15.04.2022
  106


Автор: Қалижан Бекхожин

ҰШПУ КІТАПТЫҢ ЖАЗЫЛУЫ ЖАЙЫНДА


Ғиззатлу бөлеп мені шапағатқа,
Патшадан ғайып сәлем келген шақта,–
Қырандай қанаттанып сергіп кеттім,
Ұзарып қауырсыным өргіп кеттім.
Жазыпты патша хатты өз қолымен,
«Ал досым, айды туғыз түпсіз түннен,
Бүркесін түн пердесін даналығың,
Дүмшелер түсінбесін дәл анығын.
Керемет, сөзің жұртқа шалқып барсын.
Естіп көп сұңғылалар естен тансын.
Үргілеп ізгі шоғын, бұз көмбені,
Лауласын ғайып оты бүркеудегі.
Аңыздың балауызын балқыт шоқпен,
Сол үшін сыйлық кілтін рахым етем.
Сүйрелме тар зембілмен шаң түнекте
Шайырым, мінбе ақсақ сұр есекке.
Он рет түшкірсең сен таң алдында,
Жел есер хош иісімен гүл бағыңда.
 Нұр желмен өзен беті күмістенер,
Торғындап мүскүстелген гүл түстенер.
Жайнатсын елһам нұры дастаныңды,
Падишаң нәзір етер асқан сыйды.
Көп болар михнатың сенің бәлкім,
Шаһ саған қазынасынан сыйлар алтын.
Нұр жаспен жайнамаса жүзім ағаш,
Собығы күзде нәрсіз, қалар халас.
Аңқасыз басты көрген аңшы бар ма?
Арасыз бал, балауыз табылар ма?
Бұлтсыз – жауын, өзенсіз теңіз де жоқ,
Тандыр қызды, наубай тез күлшеңді соқ.
Күтеміз әдепкісін! Жұрт таңқалдыр,
Сыпыр сен түн пердесін, отты жандыр!
Сол бір сәт оқығанда ұшпу хатты,
Беймаза болдым мүлде, басым қатты.
Ақтардым баяғының кітаптарын,
Оқыдым аңыз – жырдың сынап бәрін.
Көп оқып «Шаһ-намәны» көзім талды,
Жыр еткен көне шаһ пен батырларды.
Фирдоуси – ұлы шайыр, сөзбен асқан –
Баяғы замандардан жазды дастан.
 Соққанда қазынасын ол жауһардан,
Баршаға қиыршықтап нұры жауған.
«Шаһ-нәмә» гауһарынан нәр таптым мен,
Мәнерлеп сол сынықты жайнаттым мен.
Разы боп әлем жұрты қаласын деп,
Өзгеден жырымды артық санасын деп.
Ұстазым – жаңғырттың – десе екен деп,
Қырнадым сол меруертті ескірген көп.
Кітапта ақиқатты өрнектедім,
Ертегі ескі жырды өзгертпедім.
Алайда, туындым ғой жазған өзім,
Өзгеше жайнасын деп, сөз іздедім.
Сүңгідім аңыздардың түнегіне,
Ғайбана тұңғиықтың әлеміне.
Оқыдым арабшаны. Дариды1 да,–
Үңілдім Бухари мен Табариға2.
Жырларым ағат, қате болмасын деп,
Аштым мен, кітаптардың қоймасын көп.
Пехлевой қоймасынан бума таптым,
Ізетпен әр параққа шырақ жақтым.
Көненің көп кітабын тауысқанда,
Қаламым қанат қақты алыстарға.
1 Дари – көне парсы тілі.
2 Бухари, Табари – діни кітаптар жазған шайырлар.
 
Дедім мен Сүлейменге : «Жолым қатер,–
Даналар сірә, мені, мазақ етер».
Зенд сынды жырды нұрлап от қаламмен,
Жеті ару – сәулет берген сұлу сәнмен.
Аспанның арулары қарап соған,
Жарқырап жайнай түссін жерге аңсаған!
Мәңгі олар ада болсын күндестіктен,
Жайнасын сәуле нұрмен бірдей түскен.
Жеті шарт жорамал бар ежелгіден,–
Болса екен солар аян жөнін білген!
Суретші он бейнені мейлі салсын,
Бірінде шындық сыры анықталсын.
Бейнеде болса сызық теріс кеткен,
Көруші шындық таппас сол суреттен.
Баһрамды келгендер көп теріс жырлап,
Ақиқат жеңді бірақ жаздым шындап,
Тартамын тура желі шытырманға,
Сол жіптен бұрылмайтын ешбір маңға.
Жібі сол ақиқаттың бір ғана тек,
Інжуді тізем саған, мен өрнектеп.
Шомыл сен жүз өзенге шаршасаң да
Жарық пен жаның мейір табар сонда.
 Тамшыдан нұр тағысып адам туар,
Жаңбырдан теңізге де гауһар тұнар.
Гауһардың қорығымын інжу өскен,
Дәм, су бер мерейіңмен кең үлеспен.
Ізгілік сыйым менің – сөзім ғана,
Сақисың нұрлы шаһым, ізгі дана.
Сөз – не ол? Жомарттық не? – Айтар мен бе?
Бақыт сол – паш еткенім,– мен жай пенде.
Кавас пен Шаян1 – ұқсас пенде ісіне –
Сұм Махмұд пен кемеңгер Фирдоусиге.
Асадиды2 ұнатты Әбу-Дулаф
Ақын қандай бақытты, ойлан шырақ!
Сөз тасқыны бойынша тұр дүбір сап,
Адендегі теңіздей бұлттар шырмап.
Бұлт бұзса маржандарды, бұлт өзі де,
Қатады қабыршақ боп сол теңізде.
Теңізге құйса бұлттар жауын болып,
Қалады қабыршаққа маржан толып.
Мен кіммін? Жәбірейіл берген қалам –
Жындар ғой, сыйқыр сөз деп ердің соған
1
Кавас пен Шаян – екі жұлдыз бір-біріне қас боп өткен деседі. Ақын соларға
Фирдоуси тұсындағы жауыз Махмұд сұлтанды теңеп отыр. 2
Асади – XI ғасырда жасаған парсы ақыны «Гершасп-нама» дастанын жазып
Нахичеван хакіміне сыйға тартқан, одан көп сыйлық алған.
 «Шақыр сен жын – піріңді сиқырлыққа
Наурыз ғой жаңа киім ки сыйлыққа!»
Әр сөзді жыннан құрап, жаса бұйым.
Сүлеймен түсінсін тек сырын қиын.
Сол ойда өзім бармын, мәні биік,
Сол ойсыз – елтірімін қатқан күйіп,
Жүзіктің тасы емеспін, балауызбын,
Балым жоқ ара сынды зар ауызбын.
Падишам балауызға бас мөріңді,
Рухтандыр мерейімен пәс көңілді.
Бақыт па, күткен мені мұң мазақ па?
Берілдім сен қалаған зияпатқа.
Жауһарын теріп сөздің тартам саған,
Жасымнан мен бір жанмын сөз аңсаған.
Жинаған жұпарымды ғұмырымда,
Сатпаймын, мүскүс болсын тұғырыңа.
Жүргендер жорығында сөздің қилы,
Михнатпен ерлік жасап жанын қиды.
Гауһардың бедерлейтін ұстазымын,
Інжудей жіпке тізген сөз асылы.
Ешкім жоқ мендей бұрын сөз сырлаған,
Ешкім жоқ мендей бұрын көп жырлаған.
 Уақыттан мисыз қаңқа тапқандаймын,
Миымның қаңқасы кең жатқан айдын.
Бекер жол іздесем де баяғыдан,
Бет бұрман бірақ сол бір аяулыдан.
Інжуді бедерлеуге жете ме әлім?
Ожаумен өлшейміз бе жел самалын?
Сеніп мен қуатыңды екшегем көп,
Қоймасын ойдым, бірақ өлшегем жоқ.
Аптығып аштық талай кен қоймасын,
Елһамның кілтін таппай қатты басым.
Сақилар сыйласа да жақсы көріп,
Қоймадан қайттым налып, мүскін болып.
Низами! Шапағатшың – ұшпу қалам!
Мариям1 хұрмасындай сая саған.
Мәуе бер сергек ойлы бұл жасында,
Бақыт па? Бақыт өзі тұр басыңда.
1
Мариям – дін аңызы бойынша Айса пайғамбардың анасы.





Пікір жазу