ТЕРМЕ
Арғымақтың ізімен
Кейде есек жортады.
Дүние толқын тізілген.
Ырыстың көп ортағы.
Толқын атқан жақұтты
Табар кейде тоғышар.
Кейбір сырдаң бақытты,
Бейнетсіз-ақ толысар.
Гауһар іздеп тереңнен
Кейбір сабаз тас алар.
Кейбір жылпос өлермен
Қашқан бақты бас салар.
Мақтауды көп тілеген
Өз мінінен қаймығар,
Досын ылғи мінеген
Достықтан тез айрылар.
Сырлас болса суайт жан,
Сырыңда не баға бар?
Күншіл досқа сыр айтсаң,
Аяғансып, табалар.
Бір сүрінген адамға
Сынаушылар батыл-ақ,
Жомартсынсаң сараңға,
Санар сені ақымақ.
Дос табылмас сыйыңа,
Шын сырыңды ұқпаса.
Беделдіге сыйынба,
Өз талайың ұтпаса.
Шықсаң да бір құз тауға,
Суық болса не пайда?
Мансап төрің құлауға
Жуық болса не пайда?
Сенесің бе өзгеге,
Өзіңе-өзің сенбесең.
Жеңіл бақты көздеме,
Қиындыққа көнбесең.
Ақынға не әулие –
Турашылдық, бір шындық.
Ақынға қас дүние –
Менменшілдік, күншілдік.
***
Егер шықсаң асқарға,
Төменге бір қарап ал.
Құлағанда саспауға
Соның болар бір амал.
***
Шөлдедім деп шарқ ұрып,
Батпас болар тереңге,
Ақынмын деп аптығып,
Айтпас болар кереңге.
***
Шолақ өзен тасығанмен,
Биік қырды басар ма?
Тоғышар көп ашынғанмен,
Дарындыдан асар ма?
***
Өз қанатың болса қысқа,
Ентелеме аспанға.
Шыңда, түссең арпалысқа,
Шегінуден жасқанба.
***
Дос дегендер жасыңда көп болады.
Үлкейген соң көбі тез жоқ болады.
Егер өлсең, тірлікте күндегендер
Қабырыңның басында топталады.
***
Жас кезінде тірліктің бәрі қызық,
Қартайған соң, аяғы – быжық- тыжық.
***
Елітіп жұтқан арақтан
Шөлдеп ішкен су артық.
Баяны жоқ атақтан
Бір күні көрген сый артық.
Алыстағы күмбезден
Өзің тұрған үй артық.
Жиындағы көп сөзден
Жазған жалғыз жыр артық.
Жеген еттен түйіле
Бөтен үйде бой тартып
Қандай рақат үйіңде
Ішкен шайың құмартып...