15.04.2022
  119


Автор: Қалижан Бекхожин

СЫБАҒАМДЫ БҮГІНГІДЕН ІЗДЕП МЕН...


Сыбағамды бүгінгіден іздеп мен,
Өткен күннің ұтылысын ұмыттым.
Талай ертең өтті солай тізбекпен
Ертіп мені шылауына үміттің.
Табындым да үмітіме ізетпен,
Сәтсіздіктің сарабында шынықтым.
Сақшыдай бір шыққан түнгі күзеттен,
Күлімдедім, көк жиектен шығып күн.
Маған бірдей көрінді де күз, көктем,
Жұттым лебін ыстық пенен суықтың.
Енді бүгін есімді сол іздеткен,
Үмітімнен озуға да жуықпын.
Жоқ, үміттен арылмаспын өлгенше,
Үміт – жұлдыз, көз шырағың сөнгенше.





Пікір жазу