Поэмалар ✍️
Хаварнак сарайының сипаты және НҰҒМАННЫҢ ҒАЙЫП БОЛУЫ
Хаварнак, Баһрам соған енген шақта,
Жайнады ғажап сәнмен атырапқа.
Әлемге әсем даңқы қаулап есті,
«Чин пірі» не «Екінші Қыбла» десті.
Суретші, шебер және нелер дана.
Ағылды таңғажайып бұл ордаға.
Көргендер қайран қалып, иіп басын,
Ізетпен басты үйдің босағасын.
Барша есік сарайдағы көкке төнген,
Алтынды дұға сөзбен өрнектелген.
Сухейл жайнап қайта Иемен жақта,
Болған жоқ мұндай шұғыла ешбір шақта.
Жұлдызды күмбезі бар сұлу Иемен,
Құлпырды інжу толы бейне Аден.
Дабыспен даңқы гулеп өрге шапты,
Иремдей аңыз етті Хаварнакты.
Овендей аспандағы жайнап жанған,
Құлпырды Хаварнакпен бірге Баһрам.
Күмбезде таң атқанша Баһрам жатты,
Ол үшін Зуһра көкте жымың қақты.
Сәнді үйден көрді Баһрам таң сәулесін,
Шатырдан ай, ішінен күн елесін.
Ордада шам-шырақтар жанды түнде,
Шатыры айдай болды жүгіргенше.
Леп берді тас бағандар арасынан,
Бақ иісі, жел жұпары, ауа судан.
Сарайды кейін Баһрам көрді байқап,
Ғажайып сәулетіне тұрды таң қап.
Дуалдың ар жағында Ефрат ақты,
Сая боп зерлі шарбақ гүлдер жапты.
Сыртында мұнараның лотостай тік,
Ақты өзен, сүт бал,– дерсің жыр ғып айтып.
Жасыл сай, көк майсалы алда гулеп,
Хұрма ағаш, мәуелі бақ тұрды гүлдеп.
Нұғман әке болған Баһрамға,
Ордаға келіп жүрді анда-санда.
Қасында дарбазаның көгал өскен,
Мәз боп, ол Баһраммен көп кеңескен.
Қарайды кілем түкті гүлді маңға,
Аң, құс көп – шақырып тұр аң аулауға.
Нұғман айтты: «Ұлым көңілің шат па?
Жақсы аяң! Мұндай жоқ қой ешбір жақта
Уәзірге қасындағы келді кезек,
Дарытқан даналығын оған Изед!
Ол айтты Нұғманға: фәни кетер,
Мұратқа ақиқатты білген жетер.
Паһімнің нұры жанса жүрегіңде,
Без фәниден шындықты сүй де мүлде!
Ұшпу сөз жүрегіне от жаққандай,
Дір етті тастай Нұғман жай соққандай.
Жеті қат көк жаралған шақтан бері,
Тас жарғыш сөз болған жоқ мұндай тегі.
Нұғман шаһ шықты үйден жарым түнде,
Арыстандай түксиіп кетті түзге.
Безді ол бай қазынадан, тәж-тағынан,
Хаққа сену – артық фәни атағынан.
Бай еді Сүлеймендей баяғы өткен,
Безді одан кетті қаңғып, ақ ниетпен.
Шаһты іздеп таппады жұрт, хабар жайып,
Фәниден Кей-Хосроудай1 болды ғайып.
Іздетті Мунзир ұзақ, таппады тек,
Періште жасырды ма, оны бүркеп?
1
К е й - Х о с р о у – Фирдоусидің «Шаһ-намәсындағы» патша, билігі кемелінен
асқан шақта қарлы боранға қашып ғайып болады.
Айрылып әкесінен Мунзир мұңлы,
Өткізді қасіретпен талай күнді.
Биліктің тұтқасынан қолын тартты,
Ақ сарай қарайланып, мұңға батты.
Бірақ сол қайғы-мұңнан сиреп кеуде,
Шақырды тәж бен тағы ел билеуге.
Зорлықты ол құдіретті қолмен қуды күшті,
Халыққа бақыт, рахат өмір туды.
Болғанда Мунзир патша нағыз толық
Яздигер сый жіберді разы болып.
Ал Мунзир Баһрамды сүйіп бақты,
Болды әке, өз ұлындай мейір тапты.
Болды бір жақсы көрген інісі де,
Ұқсады Баһрам мен сол бір кісіге.
Баһраммен қандас еді бір жыл туған,
Қаз-қатар өсті бірге екі ұғлан.
Сабақты оқып бірге, бірге ойнайды,
Өткізіп мәз күндерін масайрады.
Екеуі көктемде бір аң аулады,
Күн менен шұғыладай бір лаулады.
Осындай өсті Баһрам шын сарайда,
Дана ғой баулыды оны алғыр ойға.
Білімге жасынан ол қойды талап,
Ерекше оқытты оны шаһқа балап.
Үйренді Баһрам араб, грек тілін,
Маг1 Қадим кітаптардың ашты сырын.
Ғұлама Мунзир патша парасатты,
Айтты оған аспандағы ғаламатты.
Он екі алқа жұлдызға, жеті жарық,
Шәкірті біліп алды бәрін анық.
Геометрия сызығын білім салды,
Алмагесті2, көп сырды оқып алды.
Түнде ол көп жұлдызды көкті барлап,
Қимылын ай-жұлдыздың білді толғап.
Ақылы баурап дүние ұлылығын,
Ашты оған асыл қазына білім жігін
Көріп Шаһ – Баһрамның білгірлігін,
Білімге қайнар құштар ділгірлігін.
Көрсетті разы боп шаһ меридианды,
Ашты оған көк ғылымын ну ғаламды.
Білгенін адамзаттың сол заманда,
Болды ұлы адам қалай бұл ғаламда.
Толғады кеп Мунзир түгел ғайыптарды
Кітаптай Баһрамға жайып салды.
1
М а г – Зороастр сәуегейлерінің кіші лауазымы.
2
Алмагесті – Птоломейдің математикалық, астрономиялық кітабының аты.
(Біздің дәуірден бұрынғы II ғ)
Ынтамен ол ғылымның білді бәрін,
Дарыды даналықтан оған дарын.
Кестесін жұлдыздардың тани білді,
Асылды көрді, жарып жарым түнді.
Астролябня, түстік шегін біліп алды,
Шешті ол көк ісінен көп амалды.
Ғылымға әбден жетік боп алғанда,
Машық қып ер қаруын алды қолға.
Ақты ол ат жалында доптай ойнап,
Аспанның жұлдызындай от боп жайнап.
Жүйткіді желден озып, аңды жасқап,
Қасқыр мен арыстанға арқан тастап.
Жапанда жарқылдаған найзасынан,
Бүркеп күн таң сәулесін ай жасыған.
Садақтан оған ешкім келмейді тең,
Көктегі құсқа тиді оғы жерден.
Жебесін қорамсақтан толғап алды,
Әр жебе нысанаға дәл қадалды.
Қылыштай жиі шарпып жебелерін,
Аңға бір тапқызбады пана жерін.
Найзасын жалаңдатты шапса зырлап,
Дәл қадап шығыршыққа аңды шырмап.
Ұшымен найзасының бүріп шықты,
Жалынан арыстанның шығыршықты.
Мергендік қырға шықса бір кездері,
Тигізді оғын қылға жүз кездегі.
Қашқан аң, ұшқан құс та бұл қырдағы,
Баһрамның жебесінен құтылмады.
Ғылымда, мергендікте талпынғаны,
Сәтті боп от жұлдыздай жарқырады.
Сүйсінді ерлігіне шаһ достары,
Мақтады Баһрамды ел жастары.
Деді олар: «Арыстанмен алысыпты,
Барысқа найза түйреп қарысыпты.
Осылай Баһрамды жыр ғып атап,
«Иеменнің жұлдызы» деп кетті мадақ.