15.04.2022
  173


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖІГІТ БОЛСАҢ...

Алатаудың шың басына шықпасаң,
Жігітпісің қыз қасында
Қыздың сырын ұқпасаң,
Қасқимасаң
Құйындарда асқарда,
Жігітпісің
Биік үйдің бауырын тек ықтасаң.
Тау басында
Бұраңдаған шынардай,
Қалқашыңды
Сеңгірге бір шығармай, –
Жігітім-ау, жүрсің неге көшеде,
Сол шынардың саясынан сыр алмай?
Құзда тұрып,
Айналаңа қарашы!
Көк айдындай көк пен жердің арасы.
Жасыл желең жамылғандай көлбеңдеп,
 Көрінеді Алматының қаласы.
Шатқалдарда қыз бейнелі шыршалар,
Көлеңкеле – сәулең бетін күн шалар.
Тыңда, – сылқым тас бұлақтың сыңсуын,
Жүрегіңе жұмбақ үні ой салар.
Боздақ інім, өрле биік асуға,
Әлем қызық асқар таудың басында.
Бақыттысың
жас шынардай желеңдеп,
Қолын артып қалқаң тұрса қасында...





Пікір жазу