15.04.2022
  189


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨЛКЕМЕ БАРДЫМ СОНЫРҚАП

Өлкеме бардым сонырқап,
Өрінен жыр таңдадым.
Теңіздей дала толқындап,
Өріске жайған тың дәнін.
Тауыма бардым таңырқап,
Ұқтым сырын тасынан.
Қуатын қырға тау шырқап,
Шамшырақ атқан асылдан.
Асып талай қырқадан,
Асыға кездім ой-шыңын.
Шаттық өлең шырқаған
Естідім даусын қойшының.
Сол бір қырды тұл жатқан
Көргенмін жылда сонау бір.
Қонып қала, гүл атқан,
Құлпырыпты сол адыр.
Менің туған өлкемнен
Жаңғырығып үн шыққан.
Қонысқа тың, үлкен, кең
Қонуға тез ынтыққан.
Ғажайып үні ғасырдың
Көктей өтті тың үстін.
Сол дауысқа қосылдым
Дабылымен туыстың.
 Шаттан, далам, ән шырқап
Жарқыраған жол үшін.
Күтіп тұр алда болашақ,
Коммунизм – қонысың.





Пікір жазу