15.04.2022
  115


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Әріп теруші қызға

Бөбек болып асылар ем мойныңа
Күле келсе осынау тұңғыш кітабым.
Қуанышым сыймас, сірә қойныма,
Десем дағы қанша сабыр тұтамын.
Өзің туған ел-жұртыңа саналы,
Сен тоқыған қанша кітап тарады!
Өміріңнің шежіресі емес пе,
Жұрт ақтарған соның әрбір парағы,
Он саусағың қара майға малынып,
Қорғасынға қалағанда жырымды;
Жылы ұшырар шырайлы сөз табылып,
Сырласындай болып кетсе бұрынғы...
Дүниеге жаңа келген сәбиге
Көз салғанша әркім құштар, әрине.
Алғашқы арман ыстық екен адамға,
Енді өзің біл, қамын, қалқам, амалда!
Өзің туған ел-жұртыңа саналы,
Сен тоқыған қанша кітап тарады!
Талабынан өмірі қысқа адамның
Сырғып сағат, уақыт өтіп барады.
Бөбек болып асылар ем мойныңа,
Күле келсе осынау тұңғыш кітабым.
Қуанышым сыймас, сірә қойныма,
Десем дағы қанша сабыр тұтамын.
Жас баладай алған тұңғыш әліппе,
Шаттанармын, шіркін жүрек жарылмас!
Байғазың бар сенің әрбір әріпте,
Өле-өлгенше ұмытпаспын қарындас!





Пікір жазу