15.04.2022
  143


Автор: Қалижан Бекхожин

МАХАББАТҚА

Махаббатқа ғазиз басын имеген
Бұл дүниеде, айтшы қандай ұлы бар?
Албырт шақта қызғанышпен сүймеген,
Қартаймай-ақ махаббаттан суынар.
Махаббатқа іңкәр жас та, үлкен де,
Бәрінің де жүрегінде бір наз бар.
Сүймеген жан тіршіліктен тұл пенде,
Шын жар үшін жанын қиған сабаздар.
Ізгі ләззат – сатып алар бал емес,
Жүрек тозар көрсе қызар көңілден.
Сағым-сынды сұлусынған көп елес,
Алтын болмас ылғи қызыл көрінген.
Өмір өзі махаббат қой, сүйе біл,
Қартайғанда от сөнбесін кеудеңде.
Ойла бірақ, екі келмес сый-өмір, –
Екі жар жоқ, екі жаққа сенделме.





Пікір жазу