15.04.2022
  165


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨСЕ БЕРСІН

Ақ қыраулы шашымды сілкіп тастап,
Бақ ішінде толғанып жүрдім асқақ.
Бабалардай ой басқан ертедегі,
Басы қарлы теректер теңселеді.
Теңселеді тіл қатпай құрдастарым,
Мен де оларға ағытып сыр ашпадым.
Түсінеміз уақыттың тұңғиығын,
Жадыраймыз түсірсе күн қиығын.
Сезінеді теректер – ертең көктем,
Оралмайды борандар бұрқап өткен.
Ертең шешек атады атырабы,
Жайқалады толқындай жапырағы!
Бұтағына сыңсыған құс қонады,
Тәж кигендей қарт терек сұстанады.
Мен де сезіп келемін көктем иісін,
Көктің нұры жеріме көп төгілсін, –
Деп қараймын аспанға, орманыма,
Бәйшешектер шоқтайды гүл бағында.
Бұлбұл сайрап гулейді көбелектер,
Мәуелер мен бөбектер бірге көктер.
 Ақша гүлдей желкілдеп аппақ шашым,
Сәбилердің көремін гүл бақшасын.
Бөбектердің естіп мәз үндерін,
Сезінемін өмірдің жазғы лебін.
Сәби күлсе – ериді ата пейілім,
Бабай Түкті әзіздей батагөймін.
Адамзаттың көктемі, миуалары, –
Бөбектердің жайнасын гүл алаңы.
Өлеңімде сәби мен гүл мақталсын,
Нәрестелер гүлдермен құндақталсын.
Сәбиге әлем – бесік боп тынышталған,
Шошымасын үрейлі дыбыстардан.
Жер бетінде сәбиге ая таңда,
Күліп тұрсын бөбектер оятқанда.
Гулей берсін өмірге сый, жас үндер,
Өсе берсін бағында МИРАСГҮЛДЕР.





Пікір жазу