Оқушының жетістігі — мұғалімнің жетістігі.
«Оқушының жетістігі — мұғалімнің жетістігі, ал мұғалімнің жетістігі жаңа әдіс — тәсілдерді тиімді қолдануында».
«Ұстаздық — ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу — үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін. Мұғалім — мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Қазағымның, елім мен жерімнің және ана тілімнің мерейін өсіретін ұстаздық ұлағатты істе адал болу — абыройлы іс.
Бастауыш сынып мұғалімі болу мен үшін үлкен мақтан әрі бақыт. Осы бастауышта мұғалім болып істеп келе жатқаныма 8 жыл болды. Шәкірттеріңді көргенде өз еңбегіңе деген ризашылық пен ерекше қанағат сезімді байқайсың. Одан әрі құштарлана, ынталана аса бір махаббатпен алға ұмтыласың. Басқаға керек болу үшін жаралудың өзінде үлкен мән мен мағына жатқанын айқын аңғарасың. Жаңа бір үміт, мақсат пен міндетті жалау етіп, тағы да соны бағындырғың келіп тұрады. Өзіңнің тірнектеп жинаған тәжірибеңді, үйрете жүріп үйренген тағылым — пәрменіңді, білім — білігіңді үлкен істермен ұштастырғың келіп кетеді. Өзіңе деген ынта — ықылас, сенім артып, жауапкершілікпен іс тапсырса асқан құлшыныспен еңбегіңді еселей түсуге ұмтыласың. Адам баласының өзінің ұзақ тарихында жасаған рухани, мәдени қазынасы, қымбатқа түскен, тәжірибесі соның ішінде көргенділік деп аталатын адамгершілік тәлімгерлік тағылымдары ұрпақтан — ұрпаққа осы ұстаздық үрдіс арқылы беріліп, жалғасын табады. Қазіргі оқыту үйретудің мазмұны да, сипаты да соған, орай амал — тәсілдері де күрделене түсті. Жаңа XXI ғасырға сай өзгеше қабілет — қасиетке ие ұрпақ қалыптасып келеді. Осыған орай ұстаздықтың мәні жаңа сипаттарға ие болуда. Демек, ұстаздың білім мен өнердің жеке қиын саласына үйретуге өте мұқият бағыт ұстауы, білім — біліктің тармақтылығын жете үйретуді талап етуде. Осындай күрделі де қиын жауапкершілікті арқалаған мұғалім, біздер, өз пәніне қатысты үнемі білімін жетілдірумен, сабақ өткізу шеберлігін таңдаумен бірге педагогикалық — психологиялық өрісін өсіріп отыруға міндетті деп білемін. Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, жаңашыл ұстаз болмысын сомдар болсам, біріншіден, мұғалім — үздіксіз ізденуші. Кез — келген тосын сұраққа жауап беріп, кез — келген жағдаяттан шыға алатын білімдар жан. Ізденіс мен үшін әрқашан теориялық білімді кеңейтіп, методикалық әдіснамамды арттырудың тиімді жолы болмақ. Сол арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім алуы қажеттілігін жадынан шығармай кәсіби мәдениеті жоғары, білікті маман атану. Ұстаздық тағы бір ерекше қасиеттерінің бірі — жетелеуші, алға ұмтылдырушы үлгермеушілерді жақсы оқушылар санатына қосу жолында еңбектенсе, қиын оқушыларды тәрбиелі оқушылар қатарына қосу мақсатында, дарынды оқушыларды биіктен көрсету жолында аянбай тер төгу керек.
№57 жалпы орта білім беретін мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі : Дилдабекова Гульмира Сисенова