
Шикі анар меруертке толы болар,
Піскенде дәні лағыл болып жанар.
Әйел де көк жүзіндей келер нәзік,
Ал піссе, тез қарайып, кетер азып.
Жайнатар түнді айдың ақ сәулеті,
Еркектің адал әйел – бақ, дәулеті.
Күң қыздар сенен бұрын болған мұнда,
Берілді өзінің тек сән қамына.
Маған тек қызмет еткен бір өзіңсің,
Жаныңда мархабатшыл бар сезім шын.
Махруммын ләззәтіңнен, айтып қалам,–
Өмір жоқ сенсіз тыныш, енді маған».
Солай шаһ айтты күңге махаббатын,
Келмеді фатуаға бірақ жақын.
Қиқар қыз әдетінше бас имеді,
Шаһ оғы нысанаға дәл тимеді.
Ғашықтық зіл қайғысын патша шекті,
Қаңғырып тас қияны кезіп кетті.


Тас бұлақ алдында бір жатты тулап,
Жұтпады жүрседе шаһ, қатты сусап.
Ал сонау мыстан кемпір үйде тұрған,
Азғырған сөзі үшін күң қыз қуған.
Естіпті ғашықтықтан патша сорлап,
Күңіне иіліпті, басын қорлап.
Естіпті – ер падиша арбалды деп,
«Ал кемпір, сол сиқырды қармай біл!– деп.
Қайрады мыстан өзін тез жетем – деп,
Періше сол сайқалды билетсем – деп.
«Мен күннің шұғыласын да үзіп берем,
Мастанба, ай! Қамалыңды бұзып кірем!
Бүлдіріп талайларды келем дарқан,
Оқ тиіп қисайған жоқ, бүкір арқам!»
Айласын неше торлы құрып бақтым,
Ақыры мыстан іздеп шаһты тапты.
Масқара болса екен деп сұлу паң қыз,
Қулықты құрды кемпір ізі даусыз.
Шаһқа айтты! «Жас байталды
мінбейсің бе?
Үстіне ер-тоқымды ілмейсің бе?
Тыңда кемпір сөзін: бір-екі күн,
Алдында сол паң қыздың бедеуге мін.


Әлде сен байқамадың, тауып шыдам,
Үйірде қыз байтал көп ойнақшыған.
Шаһ ұйып айла торға оңай түсті,
«Бұл қалыптан шығарам тәуір қышты!»
Дегенде – ордасына бір қыз келді,
От көзді, күлімдеген қызыл реңді.
Әдемі, әдепті де, әккі еді,
Назымен патшаны да тартты лебі.
Орданы қарап шапшаң, билеп алды,
Патшамен ұтыс ойнап, сиқырланды.
Шаһ өзі бәйек болды, қызды қолдап,
Ұтыла берді ылғи ұтыс жолдап.
Алғашқы қызбен жайша күнді өткізді,
Екінші қызды жайға түнде енгізді.
Біріншіге күндіз боп мархаббатты,
Кейінгі қыздан түнде ләззат тапты.
Кейінгі қызбен түнде жатқаны үшін,
Күншілдік басқы қыздың аптады ішін.
Кейінгі қыздан шаһты күндеді де,
Мұңайды айдай бұлттың түнегінде.
Бірақ ол бұрынғыдай қызмет етті,
Патшаға жасай берді қыз ізетті.


Ойлады: «Хикмәт жасап тағдыр маған,
Мыстанның селі ме бұл толқындалған?
Шыдады жалындарын қанмен бүркеп,
Ал шыдау махаббатта қайғы ғой тек.
Бірде қыз сәтін тауып шаһқа барды,
Қымсынып күйікті қыз айтып қалды:
«Уа, Хосроу, шарафатты билік сенде,
Тірексің низам дінге, күллі елге!
Ілкіде айттың маған сырыңды шын,
Әлі де ақиқат бол, мені түсін.
Көктемнің жарқын болса таңертеңі,
Неліктен кеші оның түнертеді?
Тілеймін күнің әмсе гүл жайнасын,
Түнің де ләззат бақыт масайрасын.
Падишам, маған ерте кәусәр сыйлап,
Сіркемен неге кеште қойдың қинап?
Балымды татпай жеріп бездің менен,
Тастадың айдаһарға жем іздеген.
Мейірлі ең, енді неге тас түйілдің?
Көрсейші, кетті сыйқы жас күйімнің.
Шақырдым жыланды мен құрысын деп,
Өлтіргің келсе – шапшы қылышпен тек.


Үйіңе келтіріп ең сүйіп жаның,
Үйретті бұл сұмдыққа қандай залым?
Паш етші ақ сырыңды, солды демім!
Айтпасаң тап бұл жерде өл дегенің!
Налимын өміріммен, ұлы патшам,
Шын айтып сыр есігін жұлып ашсаң.
Ашамын өз кілтімді, антым менің,
Бағынам әміріңе айтқан сенің!
Кенет қыз құшағына шаһ оралды,
Антына ару қыздың сене қалды.
Сүйікті жаннан енді жасырмады,
Сұлуға айтты сырын басындағы!
«Орады ғашық оты сені сүйіп,
Айрылдым есімнен де жанып-күйіп.
Төздім мен бірақ жаным күйе берді,
Азаптан шала жансар болдым шерлі
Сол бүкір кемпір маған көмектесті,
Берді де сиқыр умен бір кеңесті.
Күлшені,– деді кемпір күлге пісір,
Күлшемен қасіретіңді жерге түсір.
Байқадым қызғаныштан шектің азап,
Жек көрдің кәнизәкті еттің мазақ.


Ал суды қайнатпай ма астына от сап,
Темірді балқытпай ма, отқа қақтап.
Аһ ұрып , әрең мұндай кепке бақтым,
Кеш, бірақ қасіретіңнен шипа таптым.
Ұшқыннан өзегіме өрт тұтанды,
Сол мыстан үргіледі, ірткі салды.
Енді мен берілмеймін сол сиқырға,
Сен ақсың, сендім енді айтқан сырға.
Көгімде күн таянды жұлдызыма,
Енді аяз қаһар төкпес құзырыма».
Осылай айтты патша сөзін толғап,
Түріктің жас аруы жанын торлап.
Жарқырап бақ жұлдызы қонды шаһқа,
Оралды наз кипарис от құшаққа.
Шық басқан гүлге бұлбұл қона қалды,
Собығын сорып бұлбұл, естен танды.
Қанатты жындай ұшты тоты тордан,
Шыбынсыз тағам көрді табақ толған.
Аудағы балық шығып суға батты,
Хұрманың бал шырыны сүт боп ақты.
Ләззатты еді қайран түрік қызы,
Балқыды ләззатымен шаһтың жүзі.


Алтын жиһаз пердесін сыпырды шаһ,
Асылын кеннен тауып, сүйінді шаһ.
Алтыны көп қой оның, жинап тапқан,
Алтынмен сәулет құрып, арайлатқан.
Бұл алтын бізге рахат нұр сыйлайды,
Алтындай алуа, шекер жарқырайды.
Ойлама оны сары шафран деп,
Туады одан қызық зафран көп.
Тәңір де таңға алтын арай берген,
Ертеде бұзауды алтын құдай көрген.
Рум, Бағдат моншасында қадым күннен,
Алтындай сары балшық қадірленген...»
...Бітірді түрік қызы әңгімесін,
Баһрам аймалады, сүйді төсін.





Пікір жазу