15.04.2022
  106


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМ ЖЕТІ АРУДЫҢ СИПАТЫН КӨРЕДІ


Даладан Хаварнаққа келді Баһрам,
Өткізді той-думанмен күнді дархан.
Аралап сарайдағы ханаларды,
Бұрыштан бір есікті көре қалды.
Құпия бұл есікті көрмеп еді,
Бұл жайға бір даяшы кірмеп еді,
Бұйырды кілтті әкел деп сол бір шақта,
Әкеліп кілтші кілтті берді шаһқа.
Есікті ашып кіріп, болды қайран,–
Ғажайып қазынадай көзі тойған,
Осы жай жайнап қалды сәулетпенен,
Өнерпаз Симнар оны әсемдеген.
Дуалда жеті сұлу тұрған еді,
Жазылған есімі мен туған жері.
Магараджа қызы – бұл аты Фурак,
Қара көз айдай жүзі тұр жарқырап.
Ягманаз Хакан қызы, білген қытай,
Сұлу жоқ Таразда да нұрлы мұндай.
 Назпери – әкесі оның Хорезм шаһ,
Байпаңдар қырғауылдай басып алшақ.
Үрімше үлде киген князь қызы,
Насринуш – орыс сұлуы, назды жүзі.
Азарион қызы Мағриб әмірінің,
Сипаты сәулесіндей ару күннің.
Руми патша қызы бұл – аты Хума,
Ақылды толған жаны бақыт нұрға.
Дурасти – Кей-Кавустың әулетінен,
Тотыдай толықсыған сәулетімен.
Сипаты жеті арудың берген көрік,
Тылсыммен Симнар соны қойған өріп.
Шеңбердің ортасында тұрды ой сап,
Өріктей алқаланған қабық қоршап.
Жас сері, белбеуі інжу, тәжі алтын,
Мускустай мұрты қара, жүзі жарқын.
Сымбаты кипаристей асқақ басы,
Жалын бар жанарында өр тұлғасы.
Жеті ару соған қарап жаутаңдаған,
Жүректе сыры бардай айта алмаған.
Сол сері жеті қызға жымың еткен,
Бәріне болып ғашық есі кеткен.
 Баһрам деп оның атын жазған шебер,
Оқыды астындағы жазу не дер.
Болжам бір жеті жұлдыз айтқан сөзде,
Шаһзада шын даңққа жеткен кезде.
Табар ол жеті патша ханшасын,
Сұлудың жеті бірдей інжу тасын.
«Бұл дәнді сеппедім, ұстамадым,
Жұлдыздың болжағаны нұсқағаным».
Соны оқып жеті аруға болды ғашық,
Жүрегін шаһзаданың қайғы басып.
Бесті айғыр байтал көрсе бұлқынбай ма?
Ер қалай сұлу көріп тұрсын жайға?
Аңсары махаббаттың тұтанбай ма?
Ләззаттің отын басар толқын қайда?
Жұлдыздың болжамына Баһрам шат,
Тұрса да талай бөгет жолын қоршап.
Бірақ ол өмір сырын анықтады,
Арманы рухын билеп шарықтады.
Өмірге өршіл сенім болса бізде,
Он есе рух береді еңсемізге.
Өмірін сақшыларға шаһ естіртті,
Егерде ашса біреу бұл есікті,
 Сол жанға түнек болар жарқын ғалам,
Аяусыз ләм дегізбей басын қағам.
Сақшылар да, нөкерлер де, даяшы да,
Бұл жайдың көз тікпеді аясына.
Түнде бір жерге самал ескен шақта,
Кілт ұстап келер Баһрам сол бір жаққа.
Пейіштей көріп кірер соған таң ғап,
Мүлгір ол жеті сипат көзін арбап.
Телмірген жандай сусап тас бұлаққа,
Ынтықтан талып ұйықтар бір сағатта.
Көңілін аңға шығып шаһ жұбатты,
Ордада сурет көріп ойға батты.





Пікір жазу