15.04.2022
  210


Автор: Қалижан Бекхожин

КҮРСІНЕСІҢ СЕН НЕГЕ?

Күрсінесің сен неге,
Бурыл басты досым-ау,
Шер бітті ме кеудеңе,
Шалқар жаста осынау?
Тірлік тауын қиялап,
Басып өттің алпысты.
Басыңа бақ ұялап,
Алдың талай алғысты.
Әкім болдың әйгілі,
Кеуделедің асқарға.
Білдің бе сен қайғыны,
Бұрын алшаң басқанда.
Бойын мұзға шалдырған,
Мендей безгек емессің.
Жұлдыз жайнап алдыңнан,
Жел тигізбей сен өстің.
Ұрпағың бар, жарың бар,
Сырқат емес, сау денең.
Шағың ғой бұл дамылдар,
Безетін бос әуреден.
Күрсінесің неге сен,
Бар ма әлі арманың?
Ажал бар деп елесең
Тез құшарсың қармағын.
 Әлде қызмет төрі ме,
Кетпей жүрген түсіңнен?
Әкімдердің көбіне
Сол бір дерт қой, түсінем...
Босап қалса сондайлар,
Әкімдікке табынған.
Қасіретпен соны ойлар,
Айрылғандай тағынан.
Сұсты жүзі өзгерген
Сары аурудан азғандай.
Төрелікті әзелден
Маңдайына жазғандай.
Достарынан сыйласқан,
Бойын аулақ ұстайды.
Кеудесін бір кір басқан
Кінәліге ұқсайды.
Ешбір жанға тіл қатпай,
Шырмалады зар-мұңға,
Өз өмірін ұзартпай,
Шалдығады ауруға.
Сондайларды көрем де,
Аяймын да қысылам.
Аяп сәлем берем де,
Әрең өтем тұсынан.
Апыр-ау, сонша күйреуге,
Айтыңдаршы, жөн бар ма?
Қынжыламын, құр кеуде,
Шенқұмар сол жандарға.
 Әкім қойса тартынба,
Ел біледі бағаңды.
Сөз ермесін артыңда,
Сыйла жұртты, адамды...
Маған тағдыр әуелден, –
Әкімдікті қимады.
Кем етпеуге беделден,
Ақындықты сыйлады.
Күрсінесің сен неге,
Айтшы досым, қайғырып?
Шер бітті ме кеудеңе
Әкімдіктен айрылып?
Көтер досым, еңсеңді
Күйретеді ауыр ой.
Күнді көрсең ертеңгі,
Саған бақыт, абырой...





Пікір жазу