16.04.2022
  163


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚУАҢШЫЛЫҚ ЖӘНЕ БАҺРАМНЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ


Бір жылы түз біткенді алау аптап,
Дән бітпей қуарды жер, бетін қақтап.
Күллі Иран астық шықпай нәрсіз кепті,
Аш дихан малша күйсеп жеді шөпті.
Аштықтан елі мұңмен иді басын,
Өсірді саудагерлер нан бағасын.
Жеткізді ел апатын шаһқа барлап,
«Жер бетін аштық жайлап, жатыр жалмап.
Зарланып, аштан қатып жатыр жұртың,
Қасқырдай адам жеуге берген ырқын».
Соны естіп Баһрам дереу берді жарлық,
«Ашылсын астық тұрған албар барлық».
Елдегі әмір берді хакімдерге,
Шаһ қоры берілсін деп, ғаріптерге.
Қоймамнан барша қала һәм қыстақта,–
Алсын жұрт нанды тегін аштық шақта.
«Алыңдар бай астығын пұлға сатып,
Аштарға нан беріңдер, жай таратып.
 Құтылған шақта жұртың бұл аштықтан,
Құстарға жем себіңдер сол астықтан!
Болмасын бір аш адам патшалықта,
Ырзықты аямаймын аш халыққа!»
Қоймаға аш мүскіндер кеп жеткенде,
Қапшықтап шаһ бидайын әкеткенде.
Алдырды сатып дәнді басқа елден
Таратты оны жұртқа аштық көрген.
Аяп ол әке қорын тарылмады,
Мейірімі нөсердей боп жауындады.
Төрт жыл жер еміренбей нәрсіз қатты,
Ашаң жұрт шаһтан көмек алып жатты,
Апатта Кейдің атын ол ақтады.
Оны жұрт: «Ізгі шаһ!» деп мадақтады.
Иранды құтқарды ол қайғы-мұңнан,
Әйтсе де, аштық бүріп өлді бір жан.
Сол үшін Баһрамды басты күйік,
Қыстағы қатқан судай жатты тұйық.
Көтерді жерден басын бір кез бірақ,
Язданға жалбарынып жәрдем сұрап:
– Өзіңсің бар жәндікке қорек берген,
Сенімен жомарттығым келмейді тең?
 Кішіні өз қолыңмен ұлы етесің,
Ұлыны пәс етесің, күйретесің!
Қолдағы азық-түлік аздау менде,
Жетпейді киіктерді жемдеуге де.
Сен ғана құдіретті пәрменіңмен,
Қорегін жан-жәндіктің бере білген.
Аштықтан өлсе бір жан не шарам бар,
Айыпты мен емеспін, кешір, жаббар!
Аштығын сол мүскіннің білмей қалдым,
Білдім де енді, міне, қапаландым,
Язданға жалбарынды солай Баһрам,
Ғайыптан бір үн шығып болды қайран!
«Кең пейлің үшін сені тәңір кешті,
Аштықтың енді еліңде оты өшті.
Жеріңде төрт жылға бойы өспеді дән,
Қорыңды жұртқа бердің сен мейірбан.
Бақытты болады елің төрт жыл енді,
Білмейді жоқтық, ажал дегендерді.
Ақиқат – төрт жыл солай дәуірледі,
Тартпады қасіретті қауым елі.
Өз елін жарылқаған бақытты шаһ,
Жұртынан аулақ болды аштық, апат.
 Өрбіді аман-есен үбірлері,
Дәулеті шапқын елдің дүбірледі.
Халқының артып саны масайрады,
Сән құрды жаңа салған сарайлары.
Тізілді үйлер жаңа шаһарына,
Ұласты алшақ үйлер қатары да.
Бір соқыр келсе Рейден Исфаһанға,
Жағалап жетер үйге тосқан алда.
Бұл сөзің нанымсыз деп, сынамашы,–
Кінәлі, жазбай кеткен жылнамашы.
Жұрт өрбіп жейтін ауыз өсіп кетті,
Ал ырзық жейтіндерге асып жетті.
Жарандар тау мен сайда тыным тапты,
Өзендей шаттық нұры шалқып ақты.
Тойларда көштік жерден қос-қос тұрды,
Шырқап ән, чанг, рубаб, барбатты ұрды.
Күн сайын көше гулеп, тамашалап,
Тоғанда, арық бой тұнды шарап!
Бәрі ішті, ұмытты олар сақ қанжарды,
Сауыт қап, киді жібек шапандарды.
Ұмтылды шулы майдан ызғындарды,
Садақ пен сақпандардан безді бәрі.
 Шамалы ауқаты бар пенделерге,
Рахатты тапты мәз боп, бұл кезеңде.
Ал нағыз жарлыларды аяп патша,
Көңілін көтерсін деп берді ақша.
Баршаны игі іске жұмылдырды,
Шаттықты көтерудің сырын білді.
Бөлді шаһ күнделікті екі жайға,
Еңбек ет, содан соң тек, ішіп ойна.
Алмады жеті жылдай жұрттан салық,
Жүз жылғы мұң терегін кесті жарып.
Шақыртты алты мыңдай ең шеберді,
Суретші, күйші, биші, әншілерді.
Өнері асқанға сый бергізді ол,
Шаһарды, қыстақтарды кездірді ол.
Әнімен елге рахат тудырсын деп,
Халықпен өздері де бір күлсін деп.
Сәуір1 мен Егіз2 жұлдыз тұрған қоршап,
Зуһра, Әлдебаран3 көкте ұшқан шақ.
Басар ма мұң адамды бір сәт илеп,
Сәуір мен Зуһра тұрса көкті билеп?
1,2,3 Сәуір, Егіз, Әлдебаран – жұлдыз аттары.





Пікір жазу