15.04.2022
  153


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖІГЕРІМДІ ЖҰМСАДЫМ

Жігерімді жұмсадым,
Қиясы көп жыр үшін.
Қияда көп сусадым,
Сонда да кең тынысым.
Жүрегімді жұмсадым,
Махаббат пен жар үшін.
Өзіме ыстық сол шағым,
Өзімнің пәк ар ісім.
Жүрегімді жұмсадым,
Кешіп солдат сапарын.
Жырымда бар сол сарын,
Жырымда бар қатал үн.
Жігерімнің шығынын,
Ақ шашымнан есепте.
Жүрегімнің сыбырын,
Жорыма тек өсекке.
Шығындалған жігерім,
Жасыма да тең шығар.
 Жасыды ма жүрегім?
Жоқ, өмірде еншім бар.
Жігерім босқа жел-сынды,
Жұмсалды деп өкінбен.
Өмір, қалған еншімді,
Еркін бер деп өтінем...





Пікір жазу