15.04.2022
  115


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Кер дөнен

Жол ұзақ, бүлкілдей бер, кер дөненім,
Жағады жорға аяңмен тербегенің.
Шабар ем сары белден сағым қуып,
Жаныма батады тек терлегенің.
Жалбаңдап жапсарында көшкен елдің
Бес жастан тайға мініп өскен едім.
Он бесте осы адырдан көкжал қуып,
Өкпесін шаңқан боздың тескен едім.
Мен енді азаматы астананың,
Әке боп бір үй ішін басқарамын.
Бірақ та туған жердің топырағында
Баяғы тайға мінген жас баламын.
Жер шалғай, жас балаға жеткізбейді,
Сиқыр шал титық құртпай өткізбейді.
Жеткенше шеткі ауылға елегзимін,
Көңілім кең жайлаудан көпті іздейді.
Адамның баласындай сағынарың –
Сенің де өз үйірің, жануарым,
Қайшылап құлағыңды кісінейсің,
Шалғайды серік болып сары уайым.
Жол ұзақ, бүлкілдей бер, кер дөненім,
Құлдилап, көп жер ұтып, дөңгеледің.
Көктемге қарсы ұшатын қарлығаштай,
Сағынған сахарама мен келемін.





Пікір жазу