Поэмалар ✍️
ХАВАРНАК САРАЙЫН САЛУ және Симнар шеберлігі жайында
Нұғман Мунзирімен тауды кезді,
Салуға Баһрамға кең күмбезді.
Іздеді күн шалмайтын саяны аулақ,
Тұрсын деп дәйім оған самал саулап.
Сондай жер болмай шықты осы маңда,
Ізгі бар ая болар Баһрамға.
Мұнарлы ақ сарай салмақ болды,
Шеберді тез тапқызып алмақ болды.
Жат жұрттан өз елінде көп қой шебер,–
Бірі жоқ бұл жұмысқа дәл сай келер.
Бір күні Нұғманға жетті хабар,
«Шаһ, сондай асқан шебер Румда бар.
Өзендей даңқы кеткен шартарапқа.
Бөлеген талайларды салтанатқа.
Тастарды балауыздай жонады ол,
Өрнекке жауһар нұрын жағады ол.
Ол кіріссе, сарай да тез салынар,
Сим руынан,
өнерпаз аты Симнар.
Жұрт таң қалар, сарайы қандай әйбәт,
Сирияда Ливан таудан тұр ғой жайнап.
Аспаннан Ніл арайы түскен шақта,
Әр ісі – оның толы ғаламатқа.
Атағын теңесе де жай шеберге,
Ол ұстаз болды талай суреткерге.
Ол өзі салып жатқан ақ күмбезден,
Тоқыды көк өрмегін көріп көзбен.
Ол руми Булинастай ойға терең,
Тылсыммен аспан сырын әйгілеген.
Білер ой – ай ұғынып,
күн зілденсе,
Түсінер жұлдызды әлем дүбір берсе,
Тіккендей киім сізге сарай соғар,
Үстінде асқақ күмбез арайланар.
Белбеудей топ-топ жұлдыз күмбезді орап,
Шұғыла көк шоғыры түзер тарап.
Нұғманның жүрегінде от лап етті,
Симнар!– сабаз есім ойды әкетті.
Румише өр сөйлейтін елші тапты,
Сол елші Румге қарай дереу шапты.
Симнарды ол сөзбен арбап алып келді,
Нұғман ойын айтып жарлық берді.
Ынтамен Симнар істі бастап кетті,
Сарайды салуға ұлға – патша-текті.
Аянбай бес жыл бойы еңбек етті,
Алтын қол жасады сол кереметті.
Тіреген мұнарасы ай,
жұлдызға,
Пайда боп ғайып сарай тұрды құзда.
Екінші қағба болып әлемге айғақ,
Өрнекті алтын сарай тұрды жайнап.
Тау арайлы қызылы таңнан нұрлы,
Күмбездің іші көктей жасыл нулы.
Тоғыз сипат айнала көгін орап,
Терістік пен түстіктің нұрына шақ.
Мың түсті бояуымен сәнді күмбез,
Аңызды Луша таң боп мүгілген кез.
Күн қызғанда күмбезі салқындады,
Күнде күндей төбесі жарқылдады.
Қаймықты үр қыздары көзін бүркеп,
Әсем үй тең келетін пейішке тек.
Тұрғандай күн от шашып,
аспан жанып,
Күмбездің іші жайнап болды жарық.
Күмбездің тас пен тасын нығыздады,
Құйылды сылағына өгіз қаны.
Күмбезге көк су оттай көрік беріп,
Үш рет күнде түсі тұрды өзгеріп.
Қалыңдықтай киінген үлде-бүлде.
Ақ жасыл алтын нұрға шомды мүлде.
Таңсәріде көрінсе көк арайлы,
Көгілдір мұнар басты бұл сарайды.
Көрінсе көкжиектен күн жарқырап,
Жайнар ол саф алтындай нұр жалтылдап.
Көлеңке ұшқан бұлттан түссе бір кез,
Құбылып ақша қардай кетер күмбез,
Көк түсті ол сағымдай боп сан құлпырды,
Кейде ақ руми,
кейде зәңгі сынды.
Үй бітті,
тіреуішін Симнар алды,
Жүрегін ғажап ісі арбай қалды.
Дуал мен күмбез жайнап түнді жойды,
Сарайдың «Хаварнак» деп атын қойды.
Симнарға шаһ сыйламақ дүниесі мол,
Мұндайдың жарымын да күтпеген ол.
Алтын мен інжуді көп түйеге артты,
Шеберге соны Нұғман сый ғып тартты.
Деп Симнар маған қызмет етсін тағы,
Үрлемесең жалынды тандырдағы.
Піспеген қуырдағың шикі жерсің,
Аз берсе үш есе артық өндірерсің.
Көргенде мол мейірді шалқып шебер,
«Тақсыр-ау,
берем десең мұндайды егер,–
Онда мен сенің мырза сыйыңа сай,
Салар ем бұдан да асқан әсем сарай!
Алқызыл, алтын арай мұнарасы,
Өшірмес түсін сансыз жыл арасы.
Салайын сондай сарай қалайсың ба?
Мынаны онда үй деп қарайсың ба?
Бұл үйде үш түс, ол жүз түсті,
Мынау тас,
ол жақұтпен жайнар күшті.
Күмбезі бұл сәулеттің қандай әсем,
Көрінер жеті жақтан аспанға тең!
Шаһ жанын осынау сөз шарпып кетті,
Албарын мейірімнің өртеп өтті.
Патша өрт, оның оты шарпымас тек,
Салғанды тұрғын үйін ордадан шет.
Патша ол – раушан тоғай, маржан төгер,
Тікенді бізбен шаншар жазсаң егер.
Шаһ досқа мол жемісті арта салар,
Артынша бұтасымен қағып алар.
Сүйенген адамдарын баптап сыйлар,–
Аяусыз тамырларын қайта жұлар.
Шаһ сонда ойға қалды «мынау шебер,
Бір шаһқа сарай салар кетсе егер».
Бұйрықты жендетіне берді Нұғман,
«Биіктен құлат мұны,
өлтір жылдам!»
Уа, тағдыр, қанішер шаһ, ардан безген!
Шеберді лақтыртты сол көк күмбезден!
Қанша жыл михнат шекті сол күмбезге.
Домалап сол күмбезден түсті лезде!
Ол отты жақты өзі, жанды соған,
Биікке әрең жетіп,
тез тайды одан.
Мың түрлі кезбен шырмап күмбез көгін,
Білмеді ол сол биікте тез өлерін.
Лашықтан биік сарай салмас еді,
Өлерін сонда бұрын білсе тегі,–
Егер сен, тақ орнатсаң байқа бірақ,
Ойран боп қалмауыңды кетсең құлап.
Бұғаудай ай мүйізін алған шырмап,
Нұғманның қаһарлы аты шықты дулап.
Сиқыршы ол деген әуен тарап жатты,
Нұғман иемденді Хаварнакты.