МЕНІҢ ҚАЛАМ
Керекуім, сенің ақын ұлыңмын,
Бесігісің, сен балалық жырымның.
Жат қаланың жалтыр гауһар тасынан,
Артық көрем қиыршығын құмыңның.
Шет елдегі зор қаланың ығында,
Қарай жүрдім аңсап саған бұрыла,
Жүрегімді жалындатып тарттың сен,
Бір от бардай сенің ыстық құмыңда.
Зор да емессің асқан биік үйлермен,
Көшеңде жоқ тым сұлулық түрленген,
Бірақ менің ата-анамдай көзге ыстық,
Сенің қоңыр үйлеріңді сүйем мен.
Сенсің, менің тербетілген бесігім,
Сенсің, ашқан маған бақыт есігін.
Мені әлдилеп толқынымен Ертістің,
Өзің қалам, өр кеуде ғып өсірдің.
Еске түсті сол балалық кездерім,
Құйындатып құм көшеңді кезгенім.
Көріп тұрмын сенің әрбір көшеңде,
Жатыр менің асыр салған іздерім.
Мен білемін әр үйіңнің сырларын
Кімнің өсіп, кімнің сонда туғанын.
Сол үйлерде өскен асыл достарым,
Бүгін сенің арқа тұтқан ұлдарың.
Ұлы емессің, бақыттысың сен, қалам,
Кең көшеңде жайдары жүз жүр адам.
Бәрі менің я туысым, танысым,
Көріп соны жас баладай қуанам.
Құшақтайын бауырымдай мен бәрін,
Сүйейін бір, балқып менің тұр жаным.
Ақын болды сенің балаң, сен де сүй,
Саған шашу – сағынышты жырларым.
Керекуім өр ұлыңмын сүйген мен,
Көркейші сен, жаңа биік үйлермен.
Мен жырлайын сенің көшең көгеріп,
Тұрсын жайнап ағаштармен гүлденген.
Ақ күмістей тас көшеңде жүрсем мен
Ақса бұлақ сенің гүлді көшеңнен;
Тағы жырлап, сұлу қалам, сонда мен
Көтеремін атағымды ел сенген!